Қарадала – қасиетім ғой, тұнатын,
Қадіріңді қалың ел бар ұғатын.
Бұғыты мен Құлжа таудың арасы,
Іле мен өр – бақша-баудың даласы –
Жер жәннаты – жегжатым мен жұратым.
Шаттанса да, шаршаса да кісінеп,
Сенің жүрек тұсыңа кеп тұратын,
Ал, сөйлесін, асау тұлпар – бір АҚЫН!..
Сол асау тұлпар ақын – Бақыт Беделхан. Ақын өзі айтқандай, Қарадалаға кеп сөйледі. Өзі ғана емес. Күллі қазақтың дарындысы мен қарымдысын, жыршысы мен әншісін, қаламгері мен сахнаның сан саңлағын алып келіп сөйлетті. Ұлы даланың рухын аспандатты.
Қарадаланың қара баласы – бүгінде алаштың арқалы ақыны. Осыдан 50 жыл бұрын Аспантаудың сағасында, Шарынның жағасында дүниеге келген еді. Беделхан атамыз бен Бәтима апамыз бала Бақыттың басқа балалардан ерекшелігін ерте аңғарған еді. Бала күннен жыр-дастанға жаны құмар, ойлы сөзді қағып алар бала Бақыттың қазаққа қызмет етер дана болатынын ана жүрек сезген еді. Мектепте оқып жүргенде тырнақалды туындылары жазылды. Бүгін сол Қарадаланың бала Бақыты 50 деген мерейлі жасқа келді.
Мерейтойға жиналған тұлғалар саны көп болды. Сахна өнерінің саңлағы Асанәлі Әшімов бастаған топтың қатарында Бекжан Тұрыс, Қуандық Қыстықбаев, Нүркен Өтеуіл сынды ел азаматтары бар. Үзеңгілес достары, арқа тұтар ағалары, қамқорлығын көрген іні-қарындастары, ақындар мен жазушылар, Мәжіліс депутаттары, бәрі де Бақыт Беделханның мерейтойына құтты болсын айтып келді. Жай келмей, Қарадаланы ән мен жырға, өнердің, өлеңнің тойына айналдырып, Қарадаланың көгіне қара өлеңнің қасиетінің қонғанын дәлелдеп кетті.
Уақыт жүрегі
Абыз, батыр, Әлмерек бабамыздың басына Құран бағыштап, гүл шоқтарын қоюдан басталған «Мен бәріңмен біргемін» атты мерекелік шара аудандық Мәдениет үйінде жалғасты. Ақынның сурет көрмесі тізілген. Кітаптары да келген қонақтарға таныстырылды. Жаңа ғана баспадан басылып, әлі сиясы кеуіп үлгермеген «Улы сиясын» да қос-қостан сатып алғандар саны көп.
Осыдан бірер ай бұрын республика деңгейінде жыр мүшәйраның өтетінін күллі қазақ естіген. Мерейтой аясында өткен жыр бәйгесінде еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ден астам ақын бағын сынаған. Сол бәйгеден озық болған қаламгерлерді дәл осы кеште марапаттады. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай бастаған қазылар алқасы сарапқа салып, жыр жүйріктерін анықтады. Ең әуелі ынталандыру сыйлықтары табысталды. Бірнеше ақын арнайы дипломға және 300 мың теңгелік сыйақыға ие болды. Мұхтар Күмісбек, Жазира Бақаевалар үшінші орынды иеленіп, 400 мың теңгенің сертификатын ұтты. Айдана Бейсен мен Шапағат Әбдір екінші орын мен 500 мың теңгені қанжығасына байласа, Роза Сейілхан бұл доданың алдында оза шауып, бас бәйгенің иегері атанды. Әрі арнайы диплом мен 1 миллион теңгені иеленді. Жыр бәйгесінде аты озған ақындар Бақыт ағаларының мерейтойына тарту ретінде жыр жолдарын ұсынды.
