Шалкөдеде кіндік қаны тамған таланттың өлеңге, өнерге, өмірге деген іңкәрлігі бала күннен басталды. Аспантаудың баурайында өскен ол алғаш домбыраны қолына ұстағанда, тағдыр оның маңдайына ақындық пен арлылықты, азаматтық пен адалдықты бірге жазып қойғандай. Мұны тегі асыл, тәрбиесі биік, болмысы бекзат шайырдың жанынан төгілген шуақ, сөзінен сезілген шындықтың өзі-ақ дәйектейді. Қазақтың кең даласындай көңілі мен кіршіксіз баладай пейілімен көзге түсетін ақкөңіл жанды танымайтындар кемде-кем. Жұматай деген есімді естігенде ең алдымен қазақ поэзиясына ерекше леп әкелген дара тұлға Жұматай Жақыпбаев еске түссе, содан кейін көз алдыңа домбыра ұстаған айтыскердің бозторғайдай үні, сахнада жарқыраған өнер иесі, қаламы қарымды журналист, жүрегі жомарт қайраткер, Мұқағали ағасы айтқандай «Қазақтың дәл өзіндей қарапайым» қара өлеңге өзінше сүрлеу салған шайыр Жұматай Оспанұлы елестейді. Жаз жайлаудай жайдары мінезі мен жүрекке жылы үні бар бұл азаматтың ғұмыры – поэзия мен парасат тоғысқан тағдырдың тұнық айнасы.
Жұматай Оспанұлы өнер жолын ауылдан бастаған жан. Қасиетті топырақ, киелі мекен – туған ауылы Шалкөде оның жүрегіне өнер мен өлеңнің дәнін қатар септі. Домбыраға қолы алғаш тигенде-ақ оның жүрегінен күй де, жыр да, айтысқа деген ықылас та бірге оянды. Жазғы жайлау, күзгі қоныс, қыс қыстау, көркем көктем – бәрі де бала қиялын тербеген. Сөйтіп, жанының алғашқы жыры ауыл аспанында жаңғырып, өлең деген киелі әлемге аяқ басты. Сахна мен поэзия – оның тағдыр-тағылымының егіз тамырына айналды. Анасының сүтінен дарыған мейірім мен әкесінің қабағынан сіңген тәрбие ақынның бойына тектіліктің тұнығын ұялатып, ақсақалдардың батасы мен әжелердің ақ тілеуі болмысы тұтас бір ұлттың рухын бойына сіңіргендей.
Ол – өз елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған журналист әрі сырлы сезімнің сырбаз ақыны. Өлеңімен өмірдің сырын сездіріп, мақаласымен қоғамның тамырын дөп басты. Қаламынан туған әр сөз адалдықпен кестеленіп, табиғи болмысымен ерекшеленеді. Сол үшін де оның шынайы дарынына лайықты құрмет-қошеметін аямаған жұртшылық ақынын ардақтап, айрықша қадірлейді. Әйтпесе өз басы мақтау мен мадақтан, даңқ пен дабырадан ада.
Міне, сол Жұматай Оспанұлын халық бірде сахнадағы актер ретінде, бірде газеттегі өткір ойлы журналист ретінде, бірі қайырымдылық бастаманың басында жүрген жанашыр ретінде таниды. Бәрінің айтатыны бір – «Жұматай – адамгершілігі асқақ, шыншыл, шынайы, шырайлы азамат». Өнерде де, өмірде де өзін жоғалтпаған жан сахнада қанша бейнені сомдаса да, жүрегіндегі бір ғана бейне өз болмысын ешқашан өзгертпеген. Ол театрдағы биік өнері үшін ҚР Мәдениет қайраткері атанса, қаламгерлік жолдағы, машақаты көп газет саласындағы еңбегі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденін алды. Бұл – оның тұлғалық тұғырына қонған лайықты марапат.
Ақынның ішкі жандүниесінің сыртқы көрінісіндей болған қайырымдылық қағидасы да өмірінің өзегіне айналған. Ол өзі бас болып құрған «Жетісу шапағаты» қоры арқылы мыңдаған жанға жылу сыйлап, жесірін жылатпай, жетімін қаңғыртпаған қазақтың қастерлі ұғымын арттыра түсті.
Жұматай Оспанұлының бір даралап айтар қасиеті – ақындығы. Оның жырларындағы ерекше иірім дала мен адамды, сағыныш пен сағымды, жүрек пен жүректі табыстырады. Ақын жүрегі туған жерін, ата-анасын, өткенін, елін – бәрін бірдей сүйеді. Сол сүйіспеншілігі жыр болып өріледі. Оның поэзиясы – пәлсапа мен пайым, сағыныш пен сыр, махаббат пен мұңның жымдасқан жиынтығы.
Жұматай аға – отбасында да өнегелі әке. Ұл-қыздарын ізгілікке, ұлтжандылыққа баулып өсіргені көпке үлгі. Жан жары Лаурамен жарасым тапқан шаңырағы айналаға жылу шашып тұрған ошақ секілді. Берекесі мен бірлігі көпке үлгі. Ол әке ретінде ғана емес, аға ретінде де өзінен кішілерге қамқор. Бір ауылдан түлеп ұшқан маған да інісіндей қамқорлық танытып келеді. Сондықтан ағам туралы айтқанда, ең алдымен, оның адамгершілігі мен кісілік қасиеті алға шығады. Осынау жақсы қасиеттерді Жұматай Оспанұлы туған жерінен бойына дарытқаны рас. Шалкөдесі – оның жан жұмағы, рухани тірегі. Сол топырақтан дарыған тектілік, кеңдік, аңқылдаған ақ көңіл – ағамның болмысындағы басты белгілер. Жұматай Оспанұлы маған тек ауылдас аға ретінде ғана емес, ұстаз, шын жанашыр, ақылшы, қамқор адам ретінде ойып алар орны бар тау тұғыр десем артық айтпағаным. Мектеп табалдырығында оқып жүргенімізде ұстаздарымыз ағамның ілімі мен білімін, сабыры мен танымын, кең жүректі ұғымын, дарыны мен қабілет-қарымын үнемі үлгі етіп, өнеге қылатын. Міне, сол ақын ағамыздай болсақ деген арманның қанатында қалықтап мектеппен қоштасқанда да мені жетелеп, қолымнан ұстап, алғаш газет редакциясының табалдырығын аттатқан осы кісі еді. «Жаз! Қағазға емес, жүрекке түсір, жүректен шықса, жүрекке жетуі жеңіл» деген бір-ақ ауыз сөзі өмірлік ұстанымыма айналды. Ол сенім, ол тілек мен үшін үлкен мектеп болды. Бір емес, талай ініні жетелеп, әрқайсысының жолын ашқан Жұматай ағаның жан жылуы бір әулеттің емес, бір ауылдың шамы сияқты. Бір рулы елдің ғана емес, бүкіл жұрттың жанын жадыратқан азамат екенін де мақтанышпен айта аламын. Міне, менің Жұматай ағам осындай, жүрісінен салиқалылық, сөзінен сабырлылық аңғарылатын, парасат биігінен төмендемеген біртуар тұлға.
Жұматай ағам туған жерге келгенде, ауылда ерекше көңіл-күй орнайды. Жұрт қуанып, амандасуға балаша асығады. Жас-қариясына дейін жолын тосып, құрметпен қарсы алады. Өйткені бұл кісі келгенде, ауылға бір шапағат ілесіп келетіндей сезімде боламыз. Сол күндері тау да биіктеп, өзен де тұнық ағып, ақынның елге деген адалдығының, ауылға деген сағынышының, халықпен біте қайнасқан табиғатының белгісін әспеттейді. Көзінен күннің шуағындай жылылық, сөзінен көктемнің самалындай тыныштық еседі. Шалғайда жүрсе де, ауылдағы ағайынның амандығын сұрап, бірінің баласына қуанып, бірінің жағдайын ойлап отыратын кең жүректігін бәрі біледі. Ағам – өзінен кейінгі інілер үшін бағыт-бағдар. Ол жүріп өткен жол – жақсылықтың, шаттықтың, тазалық пен ізгіліктің жолы. Осындай ағаның замандасы болу – бақыт, інісі болу – мәртебе. Бір белес емес, бір дәуірдің жүріп өткен жолағы саналатын еңселі 50-ге толып, артына із тастап, алдына үміт ұялатқан азаматтың жарқын мерейтойы құтты болсын! Сіз бар жерде жылылық бар, сенім бар, шаттық бар. Сол сөзден нәр алған ініңіз, өлеңге сүйенген бауырыңыз ретінде шын жүректен айтар алғысым шексіз. Аман болыңыз, аға! Алла қаласа, тағы да алда ұзақ жол күтіп тұр. Ол жол құрметтің, ардың, абыройдың жолы болғай!
ҚАРАЖҰРТ
Бесігіңде өспесе де сан алып,
Есігіңнен басталған бал балалық.
Қасиетті қараша үйдің орны деп,
Келіп тізе бүгіп тұрмын қара жұрт.
Қиялыммен көз жіберіп өткенге,
Сағыныштың қоңыр күйін шерткенде,
Бой көтеріп шыға келді әп сәтте,
Біз есейген шағын ғана төрт бөлме.
Ә дегенше санамда сан ой қаптап,
Еске түсіп, алаңсыз кез, әйбат шақ.
Тұлымшағын желбіретіп аулаға,
Құлын шағым шыға келді ойнақтап.
Мейлі мұны жай ғана бір түс деңдер,
Ақынға тән қиялилау іс деңдер.
Міне, мынау әжем марқұм қынаға
бояп берген сақам алшы түскен жер.
Бәрі қызық сол балалық шақтардың,
Ол күндерді жүрегімде сақтармын.
Мына жерде тесілгенше табаным,
Ләңгі теуіп шаңын бұрқыратқанмын.
Әрқайсысы өз ісіне сүйініп,
Жүнін түтіп, бірі ұршық иіріп.
Күншуақта – ортасында әжем бар,
Отыратын төрт-бес кемпір жиылып.
Уақытында Алласына сыйынып,
Кәрі еменнің бұтағындай иіліп.
Қаза қылмай намазын да оқитын,
Құлшылықтан бір ғаламат сый ұғып.
Анау жерге жүгіруге оқталдым,
Қиялымнан есім жиып тоқталдым.
Арқан есіп, алаша да тоқитын,
Қайран әжем, сен де елес боп қалдың.
Бүгін, міне, сол күндердің бәрі аңыз,
Балғын шақпен сонша алыс арамыз.
Ірімшік, май, құртқа толы қоржыны,
Таудан келіп, мәз қылатын анамыз.
Бәрі есімде ұмытылған жоқ әлі,
Ойлап кетсем, көзіме жас толады.
Анда-санда торы жорға болады,
Мында тұрған бос қораның қонағы.
Малдың бәрі қойлы ауылда, тау жақта,
(Сондықтан көп ашылмайды дәу қақпа).
Картошка мен сәбіз ғана өседі,
Жеміс күтіп, ұстамаймыз бау-бақша.
Тыным бермей сезім оты лаулаған,
Қылығымен жүрегімді баураған.
Ең алғашқы махаббаттың үйіне,
Жігіт болып шыққам осы ауладан.
Алға қарай жетелеумен тәтті арман,
Қол үзгенмін қайталанбас шақтардан.
Балалықтың базарымен қоштасып,
Осы ауладан дәу қалаға аттанғам.
Мұның бәрі өткен күндер баяғы,
Қырық асып, орта жасқа таядым.
Төрт бөлмелі қараша үйде өткізген,
Міне, осылай шағын өмірбаяным.
Бұл күндері тұрғынымын қаланың,
Еркіндік аз, есептеулі әр адым.
Күйбең тірлік илеуінде келемін,
Қамын ойлап өсер бала-шағаның.
Қараша үй – қарашығында көзімнің,
Бәрі уақыт еншісінде – сезіндім.
Дәл бүгінгі балалардың бойынан,
Бал күнімді көре алмаймын өзімнің.
Содан болар ауылды көп сағынам,
Сағынам да, құлазимын, жабығам.
Бірақ бәрі қайта оралып келмейді,
Амалсыздан уақытқа бағынам.
Қандай қиын, оралмайды бала күн,
Қимасам да тастап кетіп барамын.
Енді қашан ораларым белгісіз,
…Қара жұртқа бір бұрылып қарадым!
P.S.
Ошағыңның жылуынан нәр алып,
Босағаңнан екі ұл, бес қыз тарадық.
Қараша үйдің орны болып қалсаң да,
Қасиетіңмен қадірлісің қара жұрт!
БҰЛ МЕНІҢ ДАЛАМ
Ауылға бардым, тауымда болдым,
жауында қалдым нөсерлі.
Мөлдір тамшылар жүзімді жуып,
толтырды көңіл кесемді.
Қамығып көптен, сағынып жеткен,
жанымды менің ұққандай.
Таң нұры өпкен, шалғыны еппен,
кілемдей жолға төселді.
Бала күнімнің базары өткен
далама көңіл қанша ауды?
Балағым түріп, таудан тау асып,
ұмыттым мүлде шаршауды.
Асау өзендер ақ көбігімен
шашуын шашып аспанға,
Ақбас шыңдарым абыз атамдай
құшағын жая қарсы алды.
Майда самалы еркелеткендей
маңдайдан еппен сүйеді,
Қалдырған бабам, аманат маған,
бұл менің далам киелі.
Өзен гүрілі, шөптің сыбдыры,
шырылы шегірткенің де,
Дала оркестрі орындап жатқан
не деген ғажап күй еді?!
Бейбіт күн бүгін салтанат құрған,
бабамның құтты мекені,
Жақпар тастары жаңғырса егер,
зар заман үні жетеді.
Төбе-төбе боп жазықта жатқан,
қорымдарымды қопарсам,
Тіл бітіп әрбір тасына бір сәт,
ғасырлар сөйлеп кетеді.
Аналарымның көз жасы сіңген,
бабаларымның қаны бар,
Далама менің қызыға қарап,
қызғанатындар табылар.
Ұрпаққа жеткен осынау жердің
қасиеті мен киесін,
Тарихын танып, тамырын туған
жерден үзбеген жан ұғар.
Тауларым кейде секілді маған,
шөгіп бір жатқан қара нар,
Қойнауында оның ғасырлар салған
қуаныш та бар, жара бар.
Қайта оралмайтын, қайталанбайтын,
жастығым қалған далама,
Жөңкіле көшкен қазбауыр бұлттар
сағынышымды ала бар.
ТАУДАҒЫ ЖАЗ
Таудағы жаз – жаңбырлы сіркіреген,
Найзағай ойнап, аспан күркіреген.
Аяқ асты көк жүзін торлап алып,
Күннің көзін жасырып, бұлт үдеген.
Қоюланып шөкім бұлт қас-қағымда,
Найзағай ойнақ салған аспанымда.
Жасыны тура тиген нән қарағай,
Морт сынып қара жерді жастануда.
Соқыр тұман бүркеп тау, сай-саланы,
Тас тастам жер көзге әрең байқалады.
Жартасқа соғылғанда жаңғырады,
Итін қосқан қойшының «айтақ» әні.
Түн баласы алған соң барлығы дем,
Оянады еріне таң нұрымен.
Қайта басар түс ауа әуеніне,
Таудағы жаз ерекше жаңбырымен.
Көңілдің сілкіп тастар бұлтын ерен,
Таудағы ақ жаңбырдай сіркіреген.
Найзағай-шабыт ойнап көкірегімде,
Төгілші нөсерлетіп шіркін, өлең!
САҒЫНЫШ
Оқы деп қалаға әкем қумағанда,
Бәлкім, ақын болып та тумағанда.
Қой бағып, қоңыр тірлік кешер ме едiм,
Қойнауы құт киелі бұл даламда?!
Қой бағу атакәсіп, баба мұра,
Болғанмен қала түсті қалауыма.
Ширек ғасыр бұрын жолға шығып едiм,
Қамшымды айырбастап қаламыма.
Кеудемнен итерген жоқ дала мына,
Кірбің де түсірмеген қабағыма.
Керісінше кетерде қимағандай,
Шалғыны оралып ед(і) балағыма.
Сәттілік тілеп әрбір қадамыма,
Таудай бақ бұйырсын деп талабыма.
Шығарып салған кезде қимастықтан,
Ыстық жас үйірілген жанарыма.
Қырық асып, қырма сақал болсақтағы,
Көрінiс көз алдымда сол шақтағы.
Ара-тұра жүзіме із салады,
Домалап сағыныштың моншақтары.
СҮТ МӘШИНЕ
(Райгүл әпкеме)
Жаңалық жиырмасыншы ғасырдағы,
Кім оны кәдесіне асырмады?
Кезінде анам тартқан сүт мәшине,
Көзіме оттай ыстық басылғаны.
Бұл да бiр қойлы ауылдың қызығы да,
Ірімшік, майын қамдап қыз-ұлына,.
Ыңылдап отыратын анам марқұм,
Қосылып сүт мәшине ызыңына.
Уақыт-ай, тоқтамай естің желдей,
Сүт мәшине сәл ғана ескіргендей.
Бiр кездегі жағымсыз дауысынан,
Бүгін бір ғажап әуен естілгендей.
Күн кешкен алып таулар қойнауында,
Сол баяғы тіршілік қойлы ауылда.
Анам барда елеусіз сүт мәшине,
Сонша ыстық болар деп ойладым ба?
Сүт мәшине, бiр қалып ызыңдаған,
Ырғағыңнан айналдым бұзылмаған.
Анам жоқ бүгін бірақ, өзің барсың,
Шүкірлік, артындағы қыз-ұл да аман.
Ақтарып балалықтың дәптерлерін,
Еске алдым бал күндердің сәтті өрнегін,
Анам салған әуен мен сол кәсіпті,
Жалғастырып келеді әпкем менiң!!!
Жұматай ОСПАНҰЛЫ