Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Шекара қырандарын баулыған

Шекара қырандарын баулыған

141 қаралым

Біз осынау әскери қызметшіні бұрыннан білетінбіз. Дәлірегі, 2018 жылдан бері. Бұл кезде ол қазіргі Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының «Сұңқар» шекара бөлімшесінде қызмет атқаратын. Ал барлығы қалай басталып еді?..
Мен өзімнің енді ғана жазып бітірген «Шекара соқпақтары» атты шекарашылардың ел шебіндегі жауынгерлік даңқ жолдары туралы кітабымның мұқабасына оқырман назарын бірден тартатын сурет қою қажет болды. Айту керек, бұған аса қинала қойған жоқпын. Өйткені, редакцияның майталман фототілшілерінің шекарадан алып келген суреттері жетіп артылатын. Міне осы суреттердің ішінен аға лейтенант Ахат Нұрланұлының бір суреті әп-дегеннен өзіне магнитше тартып еді. Бұл – бақылау-із кесу жолағының бойында өзінің шекарашы итімен келе жатқан кинолог еді… Сол сәт шекарашы мен оның төрт аяқты сенімді досын суретке қалай түсірудің кілтін қапысыз тапқан фототілшінің шеберлігіне тәнті болмау мүмкін емес еді. Шекарашы мен қызмет итінің қозғалысы да қызығарлық…
Көп ұзамай кітап жарық көріп, оқырмандарға жол тартқан. Біз бірден ұнатқан суретпен. Ал сондағы шекарашының өзімен араға бірнеше жыл салып, Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының оқу базасында кездестік. Білесіз бе, суреттегі шекарашыны бірден таныдық. Сосын өзімен таныса салып, бірден шүйіркелесіп кете барғанымызды несін жасырайық…
Бұл – кіші сержант Айбек Баженов еді. Өзі дүние есігін осы өңірде, шекаралық аймақ саналатын Ұйғыр ауданының Сүмбе ауылында ашыпты. Осындайда мен «Тау баласы тауға қарап өседі» деп қапысыз айтылған тамаша нақылды қайталай беруден шаршамаймын… Енді қалай деп едіңіз, тау баласы тек қана тауға қарап, соның биіктігіне қарап бой түземей ме?.. Айбек те солардың бірінен болатын.
Осылайша, 2011 жылдың қарашасында шекарашылар қатарына қабылданған ол өзінің алғашқы қызметін «Сұңқар» шекара бөлімшесінде бастаған болатын. Осында жүріп, ел шебіндегі мінсіз қызметі үшін иығына әскери шен таққан ол қазақ-қытай шекарасын заңсыз бұзып өтпекші болған көрші аспанасты елінің азаматын ұстады.
Ал бұл оқиға таң алдында болып еді. Шекара бойында қызмет атқарып жатқан шекара наряды алыстан қарайып көрінген бір нүктені көреді. Өзі бұқпантайлап жүргенінен тоқтаған көп еді. Сол жаққа дүрбі салған шекарашы мұның шекара бұзушы екенін түсіне қойған. Түсіне қойған да бірден шекара бөлімшесінің кезекшісімен байланысқа шығып, өздері байқаған белгісіз адам туралы баяндаған. Әрі қарай, «Дабыл» тобы да көп күттірмеген… Қырағы шекарашылар қателеспеген еді, бұл – Қытай елінің азаматы болып шықты.
…Бүгінде Айбек шекара басқармасының оқу базасындағы 1-ші оқу бөлімшесінің 1-ші топ нұсқаушысы болып қызмет атқарады. «Мықты командир сарбазын зор етеді» демекші, ол бүгінге дейін қаншама жас сарбаздың шекарашылық шеберлігін шыңдап шығарды десеңізші! Олардың алды өздерінің ел шебіндегі азаматтық борыштарын абыроймен атқарып, туған үйлеріне оралды. Ал мерзімді қызметтен кейін шекарашылар сапында қалғандары қаншама… Осының барлығы менің шекарашылар туралы кітабымның мұқабасында жарқырап тұрған шекарашының ерен еңбегінің өтеуі болатын.
… Жақында ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына тағы да жолымыз түсті. Журналистік іссапармен келуіміздің басты себебі – мұнда «Күз-2026» шақырылымы сарбаздарының әскери ант қабылдау рәсімі өтеді.
Міне, салтанатты шараның үстінде бізбен емен-жарқын амандасқан Айбек:
– Тілші ханым, қош келдіңіз біздің басқармаға! Көрдіңіз бе, біздің сарбаздарды! Нағыз қырандар! – деп, жас сарбаздарға деген мақтанышын жасыра алмады.
Иә, кіші командир қалтқысыз айтып тұр еді. Біздің қарсы алдымызда ауыр сыннан өтіп, нағыз шекарашыға айналған сарбаздар тұр еді. Олардың жүздерінен шаршағандық емес, шыдамдылық пен табандылық байқалатын. Бәрінен де олардың бойларында патриоттық рух бар.
Осыдан кейін менің «Шекара соқпақтары» кітабымның мұқабасында жарқырап тұрған шекарашыны неге мақтан етпеске?! Тағы жолымыздың болғаны, риясыз өткен осы кездесуде шекарашы бізге өзінің аяулы жары Шынар және енді бүршік атып келе жатқан сүйкімді қызы Айлунамен ықыластана таныстырған. Бұл да біз үшін керемет ұмытылмас көрініс болатын… Өйткені, біздің қарсы алдымызда бақытты отбасы тұр еді.


Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы

↑