Бүгін Қонаев қаласында грепплинг және грепплинг ги-ден Алматы облысының чемпионаты басталды. Жарысқа 8 командадан 12 -18 жас аралығындағы 150-ден астам жасөспірім спортшылар қатысып жатыр.
Жарыстың мақсаты – грепплинг спортын насихаттау және дамыту, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, Қазақстан чемпионатына облыс құрама командасын іріктеу, бұқаралық спортты дамыту.
Чемпионаттың ашылу салтанатында Алматы облысы грепплинг федерациясының президенті Дәулет Ауданбаев құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ Қазақстан файтер гран-при жеңімпазы, аралас жекпе–жек жауынгері Еламан Шертав, жарыстың бас төрешісі Дамир Садыров, жарыстың демеушісі «БИК Груп» компаниясының өкілі Әмір Маратұлы жылы лебіздерін білдірді. Грэпплинг – бұл жекпе-жек өнерінің салыстырмалы түрде жас түрі, онда әр түрлі күрес техникасы жинақталған. Бұл спорт түрі бразилиялық джиу-джитсу, еркін күрес, жауынгерлік самбо және дзюдо әдістерінің негізінде құрылған.
Грепплингтің ерекшелігі – оны дене шынықтыру дайындығына немесе жас ерекшелігіне қарамастан әркім жасай алады. Оқыту әдісі дененің икемділігін жақсартатын түрлі жаттығуларды үйренуге мүмкіндік береді. Бақылаудың әртүрлі түрлерін, сондай-ақ тұншығу немесе ауыр ұстау арқылы күресті аяқтауға қызмет ететін техниканы мүмкіндігінше тереңірек білу үшін серіктеспен бірге жұмыс істеуге үлкен көңіл бөлінеді.
Айта кетерлік жайт, бұл спорт түрінен жарыс Қонаев қаласында тұңғыш рет өткізіліп отыр.