Перейти к содержимому
Главная страница » Үкімет: Биыл инфляцияны 2 есеге төмендетуіміз керек

Үкімет: Биыл инфляцияны 2 есеге төмендетуіміз керек

Нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижеге қол жеткізу үшін бюджет параметрлерінің қатаң сақталуын және қаражаттың тиімді бөлінуін қамтамасыз ету қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов мәлімдеді.

«Бағаның өсуін тежеуге күш салу қажет. Мақсатымыз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету. Ол үшін үйлесімді және нақты шұғыл шаралар қажет. Биылғы жылдың сәуір айында инфляция 16,8%-ға дейін баяулады. Өңір әкімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша сапалы жұмысты жалғастыруы керек. Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі өзектендірілген шаралар жоспарын орындау үшін барлық тиісті шараларды қабылдау қажет», — деп жауапты ведомстволарға тапсырма берлі Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, Премьер-Министр қаржылық бақылауды күшейту және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру мәселесіне тоқталды.

«Қаржыландыруға барынша жауапкершілікпен қарау керек. Тағы да атап өткім келеді – біз экономиканың өсу қарқынын жоғары деңгейде сақтап қалу үшін бар күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек. Министрлер мен әкімдер әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық жоспарланған көрсеткіштерін қатаң бақылауға алып, орындалуын қамтамасыз етуі тиіс», — деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Бұған дейін Ұлттық статистика бюросы сәуір айында Қазақстандағы инфляция 16,8%-ға дейін баяулағанын хабарлаған.