Қаскелең гуманитарлық колледжінде жастар арасындағы өзекті мәселелерді қозғаған ақпараттық-танымдық жиын өтті. «SAQTAN» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға 70-тен астам студент қатысып, түрлі психоәлеуметтік тәуекелдер туралы білікті мамандардан кеңес алды.
Кездесу барысында қатысушылар мен сала сарапшылары еркін форматта пікір алмасып, нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік және суицидтің себеп-салдарын жан-жақты талдады. Психологтар мұндай жағдайлардың ішкі күйзеліс, отбасындағы қарым-қатынас және әлеуметтік орта әсерінен туындайтынын атап өтті.
«Нашақорлыққа немесе ойынға тәуелділік бір күнде туындамайды. Көбіне адам ішкі уайымын ешкіммен бөлісе алмай, жалғыз қалады. Суицид те сол, шығатын жол жоқ деп ойлаудың салдарынан орын алады. Осындайда жаныңда тыңдайтын, түсінетін бір адам болса, көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Сондықтан біз жастарға ұрысып емес, сөйлесіп, қолдау көрсетуіміз керек», – дейді Бастапқы психикалық денсаулық орталығының мәжбүрлеп емдеу бөлімшесінің басшысы міндетін атқарушы Думан Қырықбаев.
Жастардың қазіргі жағдайына қатысты ресми статистика да алаңдатарлық. Алматы облысында 430 мыңнан астам жас бар, бұл – өңір халқының шамамен 28 пайызы. Соның ішінде 26 мыңнан астамы – NEET санатындағы, яғни оқымайтын, жұмыс істемейтін және ешбір әлеуметтік бағдарламамен қамтылмаған жастар.
Жоба үйлестірушісі, «PARYZ еріктілері» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділет Айтқазы жастар арасындағы қауіп-қатерлердің алдын алу үшін өңірлік деңгейдегі жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі ахуал нақты әрі тұрақты профилактикалық бағдарламаларды қажет етеді.
«Өткен жылы облыста 21 өз-өзіне қол салу дерегі мен 32 суицид әрекеті тіркелді. Ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында жастар тарапынан 2 184 қылмыс жасалып, оның 485-і ауыр және аса ауыр қылмыс санатына енген. Бұл көрсеткіштер жастармен тұрақты негізде жұмыс жүргізу қажеттігін дәлелдейді. «SAQTAN» жобасы – осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі», – деді жоба жетекшісі Әділет Айтқазы.
Бағдарлама алты кезеңнен тұрады. Онда түсіндіру жұмыстарымен қатар, спорттық сайыс, әлеуметтік бейнероликтер дайындау, есірткі жарнамасына қарсы шолу мен түнгі рейдтер қарастырылған. Бұл әрекеттер жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп, ақпараттық және психологиялық қолдауды арттыруға бағытталған.
Бұдан бөлек, Қаскелең қаласындағы еріктілер есірткі жарнамасына қатысты қауіпті контентті жою жұмысын қолға алды. Нәтижесінде қала ішіндегі жұмысқа шақыру сылтауымен есірткі таралуын насихаттайтын ондаған граффити жойылды.
Шара соңында Қарасай аудандық мәслихатының депутаты Бекжан Сүнбеков пен киокушинкай-кан каратэден әлем чемпионы Медет Әжібек жастармен ашық әңгіме жүргізіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
Айта кетер болсақ, «SAQTAN» жобасы жаз бойы өңірдің 9 ауданы мен 2 қаласында кезең-кезеңімен жүзеге асады. Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша, жоба 2 мыңнан астам жасты тікелей, 50 мыңға жуық адамды жанама түрде қамтиды.
Мәди Сайділдин