Перейти к содержимому
Главная страница » Президент әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды

Президент әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрге, Президент Әкімшілігінің Басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды», — деп хабарлады Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.
Берік Уәлидің жазуынша, Парламент палаталарының төрағалары қабылданып жатқан іс-қимыл туралы хабардар етілді.
«Президент еліміздегі жағдайды өз бақылауында ұстап отыр. Біздің еліміз үшін басты стратегиялық мақсат – тұрақтылықты, тыныштықты, заң мен тәртіп үстемдігін сақтау. Қазақстан славян екі халық арасындағы қақтығысты келіссөз арқылы тоқтату қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын.», — деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы.
21 қараша күні Ресей президенті Владимир Путин мәлімдеме жасап, Украинаның Днепр облысындағы қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне орта қашықтыққа ұшатын «Орешник» баллистикалық зымыранмен соққы жасалғанын айтқан. Ол бұл соққы Украинаның Ресей аумағына Батыс елдерінің алыс қашықтыққа ұшатын қаруларымен соққы жасауына жауап екенін ескерткен.