Қарасай ауданының Шамалған ауылдық округінде орналасқан «КЗТА – Казақстан құбыр арматурасы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мұнай, газ, ауа, су, май, мазут және бу тасымалдау кезінде кеңінен қолданылатын шойын қақпақтарын, болаттан құйылған заттар, айналмалы дискілі ысырмалар, бүтіндей дәнекерленген және фланецті шарлы крандар шығарумен айналысады. Кәсіпорын Қазақстанда аталған өнімдерді шығаратын бірден-бір өндіріс орны болып саналады.
2011 жылы алғашқы өнімін шығарған зауыт бұл күндері кеңейіп, өндіріс қуатын арттыра түскен. Жалпы аумағы 4 гектар жерге орналасқан кәсіпорында темірді механикалық өңдейтін, бөлшектерді жинап-құрастыратын, дайын өнімді сырлап-бояйтын цехтар жұмыс істейді. Сонымен қатар мұнда жұмысшылардың ас ішіп, демалуына, жуынып-шайынуына арналған тағы бір ғимарат бой көтеруде.
Бұл еліміздегі темірді механикалық өңдеуден өткізетін жалғыз кәсіпорын болғандықтан оның өніміне деген сұраныс толастаған емес. Негізінен батыс аймақтардағы мұнай өндірумен айналысатын құрылымдар зауыт өнімдеріне қызығушылық танытып отыр.
– Зауытта қойылған жабдықтар негізінен Қытай Халық Республикасынан жеткізілген. Өңдеуді қажет ететін шикізаттар да сол елден әкелінеді. Өкінішке қарай, біздің елімізде аталған бөлшектерді шойыннан құятын арнайы құрылымдар қалыптасып үлгермеген. Біз жартылай әзірленген өнімдерді механикалық өңдеуден өткізіп, құрастырып, бояп-сырлағаннан кейін дайын күйінде тұтынушыларға ұсынамыз. Біздің бөлшектер мұнай, газ, химия саласында қолданылатындықтан оның сапасына деген талап та жоғары. Біз осы талап үдесінен шығу үшін жауапкершілікпен жұмыс істеуді жолға қойғанбыз, – дейді кәсіпорынның өндіріс жөніндегі директоры Аслан Токиев.
Зауытта 40 адам еңбек етеді. Кейбір мамандар Алматыдан қатынап істегенімен, негізгі жұмысшыларды жергілікті тұрғындар құрайды. Олардың алаңсыз еңбек етуі үшін қажетті жағдай жасалған. Болашақта кәсіпорын толық қуатында жұмыс істей бастаған кезде мұнда 150 адам қызмет етеді деп күтілуде.
Жоғары кәсіби шеберлікті қажет ететін өндірісті білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық университетпен әріптестік байланыс орнатылған. Бұл жоба жүзеге асатын болса, университет студенттері зауытта тәжірибеден өтіп, кейін осында келіп еңбек етуге мүмкіндік алады. Осылайша өндіріс пен жоғары оқу орны арасындағы байланыс нығайып, еліміз үшін сапалы мамандар даярлауға жол ашылмақ.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы