Алдыңғы толқын ағаларындай алғашқы қадамын әдемі сезім жырларынан бастап, ерте танылған ақындардың бірі Болат Үсенбаев еді. Ол бір өлеңінде: «Мекені Райымбектің кешегі өткен, Жеті емес, жетпіс атам мекен еткен, Даласы өзендерден сырмақ сырып, Жайнатқан қырын жасыл текеметпен», – дейді де, алдындағы ұлыларға тағзым етіп: «Тауының өзге таудан иығы асқан, Көлінде сайран құрды күліп аспан. Жетісудың ғажайып суреттерін, Асырып айту қайда Ілиястан», – деп толайды. Ары қарай: «Тұрады Хан Тәңірі айбаттанып, Төсінде тоқсан бұлақ ойнақ салып. Жетісудың ұлымын десем болды, Кетемін арқаланып, әруақтанып!» – деп түйін жасайды.
Болат қарғадайынан танылды. Жақсы ағаларының шарапатына да бөленді. Әсіресе: «Тұмағам, қайран Тұмағам, Қазақтың Тұманбайы едің», – деп өзі ардақ тұтқан Тұманбай Молдағалиев ерекше бағалайтын, «Мұқағалидың інісісің!» деп әспеттейтін. Қазақ журналистикасының семсері Сейдахмет Бердіқұлов та ерекше қамқорлық танытқанына куәміз. Шерағаң да (Мұртаза) қанатының астына алып жүретін.
Сол Болат қазіргі Әл-Фараби университетін, одан кейін Мәскеу мемлекеттік университетін бітірді. Алған бәйгелері, сыйланған сыйлықтары да аз емес. «Жеңеше», «Жүзік», «Таңғы шық», «Киікоты», «Күрең күз», тағы басқа жыр жинақтарын оқырмандарына ұсынды. Енді, міне, ағалар үлгісімен біраз жылдан бері балаларға арнап қалам тартып келе жатыр. Соны нәтижесі деп «Тәуелсіздік деген не?» деп аталатын өлеңдер мен ертегілер жинағын айтар едік.
Бір атап өтерлігі, бұл кітап тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары балалар ақындары арасынан алғаш рет Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр. Мұндай марапат бұрын Кеңес заманында Мұзафар Әлімбаевқа ғана тигені мәлім. Енді тәуелсіздік заманында сол тәуелсіздік арқау болып отырған кітапқа ақ жол тілей отырып, өз байламымызды талқыға салсақ дейміз.
Көркем безендіріліп, әр бөлімге ұлттық бояу мен суреттер салынған жинақ алты бөлімнен тұрады. «Тәуелсіздік шуағы» атты алғашқы бөлімде бодандықтың құрсауынан бостандықтың биігіне көтерілген Қазақ елінің бүкіл ұлттық болмысын менмұндалап тұрған тақырыптардан айқын аңғарасың. «Елім бар бүгін жаңғырған, Бақытым – Атамекенім, Тұлпарлар тұяқ шалдырған, Сұңқарлар қанат талдырған», – деп Қазақ елінің айбынын көрсетеді де, ұлттық рәміздерді бала ұғымына сай ұтымды ойлы өлең жолдарына түсіреді. Мысалы, «Менің Туым» атты өлеңінде:
«Желбіресе Көк Туым,
Көтерілер шоқтығым.
Қазақты әлем таныды
Егемен ел боп бүгін.
Ұланымын халқымның,
Ұлы істерге талпындым.
Тыныштықтың деміндей
Туымдағы алтын күн», – деген жолдардан ел Туының төрткүл дүниеге танытқан мәртебесін бала аузынан осылай сыр шерттіреді. Шынында, Туымыз әлем елдерінде желбіреп тұрғанда рухың көтеріледі. Әсіресе, спорттан жұлдызы жанған азаматтарымыз Көк Туды көтеріп шыққанда жүрегі туламайтын қазақ жоқ шығар. Сол секілді:
«Қай қиырға барсам да,
Қай мекенде болсам да.
Қазақ деген ел барын,
Айғақтайды Елтаңба.
Шаңырағым – нұр шуақ,
Айбар беріп тұр пырақ.
Тәуелсіз ел тынысы –
Бірлік, достық, ынтымақ», – деп Елтаңба туралы ой толғаса, Әнұранымыз жайлы:
«Намысымды қайраған,
Бұлқынады бойда қан.
Әнұранды шырқасам –
Отан жайлы ойланам», – дейді. Міне, осы өлеңдер арқылы рухымызды оятып, көз нұрымызды қандырған Елтаңба мен Әнұран келбеті мен әуені көңілге нәр, жаныңа нұр себеді.
Қазағымның басты байлығы, елдігіміздің мықты тірегі Жер-анамыз жайлы да ақын бала тілімен ой тербегенде еріксіз сүйсінтеді. Сөзіміз жалаң болмас үшін мысалға жүгінелік: «Дана кеуде даламызға, Бекер ғашық боламыз ба? Қызыр баба ізі жатыр, Әр тасында, әр аңызда», – деп бір толғап тастайды да, қасиетті ана тілімізді әспеттеп жырлағанда:
«Тілін білмес түлейлерден сескендім,
Шылауында жүрмін бе әлі Мәскеудің?
Зауал шығар өз тіліңе зәрулік,
Қор болдың-ау, қайран тілім – қастерлім!
Туған тілдің қадірін біл, қазағым,
Жоғалса тіл жоғалады ұлттығың!
Қаны қазақ барда арлы қыз, айбатты ұл,
Өзге тілге бодан болма, қайрат қыл.
Жерің менен еліңді әлем таныды,
Енді тілің бар екенін айғақ қыл!» – деген тұстағы ақын үні жас ұрпақтың жан дүниесін қалай тебірентпесін?
Сөйтеді де, тіл тағдырын намысқа ұластырып:
«Туын көтер жұртыңнын,
Көзіңді тік алысқа.
Қыран құсап сілкінген,
Мәселе – ұлттық намыста!» – деп жігерлендіреді.
Бұған қоса кітап атымен аталатын өлеңде тәуелсіздіктің көктен түспегенін, оның тағылымды жолдарын айта келіп, «Бұзылмауы дініңнің, Тұтастығы халқыңның. Мерейі өсіп тіліңнің, Сақталуы салтыңның» деп келеді де: «Қазақстан – киелім, Қияға ұшар қыранмын. Еркіндікті сүйемін, Мен тәуелсіз ұланмын», – деп толғайды. Ұл мен қыздың болашақта ғарыш әлемін игеруге талпыну жолындағы мақсатын былайша баяндайды:
«Арман қуған баламын,
Таудай асқақ талабым.
Тоқтар, Талғат ағаның
Ізбасары боламын», – деп болашақ мамандықты таңдау жолын да алға тартады. Жинақта Отан-ана туралы өлеңдер де мол. Мысалы, бір өлеңінде «Нұрлы айың да қымбат маған, Қурайың да қымбат маған. Ардағымсың, туған Отан, Жүрегіме құндақтаған», – десе, екінші бір өлеңінде: «Жігері бойда тасыған, Қорғаның бізбіз – жас ұлан. Отаным, сүйдім өзіңді, Өзіңе ғана бас ұрам!» – дейді.
Біраз өлеңінде, әр адамның тек-тамыры болатынын, ол сонау бабалар дәстүрімен жалғасып келе жатқанын тілге тиек етіп: «Бабаларым бұрынғы, Әспеттеген ырымды. Жақсы, жаман қылықтың, Мәнісіне үңілген. Биік қойса дәстүрді, Онда терең жатты үлгі. Қазынаның кілті деп, Тілді бізге тапсырды», – деген жолдардан алар тәрбие аз болмаса керек. Кітаптың екінші бөлімі «Құрмет жырлары» деп аталады. Онда қазақтың ұлыларын, дара-даналарын, батырларын, өлең жолдарына түсіріп, «Болмасаң да ұқсап бақ» (Абай) деген дана ақын туралы:
«Жырына жаным жылынып,
Өмірді келем ұғынып.
Алланың сыйы Алашқа,
Абайға біткен ұлылық.
Санамды ойға бөктірдім
Ескерткішіне кеп тұрмын.
Абайды сүю арқылы
Ұлтымды сүйдім деп білдім», – десе Махамбеттей жасымас ұлт ұлы жайлы:
«Кектің көзі – Махамбет,
Көптің сөзі – Махамбет.
Армандайды әр бала,
Махамбеттей болсам деп», – дейді. Бауыржын Момышұлына арнаған өлеңінде:
«Қайтпаған дауылдан,
Кек алған жауынан,
Халқына қастерлі
Қайсар ұл Бауыржан,
Жайсаңым Бауыржан!
Қазақтың қамы үшін
Елінің намысын
Қорғаған Бауыржан,
Өр бабам Бауыржан!» – дейді.
Бұл арада ұлт жақсыларына қоса өзіне үлгі тұтып жүрген атасы мен әкесі, әжесі мен анасы туралы да, балалар ойымен берген өлеңдер де тартымды оқылады. «Қандай бақыт жер бетінде, Еркелетер әжең бары. Көздеріне бақ тұнып, «Құлыным!» деп шат күліп, Бәйтерекке сүйенер, Солқылдаған жас шыбық», – десе, бір тұста ұстаз туралы өлеңінің соңғы түйін: «Сыныптағы әр бала, Өз ұлы мен қызындай. Қарсы алады өренін, Келген кезде күліп күз. Ұстазға өмір дегенің – Балаларсыз қызықсыз», – деген жолдармен қорытындылайды.
