Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берілген тапсырмасын іске асыру мақсатында Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қазыбек Дәуталиев Балқаш ауданына арнайы келіп, әкімдіктің мәжіліс залында «Жаңа қоғам жағдайындағы жергілікті қоғамдық бақылау: өңірлік мәселелер және шешу жолдары» тақырыбында көшпелі отырыс өткізді.
Аудан тұрғындарының қатысуымен өткен жиында алғашқы сөз алған облыстық қоғамдық кеңестің аграрлық сектор жөніндегі комиссия төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Алматы облысының және Балқаш ауданының Құрметті азаматы Тынышбай Досымбеков табиғатты аялау, дала жануарларының санын арттыру, облыс көлемінде қой шаруашылығын дамыту және жүн, тері өңдеу өндіріс орындарын іске қосу жайында бірқатар мәселелердің жоспарда тұрғанын айтып, осы бағытта қазіргі ғылымның атқарып жатқан жоспарлы жұмыстары жайында әңгіме өрбітті. Аудан әкімі Азат Құтпанбетов Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдағы берген тапсырмаларының аудан деңгейінде іске асырылуы барысы жайында баяндама жасады.
Келесі кезекте сөз алған ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Нұрсейітұлы облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып, «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» қағидасын қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды кеңінен дәріптеу жөнінде өз пікірін білдірді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры Бибігүл Дәндіғараева облыс аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғалуы және «қара археологтармен» күрес жүргізуде жергілікті мемлекеттік органдардың атқаратын қызметіне баса тоқталды.
Бұдан соң «Azamatsha KZ» қайырымдылық қорының төрайымы Мадина Маратқызы көпбалалы аналардың қоғамда алар орны және олардың өмір сүру қағидалары мен кәсіпкерлікпен айналысуы, ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі жайында өз ойын ортаға салса, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, медицина ғылымдарының кандидаты Зинаш Көпжасарқызы ауылдық жерлерде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жайын көтерді.
Ал аудан тұрғындары өз тараптарынан міндетті медициналық сақтандыру, аң-құс аулауға мораторий жариялау, орман шаруашылығынан жер телімін алу мәселелерін көтеріп, саябақтарды күтіп-баптау мақсатында мемлекеттен бөлінетін қаражат аудандық мекемелерге тиесілі болса деген ұсыныстарын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Азат Үкітайұлы жоғарыда көтерілген мәселелердің шешілу жолдарына және аграрлы ауданның тыныс-тіршілігіне тоқталып өтті.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы