«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, ежелден тігін тігу, түйме қадау – әр әйелдің міндеті саналатын іс. Бірақ бұл істі кәсіби маман ретінде дамытып, тігіншілік өнердің қыр-сырын меңгеру тіпті басқа әңгіме. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ольга Назарова дәл сондай, тігіншілік мамандықты мақтаныш тұтқан, осы салада 25 жылдық тәжірибесі бар жан.
Ол ес білгелі ешқашан ине, жіп, мата дегенді қолынан тастаған емес. Бала кезінен әртүрлі ою-өрнек, кесте, өзі ойнайтын қуыршақтары үшін көйлек тігуге әуес болса, есейе келе бұл оның сүйіп таңдаған кәсібіне, өзі және отбасы үшін табыс табатын нәсібіне айналған. 4-сыныпта оқып жүрген кезінде-ақ өз қолымен юбка тігіп, оны мектепте өткен мерекелік шараға киіп барады. Құрбылары мен мұғалім апайларының: «Қандай әдемі! Керемет тігілген юбка! Қайдан алдың?» деген сөздері балауса қыздың бойында өз еңбегі, тігіншілік қабілеті үшін үлкен мақтаныш сезімін тудырады. Сірә, оның өміріндегі ең маңызды, ең басты сұрақ – мамандық таңдау мәселесіне келгенде «келешекте тігінші боламын» деп түюіне осы сәт шешуші ықпал еткен болуы да бек мүмкін. Демек ол «болар бала бес жасынан белгілі» дегендей, болашақ кәсібін он жасында айқындап алды деген сөз. Мектепті бітірген соң ойланбастан Талғар қаласындағы №4 кәсіптік-техникалық мектептің тігіншілік бөліміне оқуға түсуі бұл ойымыздың нақты дәлелі. Оның үстіне бұл ата-бабаларымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі «баланы – жастан» деген тұжырымының да өте өзекті екенін көрсетеді. Бұдан біз тек тәрбие ғана емес, балаларды өмірге бейімдеу, өнер үйреніп, мамандық таңдауға келгенде де жастан баулудың маңыздылығын ұғынамыз.
– Мен мектепте жүргенде тек өзім және жақын-жуықтарым үшін ғана киім тігіп келсем, училищенің тігін бөлімін бітіргеннен кейін басқаларға да тапсырыс бойынша әртүрлі көйлек-көншек, көрпе-төсек тігетін болдым. Қазірге дейін қанша нәрсе тіккенімді санап шығу, тіпті көзге елестетудің өзі қиын. Бүгінде 4-дәрежелі тігіншімін, осы салада мол тәжірибе жинадым, үнемі біліктілігімді көтеріп, өзімді-өзім жетілдіру мақсатында жүйелі түрде жұмыс істедім.
Менің еңбек жолым «Цай Л.К». жекеменшік кәсіпорнында қарапайым тігіншіліктен басталды. Кейін «Талғар текстиль» компаниясында пішуші болдым. Бұл – бұрынғыға қарағанда анағұрлым көп адам жұмыс істейтін үлкен кәсіпорын, дәл осы жерде кәсібіме қатысты көп нәрсені үйреніп, біраз тәжірибе жинадым. Бірнеше рет Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы «Финконт» оқу-әдістемелік орталығында біліктілікті арттыру курсынан өттім. Тіпті әлемдік жетекші компанияларға менеджерлер даярлайтын «General Production Manager» орталығында «Лауазымға заманауи көзқарас» аталымы бойынша өндіріс жөніндегі директор лауазымына біліктілік байқауына да қатыстым, – дейді Ольга өзінің тігіншілік кәсіпті қалай таңдағаны, еңбек жолы, жинақтаған тәжірибесі жайында.
Міне, соңғы 12 жыл бойы ол «Clotwell» ЖШС тігін компаниясында үздіксіз еңбек етіп келеді. Алғашында қарапайым тігінші болса, қазір өндіріс меңгерушісі лауазымына дейін көтерілген. Бұл кәсіпорын өнеркәсіптік және күштік құрылымдар үшін арнайы үлгідегі киімдер, сондай-ақ медициналық киім, түрлі қызмет түрлеріне және аңшылық пен балық аулауға арналған киім, матрацтар, ұйықтайтын қаптар, төсек жабдықтарын тігеді. Бүгінгі күні оның қарамағындағы цехта 170 адам жұмыс істейді.
– Барлық тігінші өз қызметін бар ынтасымен атқарады. Егер кейбіреуінің жұмысы жүрмей жатса, басқа әріптестері көмек қолымызды созамыз. Ұжымдағы тәртіп, бір-бірімізге өзара көмек көрсету талабы осындай. Ең бастысы – әркім өз кәсібін жан-тәнімен сүйіп, құлшына еңбек етуі, өзіндік орны бар, сұранысқа ие маман болуы керек. Мен өз жұмысымның жақсы нәтижесін көргенде мұның адамдарға ұнайтынын түсініп, содан ләззат аламын. Мұндай жағдайда басқа әріптестерім де өздерін солай сезінеді деп ойлаймын. Түсіне білсек, бақыт дегеннің өзі қоғамға пайдалы екеніңді, ел игілігі үшін адал еңбек етіп, адал табыс тауып, ұл-қыздарыңның да адал азамат болып қалыптасып келе жатқанын сезіну, қызығын көру емес пе?!
Ал шебер тігінші, адал жұмысшы ешқашан далада қалмайды. Олар әрқашан сұранысқа ие. Өйткені «адам көркі – шүберек» демекші, әркім де, әсіресе қыз-келіншектер әдемі, қатар-құрбыларынан қалмай, заманға сай киінгісі келеді. Біздің мамандығымыз отбасы мүшелерін әдемі киіндіріп, көптеген тұрмыстық мәселерді шешуге, сондай-ақ айналамыздағы өмірді аз да болса көрікті етуге мүмкіндік береді.
Биылғы жылды Президентіміз «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады, соның ішінде біздің тігіншілік кәсібіміз алдыңғы қатарлардың бірінде тұратынына сенімдімін. Бұл әрбір тігінші үшін үлкен абырой, – дейді Ольга Назарова.
Айтса айтқандай, биылғы жыл бекерден-бекер «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланған жоқ. Мемлекет басшысы адамзаттың өмірінде маңызды орын алатын рухани құндылықтардан басқа, оның тіршілігі, дамуы, тұрмыс деңгейін жақсартуы үшін аса қажетті материалдық құндылықтарды жарататын жұмысшы мамандықтарына деген құрметті қайта жаңғырту мақсатында бұл шешімге келгені күмәнсіз. Осы тұрғыда еңбектеніп жүрген Ольга Назарованың елге тигізер пайдасы, келтірер көмегі зор.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы