Перейти к содержимому
Главная страница » Мейірімділік – жүректен

Мейірімділік – жүректен

     Отбасы күніне орай, Кеген ауданы Тасашы ауылындағы мектеп-интернатта дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы өтті. Шара барысында Атырау қаласының тұрғыны, «NJS» компаниясының директоры, кәсіпкер Аяулым Бауыржанқызы туған жерін ұмытпай, интернат жанындағы моншаны қажетті заттармен қамтамасыз етті. Ал кәсіпкер Эльмира Оразымбетова мен ұжым қызметкерлері тәрбиеленушілерге сөмке мен оқу құралдарын табыстады.

Ата-анасынан шалғайда жүр­гендіктен, интернаттағы балаларға тәрбиешілер екінші ата-анасындай болып кеткен. Айта кетейік, аталған білім шаңырағы 1986 жылы 120 балаға арналып салынса, қазіргі уақытта 66 бала тәрбиеленіп, білім алуда. Мұнда әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп­балалы отбасы мен малшы­лардың балалары жатып оқиды. Былтыр интернатқа қаржы бөлініп, материалдық-техникалық базасы нығайса, биыл жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп, есіктері мен едендері жаңартылды.
Іс-шара барысында интернат меңгерушісі Құралай Оқасова сөз сөйлеп, қайырымды жандарға ризашылығын білдірді.
– Отбасы күніне орай ұйымдас­тырылып отырған республикалық «Мектепке жол» акциясы кәсіп­керлердің және ұжымдағы әріптес­терімнің қолдауымен өтуде. Білімді ұрпақ – еліміздің жарқын болашағы. Балаларымыз жақсы оқып, ата-аналарын әрдайым қуанта берсін! – деді ол.
Дәстүрге айналған бұл игі іс жыл сайын тамыз айынан бастап, қыркүйектің соңына дейін жалғасады. Аталған акция балалар­дың жаңа оқу жылына қуанышпен қадам басуына ықпал етеді. Шарада интернат тәрбие­лену­шілері шығармашылық қабілетін паш етіп, көпшіліктің көңілін көтерді.
Жас ұрпақты ізгілікке тәр­биелеу – ата-ана мен ұстаздың ғана емес, баршаның міндеті. Бұл акция тұрмыстық жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға септігін тигізеді деген ойдамыз.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы