Адам өміріндегі асыл құндылықтардың бірі – мейірім мен жан жылуы. Ал соның ішіндегі ең сауапты іс – мұқтаж жанға қамқорлық көрсетіп, бала жүрегіне шаттық сыйлау. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алматы қаласындағы «Парасат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған қайырымдылық шарасы өтті.
«Самғау» халықаралық ән-би өнер байқауы мен Парасат” орталығы бірлесіп балалардың жүзіне шуақ, бойына қуат сыйлады. Екі ұйымның үндестігі – өнер мен жанашырлықтың тоғысқан тұсы десек артық емес. Бірі – талантты тәрбиелесе, екіншісі – ерекше жандарға үміт ұялатады.
Мерекелік кештің шымылдығы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Ерке Әкімжановтың орындауындағы «Мен қазақтың баласы» әнімен түрілді. Ізін ала «Самғау» байқауына қатысып, дарынымен дараланып жүрген Омар Қанапия, Керімсал Кешеубай, Інжумаржан Рахат және Ақтоты Нұрмолда өнерлерін ортаға салды. Ресей, Түркия, Өзбекстан сынды елдерде өткен байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жас таланттар ерекше балалардың көңілін әнмен демеп, жандарына жылылық сыйлады. Салтанатты кешке арнайы келген Еңбекшіқазақ ауданының өнерпазы Тимур Воронин ұстазы Болатхан Игіліковпен қосылып «Ерке сылқым» күйін домбырамен орындап, көрерменді тәнті етті. Есік қаласының шығармашыл жастары, «Сырғалым-2» бөбекжай-бақшасының биші қыздары көпшіліктің қошеметін иеленді.
Салтанатты шара соңында ерекше балдырғандарға “Самғау” халықаралық байқауы атынан сый-сияпат көрсетілді. Сонымен қатар “Парасат” орталығының басшысы Нұрғайым Дүйсенбаева бастаған ұжымға Алғыс хаттар табысталды. Өз кезегінде орталық ұжымы да ризашылық білдіріп, өнерпаздар мен ұйымдастырушыларға ыстық ықылас танытты. «Парасат» пен «Самғау» – екі түрлі бағыттағы, бірақ жүрегі бір мақсатта соққан ұйымдар. Бірі – тағдыр сынағына түскен балалардың өміріне үміт сыйласа, екіншісі – талантты ұрпақты қанаттандырып, армандарына жол ашады. Біз осы ұлы жолда бірлесіп, ізгілікпен үндесіп, қайырымдылықты ортақ мұратқа айналдыруымыз қажет. Балалардың күлкісінен артық бақыт жоқ. Бүгінгі күн – сол бақытқа себеп болған сәттердің бірі болды. Жүрегі ізгі, ниеті таза, мейірімге толы жандар көбейе берсін!
Индира Рахметова
«Самғау» халықаралық ән-би байқауының президенті