Қазақстан әскері құрылғаннан бастап бүгінге дейін қарқынды даму жолынан өтті. Қазіргі әлемдегі күрделі геосаяси жағдайлар ел әскерін одан әрі дамыту ісінде жаңа талаптар мен қауіп-қатерлер мейлінше ескерілу керектігін аңғартты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отан қорғаушылардың әлеуетін арттырып, олардың заманауи ұрыс тәсілдерін меңгеру қажеттігін жиі айтып келеді. Расында әскери күштеріміз – егемен еліміздің қорғаны. Сол үшін де әскери борышқа адалдық танытқан әрбір жауынгедің сап түзеген сәтіндегі сансыз ерлігі мен өнегелі ісін дәріптеудің маңызы зор. Еліміздің бірлігі мен тыныштығын, ішкі тәртібін сақтау және оны күзету маңызды міндеттердің бірі. Осы тұста Ұлттық ұлан әскерлерінің қызметі орасан.
Облыс аумағындағы 6654 әскери бөлім 1962 жылы шаңырақ көтерген. Басында оқу дивизионы болып құрылған бөлім 1993 жылы полк мәртебесін алды. Ал 2017 жылы Ұлттық ұланның оқу бригадасы дәрежесіне көтерілді. Осы уақытқа дейін аталмыш бөлім бактериологиялық, радиациялық, химиялық арнайы бөлімдердің командирлерін және түзеу мекемелеріне қажетті мамандарды даярлап келген. Өткен жылдың соңында Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылындағы аталған Ұлттық ұланның оқу бригадасы Алатау қаласының Жетіген кентіндегі 5574 әсери бөлімінің базасына көшіп келді.
Бүгінде 6654 әскери бөлімде бөлімше командирлері мен сержанттар, байланыс мамандары, аспаз, брондалған техниканың механик-жүргізушісі, атқыш, радиохимиялық, ядролық қорғаныс бөлімшесінің командирлері, автомобильдік, түзету мекемелерін күзететін бөлімшелердің командирлері, қала тыныштығын күзететін, ішкі істер қызметіне көмекші патрульдеу бөлімшелерінің сержанттары сынды 20-ға жуық мамандық оқытылады. «Әскерден ең бірінші темірдей төзім талап етіледі, ерлік – екінші орындағы нәрсе», – деп Наполеон Бонапарт айтқандай, аталған бөлімде әскерилердің кәсіби біліктілігі мен төзімділігі қатар шыңдалады. Сонымен қоса, 6654 әскери бөлімінде Қазақстандағы Ұлттық ұланға қызметтік иттер дайындайтын кинология орталығы жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, 6654 әскери бөлім Ұлттық ұланның жас мамандарын дайындайтын еліміздегі бірегей орталық. Олар еліміздің кез-келген өңірінде төтенше жағдай орын алса, бірінші алғы шепке аттанады.
Әскери бөлім қызыметкерлерінің сөзінше, 2023 жылдан бастап ондағы офицерлер мен келісімшарттағы қызметшілердің жалақысы кезең-кезеңімен өсіріле бастапты. Сонымен қоса, 20 жыл әскери қызметте болған жандарға баспана алуға барынша қолдау көрсетіледі. Жаңа базаға қоныс аударған 6654 әскери бөлім бүгінде өздері тұрған аумақты жасылдандыруға күш салып, күзде елімізде өтетін Орта Азия елдерінің бітімгершілік оқу-жаттығуына қызу дайындалу үстінде.
Аталған әскери бөлім жас ұрпақтың бойына патриоттық рух дәнін сеуіп, адамгершілік мұраты биік азамат етіп тәрбиелеу бағытында мектептерде ашылған «Жас сарбаз» ұйымының кеңінен қанат жаюына зор үлес қосып келеді. Бүгінде 6654 әскери бөлім мен мектептер арасындағы ортақ келісім негізінде әскери-патриоттық орталықтар құрылған. Ұлттық ұлан сарбаздары алда отансүйгіштікке баулитын орталықтар санын көбейтуге күш салмақ.
Кез келген елдегі прогресс қорғаныстың қуаты мен әскердің әлеуетімен өлшенетіні ақиқат. Бұл тегін емес. Себебі стратегиялық маңызға ие саланың қашанда сақ әрі дәуірге сай болуы – бүгінгідей алмағайып заманда баршаның көкейін тескен кесек мәселе. Қазір әлем елдерінің қорғану тәсілдері мен соғыстың алдын-алу шарттары мүлдем өзгерген. Әуелі, әскердің қарақұрым көптігі емес, жаужүрек жауынгердің озық техниканы меңгеруі мен кәсіби біліктілікті арттыруы – басты міндет. Білікті сарбаздар қашанда ел қорғанысының тірегі саналмақ.
Ерзат АСЫЛ
Алатау қаласы