-13 °c
Qonaev
Sunday, June 8, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Бақыт Беделханұлы: Құрбандықсыз құнды дүние шықпайды

    20.03.2025
    in Барлық жаңалықтар, Сұхбат
    Бақыт Беделханұлы: Құрбандықсыз құнды дүние шықпайды
    0
    SHARES
    170
    VIEWS

         Қарадаланың тумасы, белгілі ақын, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделханұлы ердің жасы елуге келді. Осы кезеңдер ішінде әдебиет пен мәдениет саласында жемісті еңбек етті. Өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Жыр кітаптары мен драмалық шығармалары – соның дәлелі. Қаламгердің өмір, қоғам, өнер мен әдебиет туралы толғанысын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

    –Айтыстың домбырасын Оразалы Досбосыновқа беріп, өзі қаламмен қалды дейді сізді жақсы білетіндер. Мұның мәнісін қалай түсіндірер едіңіз?
    – Алтыншы сыныпта оқып жүргенде-ақ өлең жазуға аңсарым ауды. Тіпті тырнақалды шығарма­ларым аудандық газетке жарияланып, ақын атанғаным бар. Бір күні облыстық айтыстың өтетіні туралы біздің ауданға да хабар жетті. Әркім өз жүйрігін дүбірлі додаға қосуды қалады. Мұғалімдер өзара ақылдаса келіп, мені айтыстың шалқар айды­нына лақтырды да жіберді. Ешқандай уәжге құлақ аспады. «Әжең де, анаң да суырыпсалма ақындар. Біз кез келгенге қолқа салмаймыз. Маңдайың шындап терлесе бәріне көнесің», – деді Мамытхан ұстазым бұлтартпас дәлел тапқандай құлшынып.
    Сөйтіп, айтыстың дәмін таттық. Облыстық финалда Оразалы екеуміз сахнада тоғыз рет тоғыстық. Тіпті оған бойымыздың үйренгені соншалық, 1991 жылы Мұқағалидың 60 жылды­ғында Шалкөдеде айтысымыз бір сағат бойы тоқтамаған. Егер «Әжелер ансамблін» сахнаға шыға­рып, сөз сайысын орта жолдан доғар­маса, есепсіз жалғай беруден тайын­байтын едік.
    Кейін он ойланып, жүз толғанып, бір байламға келдім. Оның басты себебі – Ораз екеуміз немере ағайын­быз. Ел алдында айтысып жатқанымыз жараспайтын сияқтанды. Есесіне Ораздың жанкүйері мен бапкері болуды қаладым. «Мен Мұқағалидың ізімен жүрейін, сен Көдек атамның жолына түс» дедім оған. Бапкері бол­ған соң ба, Ораздың барлық айты­сы менің жадымда әлі күнге дейін сайрап тұр.
    Біз 13 жасымыздан бастап өлең өлкесінде бірге жүрдік. Жұбымыз жазылмады. Алдағы күндерден де соны күттік. …Сол күні әкемнің қырық күндік асына келе жаттық. Амал қанша, бұл сапар – Ораз бауырымның соңғы сапарына айналды.
    Ораз-ау, есіңде ме,
    біз ол кезде он үште едік?!
    Ойын мен ойды қатар тегістедік.
    Хантәңірі, Қарадала арасында,
    Үлгермеген жас едік жеміс беріп.
    Ақсақалдар алқалап жыр айт десе,
    Бірімізге біріміз беріспедік.
    Ауызға келген сөзді айта салып,
    Алаңсыз отыратын періште едік.
    Ораз-ау, есіңде ме, біз ол кезде он үште едік!
    Қазір аяулы досқа арнап «Көк­қасқа» деген дастан жазу үстіндемін.
    – Өлең қонған әулеттен екенсіз. Сол ерекшеліктен қандай ой түюге болады? 
