Алматы облысының білім басқармасы Алматы қаласындағы Балалар үйінің ғимараты апатты жағдайда болуына байланысты ондағы тәрбиеленушілерді Қонаев қаласында салынған жаңа мекемеге көшіру туралы шешім қабылдаған болатын. Осыған орай мәселенің мән-жайын түсіндіру мақсатында пресс-тур ұйымдастырылып, жаңа ғимарат таныстырылды.
Алматы қаласындағы Балалар үйінің ғимараты 1963 жылы салынған. 2024 жылы «Астанақұрылыссервис» ЖШС жүргізген техникалық зерттеу кезінде нысандағы инженерлік желілердің –жылу жене сумен жабдықтау жүйелерінің тозғаны және қалпына келтіруге жарамсыз екені, санитариялық, өрт қауіпсіздігі және құрылыс нормаларына сай келмейтіні анықталып, жер сілкінісі кезінде қабырғаларда жарықтар пайда болған. Ғимаратта бір бөлме асхана және мәжіліс залы ретінде бір мезгілде пайдаланылған.
Қонаевтағы жаңа Балалар үйі 180 балаға арналған. Мұнда кіші және ересек топтарға арналған бөлек асханалар, жеке спорт жене акт залдары, кең ойын алаңы, демалыс аймақтары, кітапхана, медициналық ем қабылдау бөлмелері қарастырылған. Сондай-ақ балалардың шығармашылық дамуына арналған еңбекке баулу, музыка, шаштараз, аспаздыққа үйрететін кабинеттер де бар.
Қазіргі заманғы санитариялық, құрылыс және білім беру стандарттарына толық сәйкес келеді.
– Жаңа ғимарат әкімдіктің 2025 жылғы 9 шілдедегі қаулысына сәйкес Алматы облыстық білім басқармасының балансына өтті. Балалар үйі Алматы қаласында орналасқанымен, заңды тұрғыда Алматы облысына қарайды. Сондықтан тәрбиеленушілерді үй кезегіне тіркеу, медициналық ем қабылдау кезінде қиындықтар болды. Балалар Қонаев қаласына көшірілгеннен кейін бұл мәселелер шешімін табады. Қазіргі кезде балалар мен қызметкерлерге ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда балаларға барлық жағдай жасалған. Заманауи жабдықтармен қамтылып, білім алуына, қауіпсіздігі мен шығармашылық дамуына да баса назар аударылған. Балалар жақын маңдағы мектептерде білім алатын болады және оларды тасымалдауға арналған автобус та қарастырылған., – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Әтенбекова.
Балаларды көшіру кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алғашқы кезеңде 1-4 сыныпта оқитын 44 бала көшіріледі, ал жоғары сынып тәрбиеленушілері әлеуметтік бейімделуді сақтау мақсатында біртіндеп, тамыз айының соңына дейін көшірілетін болады. Қазіргі уақытта мекемеде 171 бала тербиеленуде. 85 қызметкер еңбек етеді.
Балалар үйінің бітіруші түлектері Алматы қаласындағы ғимаратта балалық шағы өткенін, ол жерді қимайтынын айтты. Ал балаларды қолдау орталығының директоры Роза Жақанқызы балалардың қауіпсіздігі өте маңызды екенін, сондықтан оларды ескі ғимаратта қалдыра алмайтынын, жаңа мекемеде жайлы және сапалы жағдай жасалғанын жеткізді.