Қазақстанның тыныштығы мен бейбіт өмірі – мыңдаған әскери қызметшінің ерен еңбегінің арқасы. Солардың сапында ел қорғаумен қатар, үлгілі отбасы бола білген жас жұптар да аз емес. Осындай елге өнеге отбасының бірі – ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 3660 әскери бөлімі жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, капитан Айдын Жүкеновтің әулеті.
Капитан Айдын Жүкенов 1995 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. Әскери өмірге деген қызығушылығы ерте жастан оянды. 9-сыныпты тәмамдаған соң ол Қарағандыдағы республикалық әскери мектепке оқуға түсіп, жас сарбаз ретінде шыңдалады. 2013 жылы аталған мектепті бітіріп, сол жылы Ұлттық ұлан әскери институтының курсанты атанады. Армия жолында шыңдалған Айдын 2017 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, офицерлік өмірге қадам басады.
Қызметтегі қатаң тәртіп пен темірдей жауапкершілік Айдынның өмірлік ұстанымына айналды. Ол – әскери өмірді бала күнінен армандап, сол арманын адал еңбекпен жүзеге асырған жан. Ол үшін офицер болу – жай ғана мамандық емес, жүрек қалауымен таңдалған өмірлік жол. Қызметке адалдығы, жауапкершілігі мен талапшылдығы – әріптестеріне де, қарамағындағы әскери қызметшілерге де үлгі. Әр тапсырманы тыңғылықты орындап, әр істі әділдікпен бағалай білетін Айдын – шынайы басшылық қасиеті бар жас офицер. Қарамағындағы жауынгерлер үшін ол – талап қоя білетін әділ жетекші. Ал әріптестері үшін сенімді серік, сөзі мен ісі қабысқан азамат. Күнделікті әскери міндетті адал атқара жүріп, ол «Отан қорғау – ең қасиетті парыз» деген ұстанымымен ерекшеленеді. Айдынды замандастары ісіне мығым, сөзіне берік, елге тірек болатын офицер деп таниды. Ал оның басты жетістігі – қызмет пен отбасын қатар ала жүріп, елге де, әулетіне де қорған бола білуінде.
Айдынның жары Инара Кенжебайқызы да – еңбекқор, білімді жан. 1996 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында дүниеге келген ол Көкшетаудағы А.Мырзахметов атындағы университетті тәмамдап, қаржы саласын игерді. Отбасылық өмірде де, қоғамдық ортада да сүйікті жар, ардақты ана, сенімді тірек бола білген ізгі адам. Бүгінде ол 6654 әскери бөлімінде кадр бөлімінің аға маманы, ефрейтор шенінде елге адал қызмет етуде.
Айдын мен Инараның таныстығы – нағыз тағдырдың сыйы. Екеуі бір мектепте оқып, бала кезден дос болып өскен. Кейін бұл достық үлкен сезімге ұласып, 2018 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде олар – Айсезім, Айзере, Айбек есімді үш бала тәрбиелеп отырған, шаңырақтары шаттыққа толған өнегелі ата-ана. Әскери өмірдің қиындығы мен жауапкершілігін қатар арқалай жүріп, отбасы бақытына да уақыт таба білген бұл әулет – нағыз үлгілі шаңырақ. Айдын мен Инара үшін «Отанды қорғау отбасын қорғаудан басталады» деген сөз өмірлік қағида іспеттес. Өйткені елдің қауіпсіздігіне жауапты сарбаз әуелі өз шаңырағының амандығы үшін де аянбай еңбек етеді.
Жүкеновтер отбасы – мықты шаңырақтың, сүйіспеншіліктің, татулық пен сыйластықтың символына айналған әулет. Олар өз өмір жолымен жастарға – өнеге, елге – мақтаныш! Отбасы мемлекеттің шағын бейнесі десек, Жүкеновтер отбасы осыны дәлелдеп келе жатқан үлгілі әулет деуге болады. Әскердегі қажырлы еңбек пен үйдегі шаттықты үйлестіре білген бұл отбасының ынтымағы – елге өнеге, ұрпаққа аманат. Айдын мен Инарадай жас шаңыраққа қарап, мықты әулеттен мықты мемлекет қалыптасатынына тағы бір мәрте көз жеткізуге болады.
Әлия ӘБДІҒАЛИЕВА
Алатау қаласы