    – Анам Бәтима – ақын болған, қара өлеңде дес бермеген жан. Биыл 91-ге келді. Әжемнің аты – Нұрила. Ол кісінің де қоңыраулатқан дауысы жыр шумақтарымен үйлескенде жұртты жалт қарататын. 105 жасында дүниеден озды.
    Балалықтың мына суреттері көз алдымнан кетпейді. Таңғы бесте тұрып, атам мен апамның қасынан орын аламын. Күрең қасқа шайды ол кісілермен бірге ішіп, әңгімелерін тыңдаймын. Бір-біріне түстерін жорытады. Елдік шежірені шертеді. Ой бөліседі. Дұрыс сөзге тоқтап, оның мәні мен мағынасына ден қояды. Қазір пайымдап қарасам, мен нағыз халық университетінің мектебінен өткендеймін.
    Аталарымыз «Әліппені» аш­пағаны­­мызға қарамастан бізді батыр­­лар жырына, аңыз-дастандарға қанықтырды. Бұдан үлкен қандай тәрбие бар? Біз осылай өстік.
    – Сіздер қоғамдар ауыс­қандағы өтпелі кезеңге тап келген ұрпақ­сыздар. Соған қарамастан асыл мұраттан айнымай, өлең өлкесінде өнімді еңбек еттіңіздер. Мұндай күш-қуатты қайдан алдыңыздар?
    – Өлеңге, өнерге деген махаббат бізді күйреуден қорғады. Қиындық­тармен күресуге дағдыландырды. Жетілдірді және ширатты.
    Тоқсаныншы жылдардың басын­дағы күнкөріс күйзелісі мықтылардың өзін сансыратты. Тұрмыс тауқы­метінің әсерінен әдебиетпен қош айтысқан ағалар да болды. Ал менің жанкешті әріптестерім – Маралтай Райымбекұлы, Бауыржан Бабажан, Жарас Сәрсек, марқұм Әмірхан Балқыбек, Әлібек Шегебай, Бекжан Әшірбаевтар шу асаудың жалына жармасқандай халде алға қарай шапқылады. Уақыттың сындарлы сәттері ешкімді аямады. Сұрыптап, қалбырлап екшеуден өткізді. Құдай оңдағанда, торкөзден төмен түсіп кетпей, қалбырдың бетінде қалған некен-саяқтар мына біздер едік.
    Темірхан Медетбек ағамыздың бәрімізді «алтынкөпірліктерге» теңейтіні бар. Себебі біз үзілгенді жалғауға, морылып кеткен дүниенің ортасында көпір болуға үлес қостық. «Алтынкөпірліктер» ұғымы – жастарға арналған мәртебелі баға. Бұл сөз күш-қуатымызды одан сайын арттырды.
    – Сіз – филологсыз. Бірақ оқуды осымен біттіге санамапсыз. Өнер акаде­миясынан да диплом алдыңыз. Сахна өнері мен сөз өнерін шендестіруге ұмтылыпсыз. Осы үрдістен нені аңғаруға болады? 
    – Өнер академиясынан бұрын, Абай атындағы АлМУ-да философия кафедрасының аспирантурасын бітірдім. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанындағы саясат философиясын тақырып етіп алдым. «Құтты білік» – жай кітап емес. Өз заманының Ата Заңы. Ел басқару үшін Боғра хан жаздырған дейді. Ғылымның бұл саласын да зерттеген жай бар.
    Қадыршат Шүленбаев дейтін академик көкеміз болды. Философия кафедрасының меңгерушісі. Туыстық жағынан үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Өзі Баянауылдың перзенті. Бірақ маған ықыласы ерекше ауды. Мен дәріс кезінде Қадыршат ағамен жарыса сөйлегендей болып, түрлі сұрақтар қоятынмын. «Бақыт, Баянауылда, Арқада ағайын-туыс жеткілікті. Аспирантураға алшы, ақысын берейін дегендер де толып жатыр. Бірақ мен сені таңдадым. Неге? Өйткені философияда өз ойы, жеке пікірі бар, терең толғаныспен әңгіме айта алатын адамдар қазір жоқтың қасы. Бәрі дайын тұрған дәйектерге жүгінеді. Ал сен – ойы ұшқыр ақынсың, импровизаторсың, көрген-білгенің аз емес. Саған сенім артқаным сондықтан», – деді.
    Өнер академиясына келгендегі мақсатым, драматургияны меңгеру еді. Бір күні Маман Байсеркенов дейтін атақты режиссеріміз: «Бақыт, шынымен драматург болғың келіп жүр ме? Драматург болу үшін режиссураны білу керек. Сен маған кел», – деді.
    Сөйтіп, кейін бір-бір театрдың тізгінін ұстаған азаматтар – Асхат Маемеров, Талғат Көдеков, марқұм Рүстем Есдәулет сынды мықтылармен курстас болып шыға келдім. Маман аға дұрыс айтыпты, режиссура маған сахна өнерінің құпияларын үйретті. Талғам мен танымды байытты. Соның арқасында 26 жасымда «Махамбет» атты тарихи драманы жаздым. «Ұлым, саған айтамын», «Тағдыр тақтасын», «Жүректің көзі ашылса», «9 грамм» секілді туындылар бірінен соң бірі дүниеге келді.
    «Сөз өнері дертпен тең» дейді. Менің ойымша, сахна өнерінің дерті одан да зор секілді. Өйткені шығарманың құны актерлар ойнағанда анықталады. Нашар драмаға актерлар да қиналады, халық та қабылдамайды. Режиссураны меңгеру арқылы осыны таразылаудың мүмкіндігін таптым.
    Мәселен, Мұқағалидың кез келген өлеңі сахнаны жайнатады. Жүрекке жетеді. Абайдың поэзия туралы анықтамасы бар ғой. Сол ережені орындаған жалғыз ақын Мұқағали деп түсінемін. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы». Мұқағалидың кез келген өлеңінен музыканың үні естіледі. Сахналық монологқа дайын тұрады. Кейде ішкі қыжылыңды ақтарайын деп ойың жетпей, ойың жетсе, тілің жетпей тұрған кезде барлық қисынды Мұқағалидың кітабынан табасың.
    – Сіз алғашқы лектің қатарында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атандыңыз. Бұдан қандай жауапкершілікті сезіндіңіз? Бұл сыйлық қандай жаңа ізденістерге құлшындырды?
    – Студент кезімде «Кең дүние» деген алғашқы кітабым шықты. Көрнекті ақын Нұрлан Оразалин алғысөз жазған. 21 жасымда Жазу­шылар одағына мүше болдым. 36 жасымда халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алдым. «Уақыт жүрегі» деген жыр кітабым үшін берді. «Алаш» сыйлығы тарихында оның иегері атанғандардың ең жасы мен екенмін.
    Бұл сыйлықтың жолы үлкен еді. Онда Алаш арыстарының рухы жатқандай болып көрінетін. Қазір де лауреат атанушыларға биік көз­қарас­пен қарағым келеді. Мықты қалам­герлер жүлдені зиялы бәсеке бойынша жеңіп алса, қандай ғанибет! Бәрін қалыбына келтіруге болады, қиын шаруа емес.
    – Бірнеше жыл бұрын Жазушылар одағы басқар­масы төрағасының орын­басары болдыңыз? Одақ қызметіне қосқан үлесіңіз қандай? Жасап үлгермеген идеяларыңыз бар ма?
    – Мен Жазушылар одағы басқар­масы төрағасының орынбасарлығын атқарып жүрген қалыпты жұмысымның жалғасы ретінде сезіндім. Өйткені осындағы Әдебиетшілер үйінде 10 жыл директор болдым. Қара шаңырақты қалам ұстаған жастардың шығармашылық орталығына айнал­дыруға тырысқанмын.
