Арман деген дүние бар. Қолмен ұстап, көзбен көрмесең де, оның адамды сырлы бір сағымдай алыстарға еліктіріп, асқаралы мақсатыңа адастырмай апаратын қасиеті болады. Міне, Ерғазы Қошанбекұлын да өмірдің ыстық-суығымен сынап, өзі көксеген көкжиегіне жетелеген де осы арман болар, сірә?!
Сонау дүниені дүр сілкіндірген Екінші жаһандық соғыстың жарасы әлі жазыла қоймаған кезеңде, 1955 жылы Балқаш ауданына қарасты Қарабек деген шағын ғана елдімекенде дүниеге келіпті. Бұл өзі Балатопар деп аталатын үлкен шаруашылықтың бөлімшесі болатын. Әкесі Қошанбек сол өңірде ауылдық кеңестің төрағасы, ферма меңгерушісі, қойма меңгерушісі қатарлы ел алдында жүретін қызметтерді атқарған, аса шаруақор әрі өз ісіне адал азамат болған деседі. Шаруашылықтың күндіз-түні бір таусылмайтын жұмыстарымен үй бетін көрмейтін әкесінің тірлігін бірінен кейін бірі ержетіп келе жатқан балалары атқаратын. Кішкене кезінен ағалары Нұрғазы мен Серғазыға еліктеп өскен Ерғазы жұмыстың қандайынан да тартынған емес. Әйтеуір, ауладағы ұсақ мал мен ірі қараның шаруасы осылардан артылмайтын.
Анасы Жанымкүл Толықбайқызы ғұмыр бойы сауда саласында еңбек еткен. Сырттың жұмысын ері атқарса, үй мен балалар толықтай соның мойнында болғаны белгілі. Балқаш көлінің бұйығып жатқан баурайы, бір қарағанда, жансыз, сөлсіз болып көрінгенімен мұнда да тіршілік қыз-қыз қайнап жатушы еді-ау. Қойнауы елік пен бөкенге, бір сөзбен айтқанда, аң мен құсқа толы берекелі өлке. Ал көл айдынында тулаған балықтары бір бөлек әңгіме. Ерінің даладан әкелген нәпақасы мен үйдің дәмін ұқсата пайдаланатын Жанымкүлдің дастарқаны сарқылған емес. Сондықтан болар, алыс-жақыннан келген басшылар мен өкілдер берекелі шаңырақ деп көбіне осы үйге түсетін.
Қыстың қақаған суығы мен жаздың ми қайнатар ыстығында үйге келген меймандардың әңгімесіне құлақ түріп, аға ұрпақтың көрген мехнаты мен халықтың тағдыры жайлы көп еститін естияр бала сол кезде-ақ ержеткенде еліме қорған болсам-ау деген арманды жүрегіне қонақтатқаны анық. Міне, бала кезгі осы арман Ерғазыны ғұмыр бойы бағытынан адастырмай келеді.
Ерғазы бастауыш мектепті бітірген 1965 жылы балаларының әр үйде тұрып, оқып жүргеніне алаңдаған Қошанбек шаруашылықтың орталығы – Балатопарға қоныс аударады. Сол кезде бала Ерғазының санасынан мықтап орын алған бір оқиға болған еді. Туған өлкесіне сапармен келген Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев осындағы орта мектепке де бас сұқпасы бар ма? Қазіргідей теп-тегіс асфальт жол жоқ, үнемі ойлы-шұңқырлы болып жататын батпақ жолмен «ЗиМ» деген көлікпен келген үлкен кісі мектеп алдында жиналған халықтың жанында сәл аялдап, амандасқаны бар. Ал кешкісін шаруашылықты аралап келгеннен соң, кеңшар директорының үйіне қонғаны да есінде. Директордың үйі мен Қошанбектің шаңырағы көрші әрі екі арадағы шарбақ қатынасып тұруға да кедергі жасай бермейтін. Баланың бар ойы – үлкен кісіні жақыннан көріп, түр-сипатын, жүріс-тұрысын жадында сақтау болса керек. Ол арманы да орындалған. Күтушілердің арасына сығымдай кіріп жүріп, нар тұлғалы, сөйлегенде асықпай, баппен, мәнерлеп сөйлейтін Димаш Ахметұлын дәл қасынан тамашалауға мүмкіндік алған. Соған тәубе деген жас баланың жүрегінде: «Өскеннен кейін мен де осы кісі сияқты үлкен болсам, халыққа қызмет етіп, алғысын алсам!» деген арман қонақтап қалады. Кейіннен, 1972 жылы ауданға келген Мемлекет басшысымен қол алысып амандасудың да сәті келгені бар. Дегенмен сол бала кезгі жүздесуі, қас-қағым сәттік әсер оны алыс армандарға жетелеп, азамат болып қалыптасуына себеп болғанын заңдылық деп ұғу керек шығар?!
