Қазақстанда атом электр стансасын салу туралы бастама көтерілгелі біршама уақыт өтті. Біз, шынымен де, ұзақмерзімді перспективада шешуші рөл атқаратын және елдің одан әрі экономикалық, саяси, әлеуметтік даму векторын айқындайтын маңызды таңдау жасадық. Референдум қарсаңында түрлі қалаларда қоғамдық тыңдаулар болды. Сарапшылар бұл тақырыпты қызу талқылап, түрлі пікір айтты. Референдум нәтижесі көрсеткендей, атом энергетикасын халықтың басым көпшілігі қолдап отыр.
Десек те, әлі талқылаулар, түрлі пікірлер жалғасуда. Ел тұрғындарының көпшілігі Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін жаңа өндіруші қуат қажет екенін түсініп келеді. Бұл орайда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да еліміздің болашағын айқындайтын маңызды да күрделі таңдаудан тыс қалмады. Біз тарихи қадам жасар кезінде әлемдік тәжірибеге, білікті ғалымдарымыз бен сала мамандарының айқын дәлелдеріне сүйене отырып шешім қабылдадық.
Өздеріңіз білетіндей, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бір шешімге келмес бұрын көптеген сарапшылармен кездесу өткізіп, түрлі алаңда екіжақты көзқарастарды қарастырды. Алайда ұлттық кәсіпкерлер палатасы Мемлекет басшысының ұсынысын толығымен қолдады. Біз атом электр стансасының құрылысы отандық бизнестің дамуына қуатты серпін беретініне сенім білдірдік. Осы ретте мен бірнеше маңызды аспектілерге қысқаша тоқталсам деймін.
Біріншіден, атом электр стансасы – бұл бизнесті дамытудың негізгі факторы болып табылатын тұрақты энергияның көзі. Қажетті энергия көзінің болуы кәсіпкерлер үшін өз қызметін дамытуда сенімді болуға көмектеседі. Әсіресе, тау-кен металлургия кешені, машина жасау, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс сияқты энергияны көп қажет ететін салалар үшін аса маңызды. Жалпы, шағын және орта бизнеске электр қуаты қажет. Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін Қазақстан өзінің шикізаттық емес салаларын дамытуы тиіс. Атом энергетикасы біздің барлық саламыз үшін таза энергияның негізгі генерациясы бола алады. Атом саласын дамыту біздің экспорттық өнімді сатуға арналған көміртегі салығын азайтуға мүмкіндік береді және бұл экономикамыздың өрлеуіне алып келеді.
Екіншіден, АЭС салу және пайдалану – әртүрлі салаларды біріктіретін озық технологияларды, инновацияларды, IT-ді енгізуді талап ететін маңызды шешім. Екі жыл ішінде біздің мамандар, кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері әртүрлі өңірге, соның ішінде, Түркияға барып, шағын, орта және ірі бизнестің жаңа технологиялармен жұмыс істеуде, белгілі бір саланы локализациялауды, ұлтымыздың үлесін ұлғайтуды үйренді. Бұл өте маңызды.
АЭС құрылысы жоғары білікті жұмыс орындарын құруға ықпал етеді және жоғары технология саласында білім беру бағдарламаларын дамытуды ынталандырады. Өз кезегінде бұл шағын, орта және ірі бизнестің дамуына және экономиканың түрлі салаларында жаңа технологияларды енгізуге серпін береді. Жалпы, біз мұндай шешімді қолдаймыз және бұл біздің экономикамыздың дамуына елеулі мультиплиативтік әсер беретініне сенімдіміз.
Тимур БЕКЕЕВ,
Алматы облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры