Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық басқармасының басшысы Қуаныш Бақытұлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті анықтаған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.
Баяндамашының айтуынша, басқарма қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша анықталған құқықбұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспар шеңберінде 9 ұсыныс көзделіп, 4-еуі орындалған. Жыл басынан бері басқарма 70 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдауға сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын анықтамаған.
Келесі кезекте сөз алған жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамедов басқарма тарапынан жұмысты бағалау үшін жаңа көрсеткіштер әзірлеу жоспарланып жатқанын хабардар етті.
– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қысқа мерзімде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша көрсетілген барлық дерекке мониторинг жүргізілді. Басқарма сот шешімдерін міндетті түрде сақтау жөнінде шаралар қабылдауы және сот актісін орындау үшін «DSY-13» ЖШС-мен Қарасай ауданы Ақын Сара көшесі жолының жобасы бойынша құрылыстың 1-кезегіне шарт жасасу мүмкіндігін қарауы қажет. Сондай-ақ мердігерлік ұйымдармен шарт жасасу және қосалқы мердігерлік ұйымдарды тарту кезінде тәуекелдерді басқару жүйесін әзірлеу және енгізу мәселесін қарастыру керек. Қажеттілік бойынша мердігерлік ұйымдармен шарт жасасу және қосалқы мердігерлік ұйымдарды тарту кезінде тәуекелдерді басқару жүйесіне әзірлеулер мен енгізулер жүргізіледі. Жүйе келісімшарттық міндеттемелерді орындауға байланысты тәуекелдерді бағалау және азайту тетіктерін, жұмысты орындаудың барлық кезеңінде ашықтық пен бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қамтитын болады. Келісімшарт талаптарын бұзу негізінде 3 пайыз мөлшерінде артық төленген сметалық пайданы қайтару туралы мердігерлерге қарсы талап-арызды дайындау және сотқа беру жөнінде шаралар қабылдау мүмкіндігін қарауы қажет. Айтылғандарды ескере келе, басқарма баға белгілеу бойынша сметалық пайданы негізсіз асыра бағалауға байланысты артық төленген 3 пайызды қайтару туралы сотқа талап қоюды орынсыз деп санайды. Басқарма қызметкерлерін қосымша келісімдерге қол қойылғанға дейін шарттарға және сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізу қажеттілігіне алдын ала тексеру жүргізуге міндеттейтін ішкі нұсқаулықтар әзірленеді және бекітіледі. Алдын ала сараптамасыз өзгерістерге қол қоюдың алдын алу үшін заң бөлімі мен сарапшылар тарапынан бақылау да процеске енгізіледі, – деген басқарма басшысы бұл мәселе Қаржы министрлігіне осы нормативті енгізу, әрі қарай қарау үшін бір сарапшы сүйемелдейтін нысандар санын шектеу туралы ұсыныс әзірленіп, жіберілетінін айтты. Сөзінің соңында аталған мәселелер бойынша тұрақты жұмыс атқарылып, ақпарат уақытылы тиісті мекемелерге ұсынылып жатқанын тілге тиек етті.
Жиынды қорытындылаған Марат Елеусізұлы жемқорлық көрсеткіші бойынша әр басшының жеке жауап беретінін қаперге салды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