    Орынбасарлық бұрынғы мақсат­тарыма үйлесе кетті. Өзімнің пайым­дауымша, жоспарлы шаралар аз ат­қарылған жоқ. Жас ақын-жазу­шылар­дың фестивалі өтті. Басқа да жұмыстарды ұтымды ұйымдас­тырдық. Барынша жаңашылдыққа бет бұрдық. Руханияттың сапасын арттыруға күш салдық. Мемлекеттік деңгеймен қарасақ, экономика – форма. Ал идеология – руханият – мазмұн. Форма мен мазмұн бір-бірін толықтырып тұруы керек. Соның ойдағыдай орындалуына ықпал еттік деп ойлаймын.
    – Туған ауданыңыздың Қарадала өңірінде жат­қанын мақтан тұтасыз. Бұл өлкенің Қарадала атануында қандай сыр бар?
    – Қарадала, Қарадала!.. Біздің қазақтың тарихы мың қатпарлы, терең. Тәпсірлесең талай дүние ақтарылады. Қазақтың төрт аймағында, төрт құбыламызда төрт Қарадала бар. Қара деген – ұлы деген сөздің баламасы. Қара шаңырақ – ұлы шаңырақ!
    Туған топырағың болған соң оның арғы-бергісін зерттемей тұра алмай­сың. Жақында өтетін 50 жылдық мерей­тойымда жыр бәйгенің тақыры­бына Қарадаланы шығардым.
    Біздің өлкеде сырын ішіне бүккен жұмбақтар көп. 60-жылы Есік көлі табиғаттың көз жасы сияқтанып ағып кетті. Ол шежіре ұмытылмаса дейсің. Қарадаланың басында атақты Ойрантөбе тұр. Райымбек атамыз жоңғарды қынадай қырған жер. Бұл жайында жазылған әдеби-көркем, танымдық еңбектер жоқтың қасы. Есік қорғаны, Таутүргенде таңбалы тастар тұр. Бұғытының өзі бір аңыз. Шарын шатқалдары туристерді таңғал­дырады. Аспантаудың айна­ласы, Хантәңірінің етегі бәрі тұнған тылсым табиғат. Соны ақындар жырласын дедім.
    Қарадалада Жетісудың тұңғыш мектебі ашылған. 1905 жылы бас­талып, 1909 жылы шатырын көтер­ген. Ұйымдастырған – Жаңабай Құдайбергенов. Нарынқол, Кеген, Шонжы, Шелек, Жаркентті қамтыған. Үш ауданның ауқатты адамдары қаражат қосып, құрылыс жүргізген. Мектеп үйін қарағайдан қиып салған екен. Жан-жақтан таңдап әкелінген балалар мұнда жатып оқыған. Сол мектептің түлектері 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс сардарлары болып бой көрсетті емес пе?!
    – Сіздің шаңырақты әдебиетшілердің ғана емес, әртістердің де от­басына лайық көрсек, ерсі емес шығар. Жеңгеміз – белгілі сахна шебері. Өзіңіз де Бауыржан Момыш­ұлының бейнесін сомдап, экраннан көріндіңіз. Өнер иелерінің бір шаңы­рақта тоғысқаны қандай жетіс­тіктерге жеткізді деп ойлайсыз?
    –Үйдегі жеңгең Айзада Сатыбалдиева да Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер. Қызым да актриса. Балам да актер. Ең үлкен ағам Сейсен де ән мен жырды өміріне өзек етуші еді. Ортаншы ағам Дүйсен нағыз бесаспаптың өзі еді. Талғардағы Мәдениет үйінде «Алатау аясында» ансамблінің жетекшісі болды. Екі бауырым да жас кетті.
    Мен де өзімше бесаспаппын. Әдебиетшілермен де, үйдегі үш әртіспен де тез тіл табысамын. Кезінде М.Әуезов атындағы әкемтеатрдың атақты режиссері Әзірбайжан Мәмбетовпен төрт жыл бірге жұмыс істедім. Ғ. Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында да болдым. Әдебиет бөлімдерін бас­қардым. Сондықтан үйдегі үш әртіске молынан керекпін. Жазу-сызуларына көмектесемін. Ойнаған спектакльдерін сараптап, сын айтамын. «Екейде алпыс бақсы, сексен ақын, Қосылып зікір салар кешке жақынның» кері.
    Әрқайсысының өз пікірі, өзінің амбициясы бар. Соған қарамастан өнерпаздық жолымыз тоғыспауы керек. Тоғысса – оның несі өнер?! Осы ауыр міндетті оларға түсіндіріп, ұқтырып отырамын. Әйтпесе Барысхан ұлым мектепті кілең «беске» оқыды. Ағылшынша судай ағады. Алайда ол да өнер жолын таңдады. Ең бастысы, мақсат-мұрат, мүдде ортақ болған сайын бәрі ымыраласады.
    – М.Әуезов театрында «Мұқағали» атты пьесаңыз сәтті сахналанды. Ал Алаш қайрат­керлеріне арналған ­«9 ­грамм» атты драмалық шығар­маңыз жоғарыдағы жұмысты толықтыра түскендей көрінді. Бұл туралы не айтасыз? 
    – Менің қоғамға деген өкпе-назым драмаларда өріледі. Шығармаларды жазу үстінде шиыршық атамын. Алаңға шығып, айқайлап тұрғандай сезінемін. Әлиханнан – Алтынбекке дейнгі Алаш арыстарының рухына бағышталған десем де, «9 грамм» пьесасы таза Алтынбек Сәрсенбайұлының тағдыры.
    Режиссер Жұлдызбек Жұманбай бір тор, бір доппен бәрін түсіндіре алған. Драманың ерекшелігі, ол жанды ағза секілді. Ертең жаңарып, жаңғырып, басқаша сахналанады. Драмада бір ойды жүйеге салудың өзі жүйкеге жүк түсіреді. Сәтті шықса, шаршағаның ұмытылады. Мен жазған кейіпкерлер сахналық образға айналғанда, көрермен оны жылы қабылдады.
    – Мерейжасыңыз құтты болсын! 50-ді жастар үлкен дейді. Үлкендер жас дейді. Өзіңізді қалай сезініп жүрсіз? Жаратқан ие сізге тағы бір елу жасты нәсіп етсе, қалай пайдаланар едіңіз? 
    –Кезінде жарықтық Шона Смаханұлы «Елуге дейін өрмелейсің, елуден кейін дөңгелейсің» деген екен. Құдайдан тағы елу жыл сұрамаймын. Елуде ес тоқтатсақ – ол да үлкен олжа.
    Адамға кейде бақыт береді де, уақыт бермей қояды. Мәселен, Бекзат Саттархановқа бақыт берді, бірақ уақыт бермеді. Шығармашылықтың қажырлы жұмысын қара нардай мойныма артса екен деп тілеймін.
    Шын дүние туу үшін құрбандық керек. Құрбандықсыз құнды дүние шықпайды. Бауырыңды жоғалтасың, досыңды жоғалтасың, әйеліңді ренжітесің, бала-шағаңды жылатуың мүмкін, айналаға басқаша көзқарас туғызуың да ғажап емес. Есесіне, шығармашылық мықты болады. Соған батылы жеткен бір «жынды» менмін. Өзімнің қуанышымды, өзімнің бақытымды шығармашылық жолында құрбандыққа шалдым деп ойлаймын!
    – Әңгімеңізге рақмет! 
    Сұхбаттасқан – Болат Мәжит

    Ұсынымдар

    Жолдың жайы – елдің жайы

    Жолдың жайы – елдің жайы

    2 months ago
    Бірлік пен келісім – ел дамуының негізі

    Бірлік пен келісім – ел дамуының негізі

    1 month ago
    Бағаның бағамы – базарда…

    Бағаның бағамы – базарда…

    2 years ago
    Әрекетке – берекет

    Әрекетке – берекет

    1 year ago
    ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлауға 400-дей бақылаушы жібереді

    ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлауға 400-дей бақылаушы жібереді

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>