Өңірлік коммуникация қызметінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Онда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Жанар Кенжебаева мен бас сарапшы Айғаным Санақбаева пациент құқығы туралы кеңінен баяндап берді.
Бүгінде көптеген ауруханада пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметі жұмыс істейді. Ол құрылым медициналық көмекті ұйымдастыру мен медициналық ұйымның клиникалық қызметіне талдау жүргізіп, медициналық көмек көрсету тәртібі мен стандартының бұзылуын, медициналық жағдайлар немесе қызмет көрсету нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактілерін анықтап, азаматтардың өтінішін қарайды. Айғаным Санақбаеваның айтуынша, аталған қызмет даулы жағдайды шешуге, пациенттің құқығын қорғауға, қажетті медициналық көмекті алуына жәрдемдеседі. Ондағы мамандар МӘМС жүйесі туралы кеңес беріп, дәрігер тағайындауына қатысты сұрақтарды түсіндіреді.
Өз кезегінде сарапшы кез келген отандасымыздың пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне алатындығын жеткізді. «Медициналық ұйымның немесе қызметкерлердің жұмысына қанағаттанбасаңыз және басқа да мәселелер туындаса, көмекке жүгінуге болады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры азаматтарды өз құқығын қорғауға шақырады. Өйткені бұл қызмет денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға да ықпал етеді. Алматы облысында қормен келісімшарт жасасқан 77 медициналық ұйым бар. Тек мемлекеттік қана емес, жекеменшік емханалар да пациенттерге қызмет көрсетіп келеді. 2025 жылдың 9 айлық қорытындысы бойынша облыста медициналық көмек алуға қатысты пациенттерден қорға СРМ жүйесі арқылы 2410 өтініш түсті, оның 1109-ы – шағым. Мұнымен қоса, бұл қатарда науқастардың дәрігерлерге алғысы да бар. Өңір тұрғындары негізінен емханалардағы медициналық қызметтің сапасына, консультациялық-диагностикалық қызметті ұзақ күту және стационардағы сапасыз медициналық көмекке қатысты шағымданады», – дейді Айғаным Санақбаева.
Келесі кезекте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Жанар Кенжебаева ана мен баланы қорғауға бағытталған прегравидарлық дайындық туралы айтып берді. Оның сөзінше, прегравидарлық дайындық – әйелдің жүктілікке дейінгі немесе екі жүктілік арасындағы кезеңде денсаулығына бағытталған тиімді шаралардың толық кешені. Ананың қауіпсіз жүктілігін және дені сау баланың туылуын қамтамасыз етеді. Прегравидарлық дайындық жалпы практика дәрігерінің, тіс дәрігерінің, акушер-гинекологтың, офтальмологтың тексеруі мен қан талдауы сынды кешенді медициналық қызмет көрсетуді қамтиды.
Баспасөз мәслихатында Жанар Кенжебаева қант диабетін емдеу Қазақстандағы барлық пациент үшін шектеусіз қолжетімді болып қала беретінін жеткізді. Бүгінде елімізде қант диабеті диагнозы қойылған диспансерлік есепте 535 мыңнан астам адам, оның ішінде 5 625 бала тұр. Олардың барлығы қажетті дәрі-дәрмекті тегін алады.
– Келесі жылдың қаңтар айынан бастап қант диабеті кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету МӘМС жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл тұрақты және уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді,– деді Жанар Кенжебаева.
Ерзат Асыл