Қаскелең қаласындағы SDU University базасында Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Health Invest Forum – 2025» болып өтті. Бұл форум мемлекеттік сектор өкілдері, инвесторлар, халықаралық ұйымдар, дипломаттар мен бизнес қауымдастықтары арасында ашық диалог орнатуға арналған бірегей алаңға айналды. Іс-шара жылдың басты оқиғаларының бірі ретінде танылды.
Форумға Германия, Ресей, Түркия, Үндістан, Қытай және тағы басқа елдерден 160-тан астам қатысушы келді. Форумның басты мақсаты өңірдің денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясын кеңейту, стратегиялық серіктестік орнату және өмірлік маңызы бар жобаларды іске асыру үшін өңірлік әлеуетті көрсету болды.
Форумның ресми бөлігінде облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев сөз сөйледі. Ол өз сөзінде денсаулық сақтау саласының дамуы өңірдің негізгі басымдықтарының бірі екенін, бұл халықтың әл-ауқатын арттыру мен орнықты дамудың негізі екенін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жолдауында бюджеттен тыс қаражат тарту және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қолдану қажеттілігіне ерекше мән берілгені айтылды. Осыған орай, өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымы жаңартылып, цифрлық шешімдер енгізіліп, әсіресе ауылдық елдімекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылданып жатқаны сөз болды.
Бюджеттік шектеулер жағдайында жекеменшік сектордың қатысуы ерекше маңызды рөл атқаратыны да белгілі. Бұл жобаларды жедел іске асыруға, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және жалпы денсаулық сақтау жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Рустам Маратұлы өз сөзін қорытындылай келе, өлкенің серіктестікке ашық екенін және инвесторларға қолайлы жағдай жасауға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, форум аясында нақты келісімдер жасалып, ұзақмерзімді ынтымақтастықтың негізі қаланатынына сенім білдірді.
Форумға қатысушыларды ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов құттықтап, Алматы облысы – инновациялар мен заманауи тәжірибелер орталығы екенін, мұнда фармацевтикалық кластер де шоғырланғанын атап өтті. Форумның негізгі бағытын қолдай отырып, ол мемлекет, жеке инвесторлар және кәсіби медициналық қауымдастық күш біріктірсе, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтып қана қоймай, медициналық қызмет сапасын арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірдің денсаулық сақтау саласын халықаралық деңгейге көтеруге болатынына сенім білдірді.
Форумның таныстыру бөлімі де Рустам Исатаевтың баяндамасымен басталып, өңірдің инвестициялық әлеуеті көрсетілді. Кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов «Өңірдің инвестициялық әлеуеті: басымдықтар мен инфрақұрылым» тақырыбында сөз сөйледі.
Форумда шетелдік және отандық инвесторлар өз мүмкіндіктерін таныстырды. Шетелдік компаниялар арасында Түркиядан TASYAPI, İlk Construction, Fujifilm, Германиядан Integra GmbH, Ресейден Khan Tengri Biopharma, Үндістаннан HSCC компаниялары қатысты. Ал отандық инвесторлар қатарында TabibMed, A-Class Med, NOVA INVEST, Power Qazaqstan, Интермед Плюс, Philips, EmAI сияқты компаниялар бар.
Форум аясында медициналық мекемелердің құрылысы мен жаңғыртылуы, денсаулық сақтау саласын цифрландыру, фармацевтиканы дамыту, диагностикалық және оңалту қызметтерін кеңейту, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қолдану сынды тақырыптар қаралды.
Қатысушылар өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытудың басым бағыттарымен танысып, жүзеге асырылып жатқан және әзірлену кезеңіндегі инвестициялық жобалар туралы мағлұмат алып, сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдерімен серіктестік орнатуға мүмкіндік алды.
Форум соңында он бір жоба бойынша меморандумдарға қол қойылды. Олардың ішінде клиникалар, амбулаториялар және басқа да медициналық мекемелердің құрылысы бар.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы