Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткендей, біздің алдымызда тұрған бір міндет – агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліске қол жеткізу. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамытудың мемлекеттік бағдарламалары, мал немесе өсімдік шаруашылығы болсын, көптеген азамат өз кәсібін ашып жатыр. Әсіресе ауыл тұрғындарының белсенділігі анық байқалады.
Талғар – облыстағы ірі аграрлық аудандардың бірі. Мұнда үлкен алаңдарда орналасқан жылыжайлар өте көп, соның арқасында мол өнім өндіріледі. Бесағаш ауылдық округінде орналасқан «Отан» шаруа қожалығы 3 гектар жерге жылыжай салып, көкөніс өсіретін өсімдік шаруашылығына маманданған.
Әсем безендірілген сәулетті жеке үйлердің ортасынан өтіп, біз көптен баруды жоспарлап жүрген Бесағаш ауылындағы «Отан» шаруа қожалығына келдік. Шаруашылық иесі Ербол Отан күлімсірей қарсы алды. Құрылтайшының айтуынша, бұл жылыжай 25 жылдан бері жұмыс істейді және қияр мен қызанақ өсірумен айналысады. Бұл істің бастаушылары – Ербол, Үсен, Надир есімді ағайындылар. Олар алғашында раушан гүлін өсірумен айналысқан. Бірнеше жылдан кейін Алматы маңындағы климат жағдайында голландтық раушандар аса тамыр жая алмайтынын түсініп, гүл өндірісін тоқтатқан.
– Раушан гүлдерін өсірудің технологиясын жақсы білу керек. Өйткені бұл гүл қарапайым болса да, құнарлы топырақ пен жердің ылғалдылығын жақсы көреді. Ол аз десеңіз, сол жылдары дәл осы гүл түріне сұраныс артты, бәсекелестік те тым жоғары болды. Сондықтан бизнестің неғұрлым үнемді әрі тиімді түріне көшуге тура келді.
Ал бау-бақша өсіруге бала кезден машықтанғанбыз. Атамыз, әкеміз Өзбекстанда туып-өскен. Олар өздерінің еңбектерінің арқасында ел сыйлаған құрметті егіншілер болды. Біздер де ата-әкемізден диқаншылықтың қыр-сырын үйреніп өстік. Осындағы көкөніс бизнесін әрқайсымыз шамамыз жеткен қаржымызды салып, бірге бастадық. «Көп түкірсе – көл» дегендей, 50 миллион теңге жиналды. Сол қаржыға 3 гектар жерге жылыжай орнатып, тамшылатып суаруға арналған жабдықтар, тұқым және басқа да техникалар сатып алдық. Осылайша өз тегімізбен аталатын «Отан» атты жылыжай шаруашылығын құрдық, – дейді істі қалай бастағандары туралы әңгімелеген Ербол.
Қазір бауырлары өздерінің жеке кәсіптерін ашып алған. Шаруашылықта Ерболдың өзі, әпке-қарындасы Фатима мен Дильфуза және олардың балалары жұмыс істейді. Сондай-ақ ағайындылардан басқа жылыжайларда 30 адам жұмыспен қамтылған. Біз барғанда қияр өсірілген бірінші жылыжайдағы өнім әлдеқашан жиналып, 1 тоннадан аса өнім сатылыпты. Ал екінші жылыжайда қызанақ жинау жұмысы қызу жүріп жатты.
– Жылыжайларда қызанақ өсіру, әсіресе жазы қысқа немесе ауа райы тұрақсыз өңірлерде кеңінен етек жайып келеді. Өйткені олар қолайсыз ауарайынан қорғауды қамтамасыз етеді, жеміс беру маусымын ұзартады, ең бастысы ерте және мол өнім алуға мүмкіндік береді. Сондықтан қызанақ егу өте тиімді. Біз голландтық технология бойынша қызанақ өсіреміз, оның артықшылықтары – жоғары өнімділік, жыл бойғы өндіріс, өнімнің жоғары сапасы, пестицидтер мен тыңайтқыштарды аз пайдалану. Соңғы кездері зиянкестер үлкен проблема болып отыр және өсімдіктерді олардан қорғайтын дәрі-дәрмектер қажет. Бүгінде тыңайтқыштарды сатып алуға мемлекет тарапынан субсидия аз бөлінуде, біз өз қаражатымызбен жұмыс істейміз. Соның арқасында қызанақтан мол өнім алып, оны Талғар ауданы мен Алматы қаласының базарларында сатамыз, тіпті Астанаға да жібереміз.
Жылыжай қызанақтары өте дәмді және пайдалы азық, оны адамдар жыл бойы тұтынып, қажетті дәрумендерді ала алады. Егер сұрыптар дұрыс таңдалып, өсіру технологиясы сақталса өз қолыңмен өсірілген балғын қызанақтың хош иісінен әр күні ләззат алуға болады, – дейді кәсіпкер.
Қызанақтың пайдалы азық екенін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Оны тұрақты пайдалана отырып, иммундық жүйені нығайтуға, жүрек қызметін жақсартуға, ас қорытуды реттеп, холестеринді азайтуға болады. Сондай-ақ псориаз, экзема сияқты түрлі тері аурулары кезінде күніне кем дегенде бір қызанақ жеу керек екен. Ол теріде оң өзгерістің орын алуына әсер етеді. Дәрігерлер гастрит және асқазан жарасы кезінде күнде жаңа піскен қызанақ шырынын тұз қоспай ішуді ұсынады. Оны күніне үш рет, жарты стақаннан тамақтан кейін екі апта бойы қолдану қажет. Ал балғын қызанақты күнделікті тұтыну арқылы күйзеліс және нашар көңіл-күйді оңай еңсеруге болады. Өйткені оның құрамында серотонин, яғни бақыт гормоны бар. Осы гормон жеткілікті мөлшерде бөлінбеген жағдайда адам күйзелісті күйге тез түседі. Сондықтан, қызанақ әсіресе жүкті әйелдер үшін өте пайдалы.
Егер қызанақты сүйіп жейтін болсаңыз, ол көзіңізді жас ұлғайғанда пайда болатын катарактадан қорғайды екен. Себебі, қызанақтың құрамында В2, рибофлавин дәрумендері бар. Ал арнайы зерттеу жүргізген мамандар бұл дәрумендерді қолданатын адамдар көз ауруының осы түрінен зардап шекпейтініне көз жеткізген. Сондай-ақ құрамында бета-каротиннің көп болуына байланысты қызанақты жиі қолданатындар көзінің өткірлігімен мақтана алады. Осы себептерге байланысты «Отан» шаруа қожалығы да халықтың денсаулығы үшін өте пайдалы әрі дәмді, ал өзіміз үшін тиімді көкөніс өсіретінін мақтаныш тұтады, – дейді өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін сездірген фермер.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы
