Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда мемлекеттік идеология, оның ішінде елімізде ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару, жазушылардың оқырмандар сұранысына сай әдеби туындылар ұсынуы мәселелерін қозғап, тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана құру туралы ойы барын мәлім етті.
«Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет. Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек”, – деген Мемлекет басшысы бұл істің әсіресе жастардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде тіпті қиын екенін, бірақ бұл мәселемен шұғылданудан басқа жол жоғын айтты.
“Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», – деп жалғады сөзін Президент.
Мемлекет басшысы сонымен қатар тәулік бойы жұмыс істейтін президент кітапханасын ашуды армандайтынын да айтты.
«Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын. Жақында мәжіліс депутаты Ерлан Саиров қазақ мәдениетін TikTok платформасында насихаттау жолдары қарастырылып жатқанын айтты. Мен мұны қолдаймын. Жастар жиі пайдаланатын әлеуметтік желілерде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу – дұрыс қадам», – деді Президент.
Мұнымен қатар ол Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдайтынын айтты. Қазақ әдебиетінің жастар арасында сұранысқа ие болуы мемлекеттің ғана емес, жазушылардың да міндеті екенін атап өтті.
«Туындылар оқырмандарға қолжетімді болуы керек деп ойлаймын. Ал, жазушыларымыздың шығармалары халық арасында, әсіресе, жастар арасында сұранысқа ие болуы керек. Мұның бәрі – мемлекеттің ғана емес, жазушыларымыздың да міндеті. Оқырман қауым қаламгерлерден халыққа рухани азық болатын тың дүниелер күтеді. Жазушылар одағы осы жұмысқа ұйытқы болады деп сенемін. Осыған байланысты, мен Мереке Құлкеновтің «Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл атақ атына – заты сай, лайықты, туындылары арқылы халық сүйген жазушыларға ғана берілуі керек деп санаймын», – деді ол.