Үшінші бөлім «Ең жақсы күн» деп аталып, онда мерекелік жырлар топтастырылған. Аналар тойы, «Бастап думан, сауықты, Алақайлап ақ бұлақ, Көктем келіп қалыпты» деп Наурыз мерекесін жырласа, тұсаукесер туралы өлеңі былай басталады: «Қаз-қаз бастың, қаз бастың, Бір, екі, үш, аз бастың. Жетелейік жүгіртіп, Қадамдарың жалғассын. Қалдың, міне, есейіп, Тұсауыңды кесейік. Тойыңды да тойлайық, Төбемізге көтеріп», – деп ең бір қастерлі тойдың қадірін ашады.
Төртінші бөлім балабақша бүлдіршіндеріне арналған. Мысалы, «Аппақ бала» өлеңінің қорытындысында: «Сабын, тарақ, орамал, Жуынуға ала бар. Кір-қожалақ болады, Жуынбаған балалар», – десе балабақшадағы тәртіп-тәлімін мына сегіз жол өлеңде жақсы көрсеткен: біріншісінде «Түйіп алған зердеңе, Ұмытпағын ол жайлы, Ұйықтайтын бөлмеде, Шулауға әсте болмайды» дейді де, екіншісінде «Бақ құсымын атамның, тәттісімін апамның, Тілім тәтті болған соң, Тәтті бала атандым» дейді. Ал балабақшамен қоштасқан сәтті: «Ақыл құйып санама, Ізгілікке баулыдың, Ұмытуға бола ма, Балабақтың әр күнін. Кеше ғана әлжуаз, Еркесі едік әр үйдің. Ата-анам болды мәз, Оң, солымды таныдым», – деп түйін жасайды.
Бесінші бөлім табиғат тылсымын, құстар әлемін, саф ауа, самал жел, өзге де құбылыстарды жырлайды. Алтыншы бөлімге жақсы мен жаманды, адалдықты, кішілікті, кісілікті, талғам мен талапты арқау өткен. Мәселен, «Кітап пен нан» атты сегіз жол өлеңді дәйекке келтірер болсақ: «Ұқыпты әрбір ісіне, Қамқор болған кішіге, Білімқұмар баланың, Кітап кірер түсіне. Қарсаңыз мән беріп, Жүргендер көп шаңға еріп. Кержалқаулар түсінде, Шығады ылғи нан көріп», – дейді.
Соңғы бөлімдер спортқа арналған өлеңдерден, ертегілерден, аңыздардан тұрады. «Ынтымақ пен бірлік туралы ертегінің» оқиғасы піл мен маймылдың арасында өтеді. Екеуі басында бір-біріне есе бермей тайталасады. Ақыры ынтымаққа келеді. Ақиқаттың алдында үлкен кіші бір-бірін түсінсе жеңбейтін ешнәрсе болмайды екен. Жалпы, ертегілердің негізгі түйіні балаларды жақсылыққа баулу, өркөкіректіктен алыс болу, үлкенді сыйлап, олардың айтқан ақыл-кеңесін бұлжытпай орындау қажеттігін санаға құйып, ойға ұялатады.
Автор лирикалық тақырыптарға да түрен салған. Балаларға қалам тартып, кітап шығарған. Шын талант қай қырға салсаң да Жаратқан Иенің қолдауымен топтан озған жүйріктей топ жаратынын аңғару оңай. Оған Болат Үсенбаевтың «Тәуелсіздік деген не?» атты кітабы дәлел болары хақ. Жігерін жанып, намысын оятып, ұлт баласының тілін ұштайтын, көңіл көкжиегін кеңітетін әр өлеңінің айтары аз емес. Оны зейін қойып оқыған танып, біледі деген ниеттеміз. Тілі құнарлы, айтар ойы терең, тақырып аясы кең танымдық, тәрбиелік мәні зор жырлар жас өркеннің бұлтақсыз өсуіне өзіндік үлес қосары анық. Талантты ақынның бұл жинағы Мемлекеттік сыйлыққа лайық екені ақиқат. Оның топ жаратынына да сеніміміз мол. Бұл марапат ақынға ғана емес, қазақтың ұл-қызына да көрсетілген құрметті іс болар еді. Ұрпағын бағалаған ұлттың қашанда мәртебесі биік, абыройы асқақ.
Сүлеймен Мәмет,
«Құрмет» орденінің иегері,
Алматы облысының Құрметті азаматы