Жыл сайын 30 тамызда елімізде Конституция күні аталып өтеді. Бұдан тура 28 жыл бұрын, 1995 жылы 30 тамызда өткен Жалпыхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Ата Заңы қабылданған болатын. Жұртшылық арасында 1993 жылғы Конституцияның тез арада қалай кәдеге жарамай қалғаныңа таңданыс туғанымен жаңа Негізгі Заң өте үлкен қуанышты оқиға ретінде тарих қойнауына енді. Жұртшылық қазақ халқы мен қазақстандықтардың игілігіне қызмет ететін құжат ретінде бағалады.
Ата Заңның қастерлі мерекесінде біз «Қазақ елі Конституциясының даму жолдары қандай еді?» деген сауалға жауап іздеп көрдік. Иә, қазақ халқы әлемге көшпелі мәдениет сыйлаған Алтай өркениетінің, оның бір бұтағы түркі жұртының тікелей мұрагері болып саналады. Ежелгі түркілердің шынайы әділеттік ілімі, дала заңдары Білік деп аталыпты. Мұны бұдан үш мың жыл бұрын ғұмыр кешкен Арыс биден жеткен өсиет деп танылады. Оңтүстік өңірдегі Арыс өзені сол Арыс биден қалған бір із көрінеді.
Түркі қағанаты әлденеше ғасыр Даланың әдет-ғұрып құқығы – «Әдетпен» (бүгінгі таңда оларды Адат заңдары деп атау қалыптасқан) өмір сүрген. Барлық өзге құқықтық қағидалардың қайнар көзі болған «Әдеттің» ең басты ережесі түркілердің жалқы Құдайы – Тәңір алдындағы теңдігін мойындау болды. Мұсылманшылықтың таралуымен Түркі әлеміне шариғат қағидалары орныға бастады. Ұлы Моңғол империясы өмір сүрген тұста «Шыңғыс ханның ясағы» деп аталатын құжат Алтынорда мемлекеті үшін басшылыққа алынды. Ол әдет-ғұрыпқа негізделген құқықтық нормалар мен заңдардың жиынтығы болатын. Жергілікті халықтардың діни ықпалымен бұл нормалар біртіндеп ислами сипатқа ұласа бастады.
Қазақ хандары билікке келген тұста ұлттық ерекшеліктер қамтылған қағидалар пайда болды. Айталық, Қасым ханның (Қасым Жәнібекұлының хандық құрған кезі – 1511-1523 жылдар) билігі кезінде «Қасым ханның қасқа жолы», Есім хан (Шығай ұлы Есімнің хандық құрғаны – 1598-1628 жылдар) басшылық еткен кезеңде «Есім ханның ескі жолы» сияқты құқықтық нормалар қолданысқа енді. Әз Тәукенің (Салқам Жәңгірұлы Тәукенің хандық құрған кезі – 1680-1718 жылдар) тұсында бес тараудан тұратын ежелгі ережелерге жесір дауы мен құн дауы сияқты тағы екі тарау қосылып, «Жеті жарғы» дүниеге келді.
Ресейлік бодандық тұсында 1885 жылы мамыр айында Абай Құнанбайұлы жанына заң, тәртіп білетін бірнеше адамды ала отырып, 73 баптан тұратын «Қарамола ережесін» (Шар ережесін) әзірлейді. Бұл құқықтық баптардан түпкі билік отаршылық режимнің қолында тұрғаны байқалғанымен қазақтың ескі заңдары ұмытылмағаны көңілге медеу болады. Айталық, аталған ереженің 32-бабында «Біреу әке-шешеге тіл тигізсе, солардың қалауына сәйкес, қазақ ғұрпына орай жазалансын. Молдаға, құрметті адамдарға тіл тигізсе, ат-шапан айып тартып, ат бастаған бір тоғыз төлейді» делінген.
1905 жылы Ресей патшалығы кезінде алғашқы Мемлекеттік Думада қазақ даласынан сайланған депутаттардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бірімжанов, Алпысбай Қалменов I Думаның мінберінен жер туралы өте өзекті мәселені көтерді. Шұрайлы жерді орыс переселендеріне беруге, орыстандыру саясатына, қазақтарды шоқындыруға қарсы наразылықтар қаймықпай айтылды. II Думада да қазақтардың дауысы қатаң естіліп жатты. Бұл патша билігіне ұнаман қазақтарды III және ІV Думаға өткізбейтін заң қабылдауға мәжбүр етті.
Қапалдық ағартушы, оқымысты азамат Барлыбек Сыртанов 1911 жылы Санкт-Петербургте жүрген кезінде «Қазақ уставы» деп ат қойып, айдар тағып, қазақтың тұңғыш Конституциясын жазды. Онда мемлекеттің парламенттік сипаты, елді Президент басқаратыны, билік тармақтарының теңгермелік, тежемелік қағидалары, сот билігінде қазақ тілінің міндетті болатыны сияқты көптеген баптары әлі күнге өзінің өзектілігін жойған емес.
1917 жылы 5-13 желтоқсанда өткен ІІ жалпықазақ съезінде Алаш автономиясы атанған ұлттық мемлекетіміз өмірге келгені мәлім. Осы съезде Алашорда – Ұлттық кеңес Үкіметі құрылды. Алашорда Үкіметі сол 1917 жылы қараша айында «Қазақ» газетінде жарияланган «Алаш» партиясының бағдарламасын («Қазақ», 1917, №251) негізгі құжат ретінде ұстанды. 1920 жылы 16 маусымда РК ФСР құрамында Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы құрылды. Оның алғашқы Конституциясының жобасы 1924 жылы жергілікті деңгейде қабылданып, Бүкілресейлік Орталық атқару комитетіне жіберілгенімен ол сол күйі бекітілмеді. 1926 жылы 18 ақпанда ғана Қазақ АКСР-ының Конституциясы қабылданды. Автономиялы республиканың барлық органдары осы Конституцияны басшылыққа алып жұмыс істеді.
