Алматы облысының Іле ауданында сайлау науқаны аясында барлық азаматтардың конституциялық құқықтарын толыққанды жүзеге асыруына ерекше көңіл бөлінуде. Денсаулық жағдайына, егде жасына немесе мүгедектігіне байланысты сайлау учаскесіне өздігінен келе алмайтын тұрғындар үшін ауданның барлық елді мекендерінде тұрғылықты мекенжайы бойынша көшпелі дауыс беру жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Аудан халқының қатарында ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан зейнеткерлер, еңбек ардагерлері және ерекше күтімді қажет ететін азаматтар аз емес. Олардың ешқайсысының назардан тыс қалмауы үшін учаскелік сайлау комиссиялары алдын ала түскен өтініштер негізінде арнайы кесте бойынша үй-үйді аралап, дауыс беру мүмкіндігін қамтамасыз етуде.
Көшпелі дауыс беру үдерісі заңнама талаптарына қатаң сәйкес жүргізілуде. Учаскелік комиссия мүшелері мен байқаушылар арнайы мөрленген тасымалданатын жәшіктермен азаматтардың үйлеріне барып, дауыс беру құпиялылығы мен ашықтығын толық сақтай отырып қызмет көрсетуде.
Тұрғындар өз кезегінде көрсетілген құрмет пен қамқорлыққа ризашылықтарын білдіріп, ел тағдырына қатысты маңызды сәтте өз таңдауларын жасауға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғыс айтуда.
Сонымен қатар, сайлау учаскелерінің өзінде де ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастырылған: пандустар, арнайы жабдықталған дауыс беру кабиналары және еріктілердің көмегі қарастырылған. Бұл шаралардың барлығы Іле ауданында сайлаудың әділ, қолжетімді және жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтуіне негіз болып отыр.
Іле ауданы