1972 жылы Ерғазы онжылдық мектепті Балатопар ауылында оқып бітірген. Өзі қатарлас бозбала-бойжеткендермен Алматыға аттанатын уақыт та тақаған сыңайлы. Сапарға дайындалып жүрген күндердің бірінде оны анасы шақырып алып:
– Балам, жоғары оқу орнына түскің келіп жүргенін білемін. Алайда бізде сауда жүйесі жаңарып, өз-өзіне қызмет көрсету деген дүние енгізіліп жатыр. Таныс-біліс адамдарды көмекшілікке алып едім, «Бал ұстаған бармағын жалайды» дегендей, қолдары таза болмай шықты. Енді кімге сенерімді білмей отырғаным. Сен оқуыңды қоя тұрып, бірер жыл маған көмектессең қайтеді? Оның үстіне, зейнеткерлікке де аз уақыт қалды, соған абыроймен шықсам деймін, – деген тілегін жеткізген.
Анасының өтінішін жерге тастай алмаған ол жиылған жүгін қайта жайып, сауда жұмысына кірісіп кеткен. Қызметі табыссыз болған жоқ. Бір жағы анасының жұмысын жеңілдетіп, бір жағы сауда саласын меңгеріп, көп-көрім тәжірибе де жинап алды. Келесі жылы уәде бойынша Алматыға келіп, зооветеринарлық институттың студенті атанды. Оқуын ыждаһаттылықпен оқып, ертеңгі жұмысыма қажет болар деген оймен өзі таңдап алған саланы жақсы меңгеруге күш салды. Өмірде барлығы еңбекпен келетінін бала кезінен санасына сіңірген Ерғазы өзіне жүктелген міндетке барынша байыппен қарауға тырысатын.
Жоғары оқу орнын бітіріп келген жас маман алдымен Құйған кеңшарына зоотехник болып орналасады. Бұл қызметте өзін таныта білген ол көп ұзамай шаруашылықтың кадр бөлімі басшысы міндетіне жоғарылатылған. Осы кеңшарда 1980-1985 жылдары ферма меңгерушісі болып еңбек еткен кезең де бекерге кетпегені анық. Ол жерде малдың жайымен қатар, бір қауым елдің қалыпты тірлігін қамтамасыз ету, жастардың болашағына жағдай жасау көп нәрсені бағамдауға үйреткен.
Ерғазы Қошанбекұлының осыдан былайғы өмір жолына елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетовтің ықпалы болды десек, ақиқаттан алшақ кете қоймасымыз анық. Күрті ауданының Желтораңғы кеңшарына басшы болып келген Серік Әбікенұлы жұмысын сырттай бақылап жүрген жас маманды өзіне шақырып, бас зоотехник қызметін ұсынады. Сол жерде жеті жыл еңбек еткен ол негізінен етті бағыттағы ірі қара малын өсірумен айналысатын шаруашылықтың өркендеуіне үлес қосып баққан. Жылдың төрт мезгілінде бір толастамайтын, басшыдан аса жауапкершілікпен қатар біліктілік пен төзімділікті қажет ететін жұмыс боламын деген адамды отқа салған құрыштай шыңдап, боркемікті жаншып жібереді емес пе? Міне, Ерғазы осы сыннан да сүрінбей өтіп, шыңдала түскен.
