Уақыт белдеуін өзгерту – қоғамда ең көп талқыланатын тақырыптың бірі. Елімізде уақыт белдеуінің алға жылжығанына бір жылдан асты. Жыл бойы халықтың пікірі екіге жарылып, бірі қолдаса, екіншісі ыңғайсыз екенін айтып дабыл қақты. Осы орайда Тасашы ауылдық Мәдениет үйінде бірыңғай уақыт белдеуі мәселесіне қатысты жиын өтті.
Басқосуға облыстық дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының директоры Ербол Кәкімсейітов, директордың орынбасары Хамитжан Данияр, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қанат Бектенов, мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған Қанат Бектенов бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты мәселе бұған дейін ҚР Сауда және интеграция министрлігінде талқыланғанын, қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысындағы 9 аудан жұмыс кестесін ауыстырғанын жеткізді. Оған сәйкес, жұмыс таңғы 08:00-де басталып, 17:30-да аяқталатынын, ал түскі үзіліс 12:00-13:30 аралығын қамтитынын, жаңа кесте еңбек өнімділігін арттырып, тұрғындардың уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретінін айтты. Бұл пилоттық жобаны Алматы облысында жүзеге асыру мақсатында тұрғындармен кездесулер өткізіліп, ұсыныстар мен ой-пікірлер жинақталып жатқанын, осы орайда арнайы комиссия құрылғанын тілге тиек етті.
Облыстық дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығының директоры Ербол Кәкімсейітов: «Ел тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жұмыс уақытын 08:00-17:00 аралығына ауыстыру орынды әрі қажетті қадам деп есептеймін. Бұл бастаманың көптеген артықшылығы бар», – дей келе, ол жұмыс уақытын жарық мезгілге сәйкестендіру еңбек өнімділігін арттыру, отбасыға көңіл бөлу, энергияны үнемдеу және экономикалық тиімділіктерді ескеру мақсатында енгізілетінін алға тартты.
Пікір алмасу барысында ауыл тұрғындары комиссия мүшелеріне бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты өздерін толғандырған сауалдарды қойды. Ақтасты орта мектебінің директоры Қымбат Қамбарбекова, интернат меңгерушісі Құралай Оқасова, ауыл тұрғындары Нұргүл Абықанова, Гаухар Әуезханова өз ой-пікірлерін айтып, ұсыныстарын білдірді.
Күн тәртібіндегі мәселені талқылаған соң жұмыс уақытының өзгеруіне байланысты қаулы қабылданды.
– Аудан көлемінде жұмыс уақытын таңғы сағат 8-ге ауыстыру жоспарлануда, бұл өзгеріс қызметкерлер тарапынан оң бағаланып отыр. Қызметкерлердің тиімді әрі сапалы жұмыс істеуі үшін жасалған бұл өзгеріс жақсы нәтиже береді деген үміттеміз, – деп жиынды қорытындылады Қанат Бектенов.
Сонымен, уақыт өзгерісінің басты артықшылығы – ерте басталатын жұмыс күнінің азаматтарға кешке жеке істерімен айналысуға мүмкіндік беретіні әрі жарықты тиімді пайдалану арқылы электр қуатын тұтыну үнемделетіні. Жарық уақытта жұмыс істеу өнімділікті арттырып, тиімділікті жоғарылатады.
Қорытындылап айтар болсақ, ыңғайлы жұмыс уақытына көшу – аймақ тұрғындары үшін маңызды іс. Бұл шешім олардың күнделікті өмірін жеңілдетіп, уақытты барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы