«Жол азабын жүрген біледі». Әйтсе де, бүгінде жолаушыны мезі қылатын, барар жеріне әупірімдеп әрең жететін нашар жолдар бірте-бірте азайып келеді. Бұл мемлекеттің ел экономикасының күретамыры саналатын жолдарды жақсарту бағытында қолға алған нәтижелі жұмыстарының жемісі. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетов аймақтағы автожолдардың сапасы мен атқарылған жұмыстар жайын баяндады.
Алматы облысында автомобиль жолдарының ұзындығы – 5 609 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар 1 743 шақырым болса, 3370 шақырымы облысқа қарайды. Басқарма басшысы Ермек Баймұхамбетовтің айтуынша, биыл жергілікті автожолдар мен елдімекен көшелерін жөндеуге бюджеттен 19,1 млрд теңге бөлініпті. Осы қаржы есебінен 157,9 шақырымдық жол күрделі және орта жөндеуден өткен. Сонымен қоса жаңа автожолдар да салынған.
– Үлкен Алматы айналма жолына дейінгі Тілендиев көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық қордан аталған көшенің 6 шақырымына 3,8 млрд теңге бөлінді. 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қоса, көктем мен жаз мезгілдерінде тасқыннан бүлінген Талғар, Түрген және Қаскелең өзендеріндегі көпір құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Бүгінгі күні жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеу үшін 14 жоба жоспарланған, қазіргі таңда соның аясында 143,2 шақырым жол жөндеуден өтті, – деді Ермек Биғазыұлы.
Спикердің сөзінше, биыл «Талғар – Байтерек» 6,9 шақырым автомобиль жолын маршруттық тәсілмен 2 жолақтан 4 жолаққа кеңейту жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 24,1 шақырымға жуық 12 мектептің кіреберіс жолдарының құрылыс жұмыстары қолға алынып жатыр.
Сөз кезегінде Ермек Баймұхамбетов автожолдарды күтіп ұстау жұмыстарына да тоқтала кетті. Оның айтуынша, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінген. 7 мердігер мекеме қызмет көрсетеді. Олар 127 дана арнайы техника, 333 тонна жанар-жағармай және 10 625 тонна көктайғаққа қарсы материалдармен қамтылған.
Облыс тұрғындарының орналасу аумағы жылдан-жылға кеңейіп жатқанын ескерсек, осыған байланысты қоғамдық көлікке деген сұраныс артып келеді. Ермек Биғазыұлы Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұл мәселені оңтайлы шешуге күш салып жатқанын айтты. Қазір облыс аумағында 24 тасымалдаушы ЖШС мен 7 автостанса жұмыс істейді. 136 автобус бағыты бар. Оның ішінде 3 облысаралық, 28 ауданаралық, 53 ауданішілік және 52 қала маңындағы бағыт.
– Желтоқсан айына дейін облыс аумағында барлығы 44 автобус жаңартылды, оның ішінде «Өнеркәсіпті дамыту қоры» бағдарламасы бойынша 27 автобус жаңартылды. Тағы 23 автобус алу жоспарлануда. 2024 жылы 4 ауданға және 1 қалаға 49 әлеуметтік маңызы бар маршрутты субсидиялау үшін 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Облыстың елдімекендерін қоғамдыө көлікпен қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп 50 елдімекенді қамтитын 20 қала маңындағы автобус маршруттарын іске қосу жоспарлануда, – деді басқарма басшысы.
Ерзат АСЫЛ,
Қонаев қаласы