Бұл кездері қазақ елі тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет ретінде алғашқы қадамдарын жасай бастаған тұс еді. Жетпіс жылдан аса алып империяны жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстаған коммунистік партияның да дәм-тұзы таусылып, соңғы күндерін көріп жатқаны да белгілі болған. Демек елді жаңаша басқару, соны жүзеге асыру үшін санасы азат, еркін ойлы азаматтардың қажеттігі аңғарыла бастаған. Ерғазы да осы саптан көрінгендердің қатарынан табылды. Ол алдымен Күрті ауданына әкім болып тағайындалған Серік Үмбетовтің ұсынысымен Ақши ауылындағы Тоқаш Бокин атындағы кеңшардың директоры қызметін атқарып, 1992-1996 жылдар аралығында шаруашылықты басқарды. Бұл елімізде экономикалық құлдырау орын алып, халықтың есеңгіреп қалған жылдары болатын. Бұрынғы байланыстар үзілген, дүниенің бәрі құнсызданған, қарияларға зейнетақы, мұғалім-дәрігерлерге жалақы бере алмай қалған кезең еді. Өсірген бидайды жанармайға айырбастап, жұмысшыларға жалақыны азық-түлікпен өтеген уақыт болды десе, бүгінгі жастар сене қояр ма екен? Төл теңгеміздің айналымға енуі де қиындықсыз өтті деп айтуға келмейді. Осындай сын-қатерлерге қарамастан, Ерғазы Қошанбекұлы бастаған шаруашылық мамандары елді нарық қыспағынан тарықтырмай алып шығуға бар күшін салды.
1996 жылы күрделі кезеңде өзіне сеніп тапсырылған жұмысты абыроймен атқарған Ерғазы Күрті ауданындағы ауылшаруашылық басқармасының басшысы лауазымына жоғарылатылған. Алайда бұл қызметті ұзақ атқарудың орайы келе қоймады. Күрті ауданы 1997 жылдың мамыр айында таратылып, ел мен жер Жамбыл, Балқаш, Іле аудандарының үлесіне бөлініп кете барды. Басшылардың ұйғарымы бойынша Балқаш ауданының ауылшаруашылық басқармасы басшысы қызметіне орналасқан Ерғазы Қошанбекұлы бұл қызметті бір жыл абыройлы атқарып, келер жылы осы аудан әкімінің орынбасары, кейіннен облыс әкімі Шалбай Құлмахановтың өкімімен әкім міндетіне кіріседі.
Балқаш ауданы ежелден мал мен егін шаруашылығына бейімделген өңір екенін жұртшылық жақсы біледі. Бұл жер «ақ маржан» деп аталатын күріштің мол егілетін жері, өзге де масақты дақылдар баршылық. Сонымен қатар Балқаш көлінің балығы да ел ырыздығын еселеуге әжептәуір септігін тигізетін. «Әр шиінің түбі бір асым ет» деген теңеу де дәл осы өңір үшін айтылған. Себебі бұл жерде қоян, қырғауыл өте мол, қолынан іс келетін адам аңшылық жасаса да отбасын аш қалдырмасы анық.
Ерғазы Қошанбековтің Балқаш ауданында 10 жыл әкім болған кезеңі ел экономикасының тік тұрып кетпесе де, еңсесін көтеріп, жақсара бастаған шағы еді. Қиындықтар да сол баяғы. Зейнетақы қорын толықтыру, адамдарды жалақымен қамтамасыз ету, нарықтық жолға түскен шаруашылықтарды шатқаяқтатпай, шаруа қожылықтарының жұмысын жолға қою. Ең бастысы – Үкіметке қол жайып үйренген жұртшылықты жаңаша еңбек етіп, өз беттерінше күндерін көруге талпындыру. Жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесінде өз алдына жеке шығып, шаруасын шырқ айналдырған адамдар да көріне бастаған.
2011 жылы еліміздің саясатын жақсы түсініп, халықпен жұмыс істеуге бейімің бар деген басшылар кейіпкерімізді бұрынғы Алматы облыстық «Нұр Отан» партиясы басшысының орынбасары қызметіне шақырады. Талдықорғанға қоныс аударып, төрт жылға жуық осы қызметті атқарғаннан кейін облыс басшылығы оны Сарқан ауданының әкімі лауазымына лайық көреді. Міне, осылайша Ерғазы Қошанбекұлының өміріндегі тағы бір белес басталған болатын.
Жоңғар Алатауының баурайында орналасқан Сарқан ауданы қай-қашаннан табиғатының көркемдігімен ерекшеленетін. Мұнда шыңдары бұлтпен таласқан таулар да, бұлақтары мың бұрала ағатын көк майса алқаптар да, бұйрат құмдары бұйыққан шөлейт аймақ та, көк толқындары көзді қарықтыратын Балқаш көлі де бір-бірімен алмасып, біріне-бірі жалғасып кете береді. Сонау кезеңдерде өлкенің табиғатына қызыққан орыс казактары мен қара шекпенділер жергілікті халықты етекке ығыстырып, шұрайлы деген жерді өздері иемденіп алғанын тарихтан жақсы білеміз. Осылайша халқының түгелге жуығы келімсектерден құралған аудан бұл тұстары қазақылана бастағанымен, әлі де орыстар шоғырланып отырған өлке. Тұрғындары ағайындасып, бауырласып кеткен қырық құрау жұртты бір мақсатқа жұмылдырып, тәуелсіз елдің экономикасын көтеруге үндеу басшының алғашқы мақсаты болса керек. Күнделікті тірлікте кездесе беретін мәселелерді уақыт өткізбей шешу, діни, этникалық, экономикалық мәселелерді үйлестіре отырып, елді еңбекке ынталандыру білген адамға оңай шаруа емес екені белгілі. Ерекең бұл міндетті де абыройлы атқара білді деп айтуға толық негіз бар.
2019 жылдың 25 қыркүйегінде зейнет демалысына шыққан Ерекең тағы бірер ай қызметін атқарып, лауазымын өткізіп берген. Алайда ес білгелі еңбекте жүрген адамның үйде жатуы да қиын екен. Осындай бір күндері оны сол кездегі облыс әкімі қабылдауына шақырған.
– Ереке, демаласың ба, әлде жұмыс істейсің бе? – деген Амандық Баталов амандық-саулық сұрасқаннан кейін.
– Шынымды айтсам, екі қолымды қоярға жер таппай жүрмін. Қолайлы жұмыс болса, атқаруға дайынмын!
Осылайша Ерекең енді Талдықорған қалалық сайлау комиссиясының төрағасы қызметіне кіріскен болатын. Бұл өзі мемлекеттік қызмет болмағанымен, жауапкершілігі бір кем емес, күрделі шаруа екені мәлім. Сонымен қатар Алматы облыстық қоғамдық кеңес төрағасы, Жетісу облыстық партиялық бақылау комитетінің басшысы лауазымдарын атқарған Ерғазы Қошанбекұлы бұл шаруаны да ақсатпай, бала кезінен бойына сіңген әдет бойынша абыроймен еңбек еткен болатын. Өңіріне таққан «Құрмет» ордені мен көптеген медалін еңбегіне берілген лайықты баға деп ұққан жөн шығар?!
«Әрбір табысты еркектің артында өте мықты әйел тұрады» деген тәмсілді естіген боларсыздар? Бұл өзі – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқаттың бірі. Ерағаңның жары Ғалия Ахметова – бір ауылда тұрып, бір мектепте оқыған, ежелден сыралғы жандар. Бозбала шақтан бойларына дарып, жүректерін тербеген сезімдері ақыры екеуінің қол ұстасып, шаңырақ көтеруіне себеп болған. Ғалия Жанболатқызы есеп маманы ретінде осы салада көптеген жыл еңбек етіп, сауданы да меңгерген. Екеуі алты қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немерелерінің қызығын көріп отырған жайы бар. Бәрі де жоғары білім алып, жақсы мамандық иелері атанған. Құдай қосқан қосақтарымен бақытты-бақуатты тірлік кешуде.
Қошанбек ақсақал атадан жалғыз болыпты екен. Сондықтан ұрпағым өссе екен деген мақсатпен балаларының көп болғанын қалапты. Содан өсіп-өнген алты ұл мен үш қыздан тараған ұрпақ бір қауым елге айналған. Биыл Балатопардағы қара шаңырақтың 60 жылдығын атап өткенде жиылған жұртшылық осының куәсі болып, еліне қызмет жасаған ерлерге алғыстарын жаудырып, баталарын берген. Саналы азамат үшін бұдан асқан марапат, қуаныш бола ма?! Демек Ерекең де 70 жылдық асуына игі істермен жол салып, абыроймен жетіп отыр деуге негіз бар. Мерей жасыңыз құтты болсын, Ераға!
Қуат Қайранбаев


