Пробиотиктер – тірі микроағзалар, ең алдымен пайдалы бактериялар. Олар адамның денсаулығына, әсіресе асқазан-ішек жолдарының жұмысына оң әсер етеді. Лактобактериялар мен бифидобактериялар ағзаға дұрыс мөлшерде түскенде иммунитетті нығайтып, антибиотиктен кейінгі ішек микрофлорасын қалпына келтіреді.
Ғалымдардың зерттеулерінде пробиотиктердің диарея кезінде, тітіркенген ішек синдромында, кебулерде, аллергиялық жағдайларда, тіпті кейбір тері ауруларында да көмектесетіні анықталған. Педиатрия мен гастроэнтерология саласында да жақсы нәтижелер байқалып жүр. Дегенмен пробиотик барлық дерттің емі емес. Оның тиімділігі бактерия штамына, дозасына және ағзаның ерекшелігіне байланысты.
Ішек саулығын сақтаудағы пробиотиктердің маңызы жайлы ой бөліскен Алатау қаласы Заречный амбулаториясының меңгерушісі, терапевт-дәрігер Жібек Әкімжанованың айтуынша, пробиотиктерді бақылаусыз қабылдауға болмайды. Кей жағдайларда олар қажет. Бірақ антибиотиктен кейін тағамнан уланғанда, іштің жиі бұзылуында қабылдаған абзал. Басқа уақытта ішек саулығын сақтау үшін дұрыс тамақтану мен белсенді өмір салты жеткілікті болады.
– Көпшілік йогурттың өзі жеткілікті деп ойлайды. Алайда оның әсері әрдайым жеткілікті бола бермейді. Әсіресе антибиотиктен кейін немесе ішек инфекциясынан соң арнайы дәрілік пробиотиктерді қолдану қажет. Мұндай препараттардың құрамында тиімділігі ғылыми тұрғыда дәлелденген бактериялар мен қажетті мөлшер (бір дозада 1–10 миллиард КОЕ) болады. Әдетте дені сау адамдарға пробиотик зиян келтірмейді. Бірақ иммунитеті әлсірегендерде, онкологиялық немесе созылмалы аурулары бар науқастарда асқыну қаупі болуы мүмкін. Сондықтан ұзақ курстарға арналған пробиотиктерді тек дәрігердің кеңесімен қабылдау ұсынылады. «Алдын алу емдеуден жақсы» қағидасын берік ұстанып, ағза беретін белгілерге құлақ асып, денсаулықтағы өзгерістерді ескерген жөн. Қажет болған жағдайда уақытылы дәрігерге жүгіну – ең дұрыс шешім, – дейді Жібек Әкімжанова.
Ішек саулығын дәрісіз сақтаудың да жолдары бар. Ол үшін көкөністер, жемістер, дәнді дақылдар сияқты жасұныққа бай тағамдарды көбірек тұтыну керек. Қант пен шамадан тыс өңделген өнімдерді шектеп, жеткілікті су ішіп, белсенді қимылдап, стрессті азайту қажет.
Айна Мұқанова
Алатау қаласы




