Курсингтің жазғы маусымының жабылуы
Іле ауданының Қараой ауылында тұқымды иттер арасында «Кумай тазы» республикалық турнирі – «Асыл мұра – 2025» жарысы өтті. Тазыларының шеберлігін, ептілігін және сымбатын көрсету үшін еліміздің барлық өңірінен 135 ит өсіруші мен иесі жиналды. Іс-шараның мақсаты – ғасырлар бойы көшпенділердің сенімді серігі әрі ұлттық мұраның символы болған тазы тұқымын сақтау және насихаттау.
«Бұл жарыстар қазақтың тазысы арасында өтті және курсингтің жазғы маусымын жабуға арналды. Курсинг – бұл аңды (қоян, түлкі) қуып жету мен ұстауға еліктейтін далалық жаттығу. Бұл – иттердің жұмыс қабілетін көрсетуге мүмкіндік беретін жарыс, яғни механикалық қоянның артынан жүгіру. Курсинг кинологиялық спорттың ресми түрі болып саналады және борзый тұқымды иттердің иелері арасында аса танымал. Біздің облыста «Кумай тазыны» өсірумен негізінен Іле, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында айналысады. Біз «Асыл мұра» облыстық федерациясын құрдық. Биыл демеушілердің қолдауымен әртүрлі деңгейдегі бірнеше жарыс өткіздік. Биылғы жарыстың ерекшелігі – географиясының кеңдігі. Бүгінде тазы өсіруге деген қызығушылық артып келеді. Мұндай жарыстар тұқымның тазалығын сақтауға және иттерді тәрбиелеу әдістерін жетілдіруге ынталандырады», – деді «Асыл мұра» облыстық тазы федерациясының президенті Ернар Мүптекеев.
Республикалық турнир екі кезеңнен тұрды. Бірінші – алдын ала іріктеу – шағын топтарда өтті. Екінші – финалдық кезеңде әр топтың жеңімпаздары бақ сынады. Қатысушылар өз иттерін әртүрлі номинациялар бойынша таныстырды: жылдамдық, төзімділік және аңшылық қабілеттері.
Тәжірибелі кинологтар мен ұлттық федерация өкілдерінен құралған сараптамалық комиссия әрбір итті тұқым стандарты, физикалық мәліметтері және мінез-құлқы бойынша мұқият бағалады. Нәтижесінде жеңімпаздар қатарынан Алматы облысының өкілі Құдайбергенов Айдын мен оның иті «Сылдыр» танылды.
«Бүгін бәрінің көңіл-күйі тамаша. Біз мұндай жарыстарға төртінші рет қатысып отырмыз. Бәсеке өте жоғары болды. Қатысқанымызға, басқа қатысушыларды көріп, тәжірибе алмасқаныма өте қуаныштымын. Тазы – қазақ халқының тірі тарихы. Олар жай ғана ит емес, нағыз дос әрі көмекші. Бұл жеңіс – ұзақ және табанды еңбектің жемісі», – деді Айдын Құдайбергенов.
Үздік үштікке Жаркент қаласы мен Қарағанды облысынан келген қатысушылар да енді.