Primeminister.kz сайтының редакциясы еліміздің 2024 жылғы даму қорытындылары туралы жарияланымдар сериясын жалғастырады. Өткен жылы Қазақстанның ішкі істер органдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балаларды қорғау, жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күрес және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты бірқатар негізгі бағыт бойынша жұмысын едәуір күшейтті.
ІІМ мен ТЖ жүйесін реформалау шеңберінде нормативтік құжаттарда және заңнамадағы өзгерістерде көрсетілген жұмыстың жаңа әдістері енгізілді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу
Ішкі істер министрлігі жұмысының басты бағыттарының бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. 2024 жылы полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңға жуық хабарлама келіп түскен. Бұған жауап ретінде шаралар: оның ішінде 72 мың қорғау нұсқамасы, сондай-ақ 16 мың жағдай бойынша сот шешімдері қабылданды.
Сондай-ақ зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтарына айтарлықтай көңіл бөлінеді. Бүгінде елімізде осындай 69 орталық жұмыс істейді, оған жыл басынан бері 5,5 мың әйел, оның ішінде 3,7 мыңы балалары бар ана жүгінген. Ішкі істер министрлігі күш-жігерінің нәтижесінде соңғы 5 жылда әйелдер құқығына қол сұғатын қылмыстар саны екі есеге, атап айтқанда, зорлық-зомбылық қылмыстары 37,9%-ға, оның ішінде кісі өлтіру 49,3%-ға және ауыр дене жарақатын салу 8,7%-ға қысқарды.
Балалар құқығын қорғау және жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу
Балалар құқықтарын қорғау және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу саласында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Биыл 12 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілді. Балаларды қорғау мақсатында еліміздегі әрбір мектепке ювеналды полиция қызметкерлері бекітіліп, олар тұрақты түрде бала құқығы бойынша сабақтар өткізеді және қылмыс жасауға бейім балаларды анықтайды. Оқу орындарында осыған орай 94 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды.
Сонымен қатар жыл басынан бері 35 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс, оның ішінде суицид пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын 127 сайт анықталды. Алдын алу шараларының нәтижесінде жасөспірімдер қылмысының саны 6%-ға төмендеді. Кәмелетке толмағандар жасаған кісі өлтіру 29%-ға, ұрлық 19%-ға, тонау 15%-ға төмендеген.
Әйелдер мен балалар құқығын қорғауға арналған жаңа заң
2024 жылғы 16 маусымда күшіне енген «Кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңның маңыздылығы жоғары. Енгізілген өзгерістер әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған. Атап айтқанда, кәмелетке толмаған баланы зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, ал өзін-өзі өлтіруге және қорлауға итермелегендерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы жаңа заң
Азаматтар арасында заңға бағыну мінез-құлқын қалыптастыруға бағытталған қылмыстың ерте алдын алу жүйесін құруға арналған «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» жаңа бірыңғай заңды талқылау және әзірлеу маңызды оқиғалардың бірі болды. Заң жобасында алдын алу шараларына жататын тұлғалар тізбесіне өзгерістер енгізу, сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысқан азаматтарды марапаттау көзделген. Заң кәмелетке толмағандар арасындағы алдын-алу шараларын, соның ішінде ерекше назар аударуды қажет ететін мектептердегі балаларға міндетті педагогикалық қолдау көрсетуді де реттейді.
2024 жылы ішкі істер органдары қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша күшейтілген жұмысты жалғастыруда. Күн сайын құқықтық тәртіпті қорғауға 14 мың полиция және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері шығады. Жыл басынан бері 8 рет өткізілген «Құқықтық тәртіп» операциясы шеңберінде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 6%-ға, оның ішінде көшелердегі қылмыс – 7%-ға төмендегені тіркелді. Елімізде тіркелген 12 млн әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 91 мың адам жауапқа тартылды.
Жол қауіпсіздігі
Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында ІІМ жолдардағы жазатайым оқиғаларды азайту жұмыстарын жалғастыруда. Тиімді әдістердің бірі – жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеу камераларын пайдалану. Бүгінде елімізде осындай 25 мыңнан астам камера жұмыс істейді, олар жолдардағы барлық құқық бұзушылықтың 69%-ын тіркеген. Жүргізушілерді даярлаудың сапасын арттыру үшін өзін-өзі дайындау алынып тасталды, енді оқыту тек сертификатталған автомектептер арқылы жүргізіледі.