1936 жылдың 5 желтоқсаны күні Кеңестердің төтенше VIII съезінде бұған дейін Қазақ автономиялы республикасы аталып келген құрылым Қазақ Советтік Социалистік Республикасы аталып, одақтас республикаға айналды. КСРО-ның екінші Конституциясына ілесе Бүкілқазақ кеңесінің X съезінде, яғни 1937 жылдың 26 наурызында Қазақ КСР Конституциясы қабылданды. Ол кезең үшін бұл үлкен жетістік болатын. 11 тарау мен 125 баптан тұратын бұл Конституцияда Қазақстанның болашақ бет-бейнесі айқындалды. Конституцияның 18-бабында «Одақтас республикалардың территориясын олардың келісімінсіз өзгертуге жол берілмейді» деген бап кейін Қазақстан аумағын бөлшектеуден сақтап қалды.
Социалистік үлгідегі Қазақстанның соңғы Конституциясы 1978 жылы 20 сәуірдегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс жетінші V сессиясында қабылданды. Еліміздегі конституциялық даму барысын сөз еткенде бұдан кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылы 25 қазанда қабылдаған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын» аттап өту мүмкін емес. Өйткені бұл құжатта: «Декларация Қазақ ССР-інің жаңа Конституциясын, егеменді мемлекет ретінде Республиканың статусын жүзеге асыратын заң актілерін әзірлеу үшін негіз болып табылады» деп көрсетілген. Құжатта Қазақ ССР-інің одаққа кіру мен шығу құқығы өзінде сақталатындығы, территориясының бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмайтындығы, мемлекеттік билік құзіреті ішкі және сыртқы қарым-қатынаста үстем, дербес толық болатындығы, халықаралық қатынастардың дербес субъектісі ретінде көрінетіні баянды етілген. Ең кереметі Декларацияның аңдатпасында Қазақ ССР-і «қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкер екендігі» айтылды. Бұл біз үшін бағасына құн жеткісіз қағида. Өкінішке қарай, бұл тұжырымдар кейінгі ресми құжаттарда ескерілмей аяқсыз қалды.
Қазақстан Республикасы 1991 жылы 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігін жариялады. Осы күні қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР Конституциялық Заңы Қазақстанның мерзімдік конституциясы болып танылды. Көп ұзамай 1993 жылы 28 қаңтарда 1731 жылдан 1991 жылға дейінгі 260 жылдық бодандықтан соң қалпына келтірілген тәуелсіздігінің арқасында Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Бұл Конституция Қазақстанның демократиялық өркениетті мемлекет құруына алғышарт болды. Алайда бұл Конституцияның ғұмыры өте қысқа еді. Қалай болғанда да бұл Конституция Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін заң жүзінде паш еткен әрі баянды еткен құжат болды. Бұл Конституция мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырып берді.
1995 жылы 30 тамызда Жалпыхалықтық референдумда қабылданған 98 баптан тұратын Конституцияға соңғы ширек ғасырда Парламент арқылы бес рет: 1998 жылы – 19, 2007 жылы – 41, 2011 жылы – бір, 2017 жылы – 31, 2019 жылы – бір, кейіннен 2022 жылы 6 маусымда өткен референдум арқылы 33 бапқа 56 толықтыру мен өзгеріс енгізілді. Сонда қолданыстағы Негізгі құжатқа 28 жылда барлығы 149 өзгеріс пен толықтыру кірген.
Жаңа Қазақстан құруды көздеген Қасым-Жомарт Тоқаев билігі Негізгі Заңды алдағы уақытта демократиялық бағытқа көшіргісі келеді. Бұл – құптарлық қадам. Өткен жылғы референдумда енгізілген өзгерістер мен толықтырулардан кейін Қазақстан Республикасының Конституциясы 10 бөлім, 99 баптан тұрады. Конституциялық заңдар мен заңдарды қабылдау тәртібін, сондай-ақ Конституциялық Соттың қызметін айқындайтын Қазақстан Республикасының Конституциясының ережелері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылды. Конституцияға сәйкес еліміз суперпрезиденттік басқару үлгісінен ықпалды Парламенті және есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға айналды. Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлық-пропорционалдық моделі енгізілді. Сонымен қоса Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігі бекітілді. Мемлекет басшысы ешқандай партияға мүше болмайды. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылды.
Жаңартылған Конституция заңның үстемдігі, демократиялық үдерістерді нығайту және биліктің бөлінісі мен тепе-теңдік тетігін күшейту сияқты үш нақты мақсатқа қызмет етуі көзделді. Бұдан бөлек құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата Заңмен айқындалды. Сенаттағы Президенттік квота қысқарды, Мәжілістегі Ассамблея квотасы жойылды. «Тұңғыш Президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы» ережелер алынып тасталды. Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды. Міне, мұның бәрі кеткен қателіктерді жөндейтін, еліміздің болашағын айқындайтын өзгерістер.
Міне, біздің еліміздің конституциялық дамуының тарихына қысқаша шолуымыз осындай.
Марат Тоқашбаев,
жазушы-публицист,
мемлекет және қоғам қайраткері