Алматы облысының қоғамдық кеңес өкілдері Қонаев қаласында орналасқан Балаларды қолдау орталығына ат басын тіреді. Ең әуелі көзге түскені – әдемі салынған жаңа мекеменің сыртқы келбеті. Балалардың суреті салынып, көркемделген сити-арттың өзі керемет бір үйлесім тапқан. Ал аула іші заманауи стильде жасақталған. Мұнда үлкен ойын алаңы, түрлі-түсті әткеншек, сырғанақ, отыратын сәкілер бар. Оған қоса, орталықтың артқы жағында алау (костер) жағып, кешқұрым әңгіме-дүкен құрып, ән айтып, би билеуге болады. Жасыл желекпен қоршалған аумақ кең әрі таза.
Осындай көтеріңкі көңіл-күйді кіреберісте амандасып, қуана қарсы алған балалар тіпті жадыратып жіберді. Отыздан астам бала таласа-тармаса құшаққа енгенде толқып кетеді екенсіз. Сондай сүйкімді қыздар мен ұлдар еріксіз өзіне тартып тұрады. Таза, адамға күмәнсіз сенетін, аппақ қағаздай пәк балалар бір әулеттің үрім-бұтағындай тату-тәтті. Бәрі бірін-бірі бауырындай жақсы таниды.
Ұлттық құрылтайда баса назарға іліккен «Балалар кітапханасы» мен «Біртұтас тәрбие» бастамалары аясында қолға алынған шараның өтуіне Алматы облыстық қоғамдық кеңес төрағасы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Қазыбек Дәуітәлиев мұрындық болды. Сондай-ақ, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, атап айтсақ, Зинаш Күштекова, Сергей Горяной, Рахатулла Тезекбаев, Мөлдір Иманмәди келді. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы өзі басшылық етіп отырған кеңес мүшелерімен бірлесе отырып, әр баланың жасына қарай кітап және ұлттық бояумен өрнектелген жейделерді сыйға тартты. Өз сөзінде Қазыбек Нұрсейітұлы: «Балалар кітапханасы» аясында мектеп жасындағы балаларға 1847 кітап іріктеліп алынғанын білесіздер. Біз сол тізім бойынша таңдадық және оны анықтаудың критерийін басшылыққа алдық. Туындылардың 60 пайызы қазақ, 30 пайызы шетел және 10 пайызы орыс шығармашылығы», – деді.
Мұндай аса ерекше ықыласпен жасалған сыйлықтарды жасақтауда Алматы облысы қоғамдық кеңесінің белсенді мүшесі, медицина ғылымдарының кандидаты Зинаш Көпжасарқызы үлкен септігін тигізді. Әр кітапты зерделеп, әдемі қоржындарға салып, үлестіруге ұйытқы болды. Бір қызығы, Абайдың қара сөздеріне, «Әлихан Бөкейханов», «Бес арыс», «Үш бәйтерек», «Жеті қазына», «Киіз үй», «Шаңырақ» «Күлімде» деген тақырыптарға арнайы принт жасаған мазмұны терең ақ жейделер сапа жағынан да қуантарлықтай. Ең бастысы, «Артық білім – кітапта» демекші, жасөспірімдердің кітапқа қызығушылығы шынымен риза етті. Кітап тым аз оқылатын, өте көп қалта телефонындағы әлемге үңілетін заманда мұның өзі зор жетістік екенін астын сыза отырып айта кеткен жөн.
Айта кетейік, Балалар орталығында енді ғана ашылған жеке әрі шағын кітапхана залы бар екен. Соған алғашқылардың легінде болып, қоғамдық кеңес мүшелері алып келген 60 кітап табыс етілді. «Мұндағы кітап қорын толтырып тұруды алдағы уақытта тікелей миссиямыз етіп аламыз» деген уәде беріп қайтты қоғамдық кеңес төрағасы мен мүшелері.
Алтынай есімді қыздың Мұқағали жырларын сүйіп оқитынын көріп, қуанып қалдық. «Үш бақытым» өлеңін майын тамыза оқып бергеніне куә болдық. Әлихан атты жігітіміз Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» шығармасын әкелуді өтінсе, Николай мен Кирилл мифологиялық жанр қызықтыратынын тілге тиек етті. Дмитрий «Правила поведение в школе» керек десе, кішкентай Аня «Букварь» қажет екенін жеткізді. «Гарри Потердің» бүкіл томдығын, «Мстители», «Трансформеры», «Геракл» сынды классикалық туындылар балалар оқылымында екенін біліп, төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Кітап оқитын қауымның өсіп келе жатқаны көңілге медет ұялатып, ұрпағымыздың мемлекетіміз үшін мықты азамат болып өсіп-өркендейтіні көктемгі жаңа бүршік атып келе жатқан бәйшешектей таңғажайып әсер қалдырды. Тағы бір ғажабы, бұл жердегі әр баланың болашақта қандай маман иесі болатынын таңдап қойғаны. Олардың қоғамға өздерінің расымен кірпіш болып қаланатындықтарын дәлелдегендей әсер қалдырды. Нәзік болмысты қыздар дәрігер, аспаз, косметолог болғылары келсе, жігіттер жағы полиция, өрт сөндіруші, дипломат, ұшқыш, құрылысшы сынды маман болуды көздейді.
Рухани отырыстан кейін балаларды сергіту әрі дене шынықтырып, спортпен дос болу мақсатында, екі топ іріктеліп, волейбол ойнады. Ал барлық талапқа сай спортзалға енген ұл балалар қыздардан бұрын допқа таласа-тармаса жүгіріп, өздерінің қызығушылығын да, еркелігін де, күштілігін де көрсетіп үлгерді. Қызығасыз, езу тартасыз. Көздерінде нұрлы от ары қарай да лаулап, қандай да болсын қызығушылықтары әлі талай ояна берсе екен деп іштей тілеу тіледік. Енді осы құлын-тайдай тебіскен ұл-қыздардың болашағының жарқын, келешегінің кемел болуы үшін осындай тамшыдай болса да, үлес қосу – әр адамзат баласының басты парызы екені айдан анық, бесенеден белгілі.
Қонаев қаласында орналасқан Балаларды қолдау орталығының жай-күйі, балалардың шынайы болмысы, жүздеріндегі жылулығы мен ойларындағы қалауы, өмірге, білім мен білуге деген ұмтылысын көріп, көңілдегі кірбің сейіліп, терең тыныстап алдық.
Хош! «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?!» Мемлекетіміздің болашағы осы балаларға бар жағдай жасалса ғана жарқын. Осындай қамқорлықты сезініп өскен өрендер тұлға болып қалыптасқанда ұлтқа адал қызмет етері даусыз.
Арай ЖҰМАШҚЫЗЫ,
Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің баспасөз хатшысы