Перейти к содержимому

Тарихты білу – өзіңді тану

202 қаралым

Жамбыл аудандық кітап­ханасы өлкетану бағытын жаңа белеске көтеретін «Зерделі ұлт – туған жер тарихымен» жобасын қолға алды. Бұл жоба туған өлкенің бай шежіресін жаңғыртып, бабалар мұрасын оқырман жүрегіне жақындататын ерекше танымдық бастама болмақ.

Жамбыл аудандық кітап­ханасы­ның директоры Аяужан Сәдуақасова­ның айтуынша, жоба аясында бірқатар іс-шара жоспарланып отыр. Атап айтқанда, «Тарихи іздер» атты өлкетану бұрышы ашылады. Онда өңірдің өткенінен сыр шертетін сирек қорлар және тарихи деректермен танысуға болады. Сонымен қатар «Өлкетану дәрістері» атты шара ұйымдастырылып, тарихшылармен, өлкетанушы қаламгерлермен танымдық кездесулер, еркін сұхбат өткізіледі. Сондай-ақ ауданның киелі мекендері мен тарихи ескерткіштеріне саяхат жас­алып, туған жерді тереңірек тануға мүмкіндік беріледі.
​Кітапханада интерактивті танымдық сағаттар өткізіліп, жастарға, мектеп оқушылары мен барша оқырманға арналған викториналық сұрақ-жауап ойындары ұйымдастырылады.
«Өз өлкесінің өткенін білген ұрпақ болашағына сеніммен қарайды. Осыған байланысты оқырманды туған жер тарихын бірге зерделеуге шақырамын», – дейді Жамбыл аудандық кітапханасының директоры Аяужан Сәдуақасова.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

↑