«Денің сау болса, дәулет сол». Ал халық денсаулығының жақсаруы дәрігерлердің біліктілігіне, медицина мекемелерінің жабдықталуына тікелей байланысты. Осыған орай Кеген аудандық орталық ауруханасында жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, медицина жүйесі мен медиа қауымдастық арасындағы ашық диалогты нығайту жолы қарастырылды. Аудандық аурухананың кіші мәжіліс залында өткен басқосуға аурухана директоры Қуаныш Байкүбесов, аудандық мәслихат депутаттары Ерғали Тәліпов, Сырым Шыңғысұлы және медицина саласының қызметкерлері қатысты.
Қызметке келгеніне бір жарым ай болған аурухананың бас дәрігері Қуаныш Бүлешенұлы атқарылған жұмыстар жайында баяндап, алға қойылған міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, халық денсаулығын жақсарту жолында медициналық қызмет сапасын арттыру, халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету, профилактикалық медицинаны дамыту, ана мен бала денсаулығын қорғау, алғашқы медико-санитариялық көмекті жетілдіру, сондай-ақ аудандағы емдеу-алдын алу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту және кадрлар біліктілігін арттыру бағытында кешенді шаралар жүзеге асуда. Десек те, таяқтың екі ұшы бары секілді өңірде күрмеуі шешілмеген олқы тұстар да аз емес.
Дәрігерлер науқастарға дұрыс қызмет көрсетпейді деген тұрғындар шағымына бас дәрігер Қуаныш Бүлешенұлы былай деп жауап берді:
– Біз медицина қызметкерлерінің этикасын ерекше назарда ұстаймыз. Ақ халат киген адам антқа адал болуға тиіс. Ал қызметіне немқұрайлы қарап, жұмысын жүйесіз атқаратын дәрігерлерге міндетті түрде тиісті шара қолданылады. Ең бастысы, қызмет сапасына баса мән береміз.
Кездесу барысында жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де кеңінен сөз болды.
– Мамандарға баспана сұрап жазған қызметтік хаттарыңыз келді. Оның оң шешім табуына мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес, жергілікті қоғамдастық өкілдері бірлесе күш салып, дипломмен ауылға келетін дәрігерлердің тезірек баспаналы болуына жағдай жасауымыз қажет. Өйткені алты ай қысты өткеретін ауылда мамандар қиыншылық көрмеуі тиіс, – деді аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Мақпал Шадан.
Жиында Тасашы ауылында «Жедел жәрдем» көлігінің тапшылығы, шалғай елдімекендерде халық санының азаюына байланысты ауылдық амбулаторияда штат саны қысқарып жатқаны да назардан тыс қалмады.
Кездесуде аудан тұрғындарының дер кезінде скринигтен өтпейтіндігі өзекті мәселеге айналғаны айтылды. Кадр тапшылығы да сөз болды. Айта кету керек, қазіргі таңда аудандағы емдеу-алдын алу ұйымдарында 58 дәрігер, 211 орта буын, 71 кіші буын медицина қызметкері, 90 техникалық қызметкер бар.
Жиын соңында Қуаныш Бүлешенұлы медициналық ұйымдағы кредиторлық берешектен құтылып, бірлесе жұмыс істеуге және денсаулық саласы бойынша халық тарапынан түсетін ұсыныс-пікірлерге тиісті деңгейде назар аударуға шақырды. Сонымен қатар аса жауапкершілікті талап ететін мамандық иелерінің алдағы атқарылар жұмыстарына сәттілік тіледі.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы
