Перейти к содержимому
Главная страница » Атадан мал қалғанша…

Атадан мал қалғанша…

      Облыстық табиғи ресурс­тар және таби­ғатты пай­да­лануды рет­теу басқармасына қарасты «Кеген орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Жалағаш» орман­шылығы аумағында орманды қалпына келтіру және молықтыру аясында экологиялық шара өтіп, орман тұқымбағындағы 0,6 гектар көлеміндегі жер теліміне 280 келі Шренк шыршасының тұқымы себілді. Бұл жұмыс экологиялық тепе-теңдікті сақтау және табиғи биоалуантүрлілікті арттыру мақсатында жүргізілді.

Шараны облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану­ды реттеу басқармасы мен Кеген орман шаруашылығы мекемесі ұйым­дастырды. Жалпы аудан аумағында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 2 гектар аумаққа Шренк шыршасының 10 мың көшеті отырғызылды.
Шренк шыршасы – таулы аймақтар­ға бейімделген, топырақ эрозиясын болдырмауға және климаттық жағдай­ларды тұрақтандыруға ықпал ететін маңызды орман ағашы. Оның тұқымын қолмен себу, өсіру технологиясы жөнінде Кеген орман шаруашылығы мекемесінің директоры Айболат Солтанғазиев айтып берді.
– Шренк шыршасының көшетін тау беткейіне апарып, отырғыза беруге болады. Арам шөптен тазартуда кішкене шырша көшетін басып тұрып жұлмасаң, өсіп келе жатқан шырша бірге жұлынып кетеді, – деген жиырма жылдық тәжірибесі бар сақа орманшы Айболат Әскербекұлы шыршаға да ептілік қажет екенін тілге тиек етті.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқар­ма­сының басшысы Қанат Нүсіпбаев:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 млрд ағаш отырғызу туралы тапсырма берген болатын. Соған сәйкес, Алматы облысында 2021-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. Алдағы уақытта 23 мың га жерге 52 млн ағаш өсірілетін болады. Бұл ағаштарды өсіру үшін, ең бірінші бізге көшет қажет. Сол көшеттер осы «Жалағаш» тәлімбағында өсірілуде. Өздеріңіз көргендей, тұқым жиналып, төртжылдық стандарттық көшетке жеткізіліп, содан кейін таулы аймақтарға отырғызылатын болады. Жыл аяғында Қонаев қаласында құны 3,5 млрд болатын 9 га жерде үлкен тәлімбақ салынады, – деді.
Ал «Жалағаш» орманшылығының орманшысы Ернат Кемелбайұлы мұнда егілген шыршаларды күтіп-баптау мен тамшылатып суару жұмысы қолға алынғанын, тұқымды қатты кептіруге болмайтынын, маусым­дық жұмыскерлер таңғы сағат 5-те келіп, күн шықпай арамшөптерін отап, таңертең және кешке екі рет суғарып отыратынын айтты. Жасыл желекті көбейтіп, тазалық мәдениетін қалыптас­тыру қашанда өзекті. «Бір тал ексең, еліңе орман салғаның» деген сөзді мәйек етіп, өңірді көркейтуге үлес қосып жүрген мамандардың бұл жолғы еңбегі – шынымен  көпке үлгі. Ең бастысы – айналаға көрік беріп, тыныс алып жүрген ауамызды тазартып тұратын тіршілік көзінің жасыл желек болып жайқалғаны. Мұндай Табиғат-Анаға деген қамқорлық акциясының алдағы уақытта жалғасын табатынына сеніміміз мол. Жасыл желектің көл-көсір пайдасын білген дана халқымыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп ұрпағына ағаш отырғызудың маңыздылығын айтып кеткен. Табиғатты аялап, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – адамзаттың басты борышы.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы