Осы жылдың 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында бірнеше адамның жанжалдасып, соңы төбелеске ұласып, салдарынан 16 жастағы жасөспірімнің қаза болғаны жайлы ақпарат тараған болатын. Қонаев қаласындағы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, Ішкі істер министрлігі тергеу департаменті бастығының орынбасары Самат Айсов пен облыс прокуроры Берік Адамов осы оқиғаға байланысты қозғалған қылмыстық істің жай-жапсарын баяндады.
– Қазіргі уақытта Талғар ауданында болған оқиға Ішкі істер министрлігі мен бас прокурордың ерекше бақылауында. БАҚ пен әлеуметтік желілерде расталмаған ақпараттар таралып, субъективті қорытындылар жасалуда. Бұл жеке тергеу тобының жұмысына кедергі келтіруде. Бұған дейін Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексiнің талаптарына сәйкес көпшілікке жария ете алмадық. Дегенмен, ақпарат кеңістігінде жалған мәліметтердің кең етек алуына байланысты прокуратурамен келісімге келе отырып, кейбір мәліметтерді ашық түрде талқылауды ұйғардық. Бұл шешімді саналы түрде қабылдап отырмыз. Өйткені оқиға алып-қашпа әңгімелерге негізделіп, теріс бағытқа бұрылып барады. Бүгінгі баспасөз мәслихатының мақсаты – оқиғаның барлық мән-жайын ашып көрсету. Тергеу әрекеттері тек қана заңға сәйкес жүргізіледі, – деді министрдің бірінші орынбасары.
Келесі кезекте Самат Айсов журналистерге қылмыс болған мезеттегі оқиғаның бейнежазбасынан үзінді көрсетті. Оның айтуынша, дүкенде 3 бейнекамера болған. Дүкеннен алынған жазбаға сараптама жасалған. Одан кейін сөз кезегі Берік Адамовқа берілді.
– Кәмелетке толмаған жасөспірімнің өлімі бойынша қылмыстық істі тергеу қарқынды жүріп жатыр. Біздің тарапымыздан тергеу іс-шараларының заңдылығы мен толықтығын объективті қадағалау қамтамасыз етілуде. Тергеу сатысында ешқандай заңбұзушылық анықталмады. Сот процесінің ашықтығы жайлы мәселе бойынша прокуратураға өтініш хат жолданбақ. Сондай-ақ марқұмның отбасы тұрған үйдің өртенуі себебін белсенді түрде зерттеп жатырмыз. Өрт болған жерде маңызды дәлелдер жиналып, 600-ден астам адам сұралды. Оқиғаның қалай болғанын анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалды. Өрттің үйдің сыртынан басталғаны, оқыс жағдай болмағаны туралы мамандар алғашқы қорытынды шығарды. Оқиға орнынан табылған канистра мен резеңке қолғаптарға зерттеулер жүргізіліп, шығын көлемі анықталуда. Істі ашық әрі шынайы түрде жүргізуді жалғастырамыз. Алдағы уақытта жаңа деректермен сіздерді хабардар етіп отырамыз. Әділдік орнату және кінәлілерді табу үшін жұмыс істеудеміз. Жәбірленушінің туыстары мен жақындары тәулік бойы күзетке алынған. Асығыс шешім шығармауды, сарапшылардың қорытындысын күтуді және тергеу тобына барлық қажетті іс-шараларды жүргізуге мүмкіндік беруді сұраймыз. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратылып жатқанына назар аударғым келеді. Кейбіреулердің митинг өткізуге, өзіндік сот әрекеттеріне шақыруы жағдайды ушықтыруда. Бұл біздің жұмысымызға кедергісін келтіреді. Баршаны тек қана ресми ақпарат көздеріне сенуге және сабыр сақтауға шақырамын, – деген облыс прокуроры қылмыстық істі тергеу барысы бақылауда тұрғанын жеткізді.
Журналистер тарапынан қойылған күдіктілердің арасында пробациялық бақылауға алынғандардың болғаны, тыйым салынған уақытта спирттік ішімдіктің сатылуы және тағы басқа сауалдарға министрлік өкілдері жауап беріп, бұл орайда қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын, оның анық-қанығы дәлелденгенде мәлімдейтіндіктерін айтты. Сондай-ақ қылмыстық іске қатысты қойылған сұрақтарға тергеу құпиясын алға тартып, әзірше жауап бере алмайтындарын жеткізді. Алайда күдіктілердің қатарында бұрын жазасын өтегендердің болғанын жасырмады. Сонымен бірге Талғар ауданында ұйымдасқан қылмыстық топтың болғанын жоққа шығарды. Күдіктілердің ешқандай қылмыстық топқа қатысы жоғын және оқиғаға қатысты бейнежазбаның халық арасына таралуы бойынша да тергеу жүріп жатқанын тілге тиек етті.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