Перейти к содержимому

Тазалық – өмір салты

101 қаралым

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында Талғар ауданында ауқымды сенбілік өтті. Тазалық шарасына оқушы жастар, қала және аудан колледждерінің студенттері, мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер, жалпы 200-ден аса адам қатысты. Олар қала көшелерінде, сондай-ақ Талғар және Қотырбұлақ өзендерінің жағалауында жұмыла еңбек етті.

– Біз, табиғаты тамаша Талғар ауданының тұрғындары, бүгін өңірімізді таза әрі көрікті ету үшін сенбілікке шықтық. «Таза Қазақстан» – бұл жай ғана қоқыс жинау емес, бұл – маңызды экологиялық бағдарлама. Мұндай шаралар қоғам мүшелерін айналаны таза ұстауға шақырып, экологиялық мәдениетті қалыптастырады, патриоттық рухты тәрбиелейді, – дейді қатысушылар.
Олардың пайымдауынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы қоршаған ортаға адамгершілік қатынаспен ұқыпты қарауды қалыптастыруға және болашақ ұрпақ үшін табиғатты сақтауға бағытталған. Сондықтан әрбір қатысушыға белсенді ұстанымы, табиғатты сақтауға қосқан үлесі және еліміздің болашағына шынайы қамқорлығы үшін алғыс айтуға болады. Өйткені қоғамдық өмірде қоршаған ортаға деген азаматтық жауапкершілік және шынайы сүйіспеншілікпен жасалатын ең қарапайым іс-әрекеттер үлкен өзгерістердің басталуына себепші болады.
Осындай оймен қолдарына тырма, күрек, қоқыс салатын қапшықтар ұстаған көпшілік Үлкен Алматы арнасының бойымен өтетін автокөлік жолының да екі жағын қоқыстан тазалап, қураған ағаш бұтақтарын кесті, жас талдарға күтім жасады. Қоғамдық шара тек қоқыс жинаумен шектелмей, сенбілікке қатысушылар айналаны көгалдандыруға да баса назар аударды. Жаңа көшеттер отырғызып, ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосты.
«Таза Қазақстан» эколо­гиялық бағдарламасы – бұл бір реттік шара емес, ол елдімекендерді, айналамызды абаттандыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі ғана. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сенбіліктер алдағы кезде тұрақты өткізілетін болады. Ал бастама таза және жайлы ортада өмір сүргісі келетін жандарды мейлінше көбірек біріктіре отырып, қарқынды дами түседі.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы

↑