Алматы облысының спортшылары арасындағы баскетбол чемпионатының жартылай финалы өзі мәресіне жетті. Сайысқа қатысушылар өңірдегі барлық ауданнан қамтылды. Облыс орталығының ойыншылары да шаһар намысын қорғау үшін аянбады. Жасөспірім қыздар мен ұлдардан құралған барлығы 11 құрама мықтыны анықтауға тырысты.
Дүбірлі дода 4 кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезең 2023 жылдың ақпан айында Талғар ауданында өткен. Сайыстың кезекті саны осы жылдың мамыр айында Қонаев қаласында ұйымдастырылған. Ал, үшінші бөлім қыркүйек айында болды. Шешуші кезең екінші мәрте облыс орталығында өтіп, спортшылар үздік нәтиже көрсетті.
Айта кетейік, жыл сайын облыстық чемпионат алты жас санаты бойынша өткізіледі. Алдымен әр топ үшін айналым жүйесі негізінде ойын ұйымдастырылып, орын иегерлері анықталады. Жоғары нәтиже көрсеткен команда келесі сайыстарда бой көрсетеді. Аталған чемпионат үздік спортшыларды республикалық дейгейге іріктеу мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүр. Бұл 14 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы бәсеке. Енді республикалық чемпионат желтоқсан айында Қостанайда өтеді деп жоспарланып отыр. «Бұл динамикалық спорт түрі. Яғни, жылдамдық, күш, техникалық дағдылар ерекше талап етіледі. Десе де, ойында тек физикалық жай-күй ғана емес, ақыл-ой дағдылары да сарапқа салынады», – дейді бас төреші Мұса Тайфуров.
Ұлдар арасында Қарасай ауданының командасы жартылай финалда өз қарсыластарын жоғары ұпаймен жеңді. Топ төрт кезеңде де үздік нәтиже көрсеткен. Ал, құрамның үздік спортшысы ретінде Фамиша Расин танылды. Баскетболмен айналысып жүргеніне алты жылға жуықтапты. Ойыншы бірнеше позицияда ойнай алады.
«Баскетбол ойын түрін таңдауымның өзіндік себебі бар. Әуелде футбол ойынына деген қызығушылығым болды. Дегенмен баскетбол доп ойындарының ішінде жарақат алу қаупі аз спорт түрі болғандықтан, осы таңдауға тоқталдым. Алаңда нағыз тартыс басталады. Бар назарың тек ойынға ауып, асқан шеберлік таныта алуың қажет. Қарсыластардан допты қағып алу нағыз қуаныш сезімін сыйлайды. Көбіне үш ұпайлық сызықтан соққы жасаған ұнайды. Облыс чемпионатында жеңіске жеткенімізге шынайы қуаныштымыз. Бұл біздің үшінші жеңісіміз», – дейді Қарасай аудандық ДЮСШ командасының ойыншысы Фамиша Расин.
Жасөспірім ұлдар арасында Қонаев қаласының баскетболшылары үшінші орынға жайғасты.
Ал, қыздар арасындағы ойын барысында 3 команда тең түсті. Олар Талғар ауданы, Қарасай ауданы және Қонаев қаласының ойыншылары. Әр топ төрт кезең бойынша 240 ұпай жинаған. Сондықтан төрешілер мәреге жетпей қалған доп санын есептеп нәтижені шығарды. Қонаев қаласының құрамы чемпион атанса, қалған екі команда үздік үштікке енді.
«Біз Қарасай аудандық «Үшқоңыр» спорт мектебінің атынан шықтық. Дәл осы құраммен үш жыл қатарынан ойнап келеміз. Жыл сайын қыздардың шеберлігі артып келеді. Финалдық кезеңге өту кезінде қарсыластарымыздан 37-де 20 есебімен алға шықтық. 17 ұпай – бұл үлкен айырмашылық. Баскетбол – топтық ойын болғандықтан, ауызбіршілік аса маңызды. Сондықтан бір ойыншыны өзгесінен бөлектеуге болмайды. Меніңше, бізді жеңіске жетелеген де – ортақ тәртіп пен өзара мығым байланыс», – дейді «Үшқоңыр» командасының жаттықтырушысы Айгерім Рыскелдиева.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдар мен марапаттарға ие болды!