5–6 шілде күндері Қонаев қаласындағы Heaven Club демалыс аймағында ашық суда жүзуден халықаралық OCEANMAN-2025 жарысы өтеді. Бұл туралы Алматы облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек мәлімдеді.
Жарыс 2022 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде Қазақстанда ғана емес, шетелдік спортшылар арасында да танылып үлгерді. Жыл сайын қатысушылар саны артып, жарысқа қатысатын елдердің географиялық ауқымы да кеңеюде.
Жарысқа кәсіби спортшылармен бірге әртүрлі жастағы әуесқой жүзушілер де қатысады. Жеңімпаздар жас санаттары бойынша анықталып, арнайы салтанатты рәсімде марапатталады.
Жарыс келесі қашықтықтар бойынша өтеді:
• 10 000 м (OCEANMAN),
• 5 000 м (HALF OCEANMAN),
• 2 000 м (SPRINT),
• 500 м (OCEANKIDS),
• 3х500 м (OCEANTEAMS).
Жүзу кезінде спортшылардың қауіпсіздігін арнайы құтқару қызметі қамтамасыз етеді.
Бұл жарыс әлемнің әр түкпірінен әуесқойлар мен кәсіби спортшыларды жинап, Қазақстанда ашық суда жүзу спортының дамуына серпін бермек.