Кезек көркөмсөз шеберлерінің марапатына келді. «Аспантаудың алақаны» атты оқушылар арасында өткен облыстық көркемсөз шеберлері байқауының да жеңімпаздары дәл осы күні ақын тойынан тобықтай сыйға ие болып қайтты. 100 мың теңгеден басталған сый-сияпаттың бас бәйгесіне 1 миллион теңге ұсынылды.
Қос қазынаның батасы
Бақыт Беделханның мерейтойына арнайы келген қазақ өнерінің корифейі Асанәлі Әшімов батасын берді. Асанәлімен сахнаға ақынның анасы Бәтима апамыз бірге шығып, қос қария ұлдарына ақ тілегін ақтарды. Алаштың Асанәлісі мен Алаштың ақынын өмірге әкелген Бәтима апамыз ағынан жарылды бұл күні. Ұлының қуанышын ел болып өткеріп жатқанына ана көңілі марқайып, сахнада әнін шырқап, елдің ризашылығына бөленді. Ақындығы да бар ананың жадынан суырып айтқан өлеңі де көптің көңілінен шығып қана қоймай, таңданысын да тудырды. Бақытқа ақындықтың ақын анадан дарығанын аңғарды жұрт. Артынан татардың әнін шырқап, Асанәлі Әшімовтың иығына шапанын жауып, баласына әкесіндей қамқорлық танытып жүрген тұлғаға аналық алғысын айтты. Ал Асанәлі Әшімов болса баласындай, тіпті немересіндей жақын көретін Бақытқа шапан кигізіп, қазақтың өлеңін көпке танытып жүрген талантына тәнті екенін, ерекше сыйлайтынын айтып, жүрекжарды лебізін жеткізді. Қос қарияны сахнадан шығаруға ешкім де ниетті емес еді. Өйткені олардың әр сөзі жиналған жұрттың жүрегіне жетіп жатты. Тек уақыт соны шектеп қалды.
Улы сия
Мерейтойдың жалғасы әдеби-шығармашылық кешке ұласты. Ең әуелі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқеавтың Құттықтауын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді. Сондай-ақ ақынды «Алтын барыс» төсбелгісімен марапаттады.
Сонымен қатар шара барысында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Тынымбайұлының, ҚР Президентінің көмекшісі Арман Оразбайұлының, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдың құттықтауларын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан табыс етті. Ал Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлының құттықтау хатын бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым жеткізіп, сый-сияпатын табыстаса, Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова Қарадаланың атын аспандатқан тау ұлына толағай табыс тіледі. Жүректен ағылған сөздерін арнады. Қазақстан Жазушылар одағының құттықтауын Алматы облыстық филиалының жетекшісі Ержан Тоқтар табыстады. Сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазбек Иса, Ринат Зайытов, Мақсат Толықбай, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай және ақын Маралтай Райымбек Бақыттың бағы өлең екенін, сол қара өлең арқылы Бақыт қашанда биікте екенін айтып, ақжарма тілектерін ақтарды. Дәл осы ел азаматтары «Улы сияның» тұсаукесер рәсімін өткізді.
Мен – Қарадаламын…
Мен – мынау қарадаламын!
Намыспын,
Назбын,
Наламын…
Ашуға мінсем,
аспаның да анау – бір уыс,
Аспантауың да бір тұтам болар, қарағым!
Бұл – Бақыт Беделханның Қарадаласын жырға қосқаны. «Мен бәріңмен біргемін!» атты әдеби-шығармашылық кеште Қарадала туралы жыр жолдары ағылды. Ақын өлең оқыды. Бақыт Беделханның сөзіне ән жазған эстраданың жарық жұлдыздары да Шонжының төрінде көңілді кеш ұйымдастырды. Дәл осы күні Нұрлан Әлімжан, Салтанат Бақаева, Айтгүл, Қанат Құдайбергеновтер әнмен шашу шашты. Ал кешегі Құрманғазы мен Тәттімбеттің, Динаның жолын жалғаған Секен Тұрысбеков ағамыз қос ішектің күмбірімен елді бір сілкіп алды.
Олар төртеу еді…
Шараның тізгінін ұстаған ақын Бақыт Жағыпар мен Жұматай Оспанұлы Бақытпен 13 жастан бірге қолдарына домбыра мен қаламды қатар ұстап, тай-құлындай тебісіп өскенін айтып, олардың қатарында от ауызды, орақ тілді Оразалының да бірге болғанын жеткізіп, қазақтың Оразалысын еске алды. Олар төртеу еді… Төртеуі де «сен тұр, мен атайын» дейтіндей азаматтар болатын. Тек төртеуіне төбедегі келмеді. Өйткені олардың бірі Тәңірісіне ерте кетті. Қатарлары азайды. Бірақ үшеуінің жұбы осы күнге дейін жазылған емес.
Үш ақын, үш құрдас, үш дос бұл шараның көрігін ерекше қыздырды. Айтылған сөз де, оқылған жыр да жиналған жұрттың жүрегіне жетіп жатты. Оқушылық кезге саяхат та жасалды. Сол кездері төртеуі бірге түскен естелік суретін қылқаламмен әрлеп, Бақыттың төрінде тұрса деген ниетпен тарту етті. Қазақ өнерінің биігінен ойып тұрып орын алған төрт азаматтың жастық шағындағы бір сәтін қылқаламмен әрлеген суретші Сұлтан Аманжолдың туындысы қазақтың төрт оғланының от жанарларын, өлеңге бастаған алғашқы қадамдарын дөп бергендей.
Той тойға ұласты
Ақын тойын ел болып тойлады. Қарадаланың төсіндегі «Албан» мейрамханасында тағы да ақ тілек ағылды, ақ бата берілді.
Мұқағали дүниеге келгенде Хан Тәңірінің басына қара өлеңнің көші қонған еді. Сол көш етпетте жатқан Қарадалаға табан тірегендей бүгінде. Сол көштің басында, әрине, Бақыт Беделхан тұр. Батыс пен шығыстан, оңтүстік пен солтүстіктен арнайы ат арылтып келген қонақтардың сый-сияпаты да, тілегі де таусылмады. Мұқағали айтқан «нағыз ақын» Бақыт ағамыздың мерейі ғана емес, бұл күні ел мерейі үстем болды.
Ертесінге аудан орталығы Шонжы ауылындағы орталық стадионда Қазақстаның өнер жұлдыздары келіп, гала концерт қойды. Өмірқұл Айниязов, Мұқасан Шахзадаев, Мақсат Рахмет, Әсет Есжан сынды өнерпаздар Шонжының аспанын әнмен тербеді. Бақыт ағамыздың сөзіне жазылған әндердің барлығы туған жерде шырқалды. Кәрі-жастың бәрі жиналып, әуезді әнмен сусындап қайтты.
Түйін:
Қазақ поэзиясында өз жолы бар арқалы ақын Бақыт Белделханның 50 жылдық мерейтойы туған жерде осылайша дүбірлеп өтті. Екі күнге созылған той Қарадаланың қасиетін тағы бір рет ұғындырғандай болды. Ал сол ұлы тойдың көшін Қарадалаға қарай бұруы соққан самалын да, қара тасы мен бауын да, нуын да, суын да жырға қосып, өлеңмен өрнек өрген ақын Бақыт Беделханның Қарадаланың қасиетін танытсам деген ниеті болса керек.
Бұл күні бойындағы барын ақ сүтімен баласының бойына дарытқан ананың тілегіне, ақын ұлын өз немересіндей жақсы көрген абыздың мейірбан жүрегіне еліттік. Інілердің ізетіне, ағалардың қамқорлығына риза болдық. Ердің жасын осылайша ел тойлады. Той тойға ұлассын!
Анар Дүйсенбайқызы