⛅
12°C
Қонаев
Жексенбі, Қазан 19, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Алысты болжау – ақылдылықтың белгісі

    11.10.2025
    in Барлық жаңалықтар, Саясат
    Алысты болжау – ақылдылықтың белгісі
    0
    SHARES
    3
    VIEWS

         Жаһандану дәуірінде шекараның шартты ұғымға айналғаны рас. Бүгінде ешбір ел өзге жұрттан оқшауланып өмір сүре алмайды. Қазақстан да әлемдік экономикалық үрдістен тыс қалмай, алыс-жақын елдермен байланысын күшейтіп келеді. Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелдік инвестиция тарту бағытындағы қадамдары осы тұрғыда құптарлық. Дегенмен ұлан-байтақ жеріміз болғанымен, тарихи зобалаң мен геноцидтердің салдарынан халқымыз саны аз күйінде қалды. Осындай азшылық демографиямен алып мемлекеттердің экономикалық экспансиясына ұшырап, жұтылып кетпейміз бе деген қауіп көптің көкейінде жүр. Бұл алаңдаушылық елге жанашыр әрбір азаматты мазалайтыны анық.

    Қазақстанға келген әрбір ірі инвестор – бұл тек ақша мен технология емес, ел тағдырын айқындайтын шешімдердің жаңа парағы. Бізге миллиардтаған долларлық жобалар ұсынылады, жаңа зауыттар салынады, жаңа құбырлар тартылып, көлік дәліздері ашылады. Бірақ осы шешімдердің көбі жұртқа жария болмай, жоғарыдағы кабинеттерде қабылданып жатады. Қандай шартпен келісілді, кім қандай кепіл берді, қандай жеңілдіктер жасалды – мұның бәрі көбінесе «мемлекеттік» немесе «коммерциялық құпия» деген мөрдің астында.
    Бұл – жаңа Қазақстандағы ескі әдет. Біз ашық қоғам құрамыз деп ұрандатамыз, бірақ ірі жобалардың мән-жайы әлі де құпия. Осындайда Kazakhgate жанжалы еске түседі. Мұнай келісімдеріндегі сыбайлас жемқорлық біздің елдің атын бүкіл әлемге шығарды, бірақ жақсы жағынан емес. Жасыратыны жоқ, қазақ қоғамында Қытайға деген үрей ежелден бар. «Қара Қытай қаптағанда…» деп басталатын сөз әлі күнге дейін айтылып қалады. Алайда шын қауіп Қытайдың өзі емес, ұлттық байлықты өз қолымен беріп жіберетін, жеке мүддесін ел мүддесінен жоғары қоятын сатқын немесе жауапсыз шенеуніктерде болып тұр.
    Тарих бізге сабақ болуға тиіс. 90-жылдары жасалған мұнай келісімдерінің барлығы дерлік Қазақстанның үлесі аз, бірақ алдын ала төленетін транштар үлкен болған схемалармен құрылды. Ол кезде бастысы ел қазынасына жылдам ақша кіргізу еді. Нәтижесінде қоғам бір сәтке тыныстап, мұнай долларларының лебін сезді, бірақ ұзақмерзімді перспективада бұл келісімдер бізді өз жерімізде аз үлеспен қалдырды.
    Егер егемендікті сақтап қалғымыз келсе, бізге сыртқы капиталдан емес, өзіміздің жауапсыз шешімдерімізден сақтану керек. Ресеймен де, Қытаймен де, Батыспен де жасалатын жаңа жобалар ашық талқылануы тиіс. Мұндайда қоғамдық тыңдаулар өткізіп, келісімшарттардың құпия емес бөлігі жұртқа жарияланғаны жөн. Сондай-ақ Парламент пен қоғам бақылау жүргізу керек. Басқаша болса, бүгінгі шешімдердің ауыртпалығын ертең бүкіл халық көтереді: тарифтер өседі, қарыз көбейеді, ал стратегиялық активтер шетел капиталына тәуелді болып кетеді.
    Инвестиция қажет, бұл – даусыз. Бірақ ол ұлттық мүддеге қайшы келмей, әділ әрі ашық шарттармен жасалуы тиіс. Бізге керек нәрсе – шетелден қорқу емес, өзімізден қорқу, өзіміздің қателігімізді қайталамау. Алып мемлекеттер бізден сұрамай, ресурстарды бөліп алған жоқ. Бәрін біздің қолымызбен, біздің келісімімізбен алды. Соңғы уақытта, әсіресе, Қытай Халық Республикасымен қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Екі ел арасында визасыз жүріп-тұру тәртібі енгізіліп, Аспан асты елінің азаматтары Қазақстанға ағылып келе бастады. Мұны туристік әлеуеттің артуы деп қуанғандар да бар. Алайда визасыз кірген қытайлықтардың бір бөлігі турист ретінде уақытша емес, тұрақтап қалып, бизнес ашып жатқаны да жасырын емес. Олардың нақты немен айналысатыны жөнінде қоғамда сұрақ көп. Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Қытай туралы пікірін білдіріп: «Ресей – Қазақстанның ежелден негізгі стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы. Қытай халқымен ықпалдастық тамыры тереңде жатыр. Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян келтірген жоқ, болашақта да зиян келтірмейді», – деді.
    Рас, Ресейдің қаншалықты сенімді одақтас екенін балаға дейін біледі. Ал өткен тарихында Шыңғыс ханнан бастап жапон милитаристеріне дейін талай ауыр кезеңді бастан өткерген Қытай қазаққа жаулық қылмаса да, «Қытай оянғанда бүкіл әлем дірілдейді» деген нақыл сөз Наполеон Бонапарттан қалғанын ұмытпағанымыз жөн. Бүгінде сол алып Қытай оянып, әлемдік державаға айналды. Экономикалық, саяси, технологиялық қуаты жағынан қазір ол «ұйықтап жатқан» момақан ел емес.
    Ашық ақпарат көздеріндегі деректерге сүйене отырып, Қытайдың қазіргі экономикалық экспансиясы туралы шолу жасап көрелік. Қытайдың жаһандық экономикалық экспансиясы қандай? Қытай өз ықпалын дүниежүзінде әскери жолмен емес, негізінен, «жұмсақ күш» және экономикалық тетіктер арқылы кеңейтіп келеді. Бейжіңнің әлемдік әсерін арттырудағы негізгі механизмдерін сарапшылар бірнеше бағытқа бөледі.
    Біріншісі – «Бір белдеу – бір жол» бастамасы. 2013 жылы Си Цзиньпин ұсынған бұл жоба бүгінде әлемнің 140-тан астам еліне таралып отыр. Мақсаты – Қытайды Азия, Еуропа, Африка, Латын Америкасына теміржол, порт, автожолдар арқылы тығыз байлау. Бейжің дамушы елдерге миллиардтаған доллар салып, жол, порт, зауыттар тұрғызады, есесіне сол елдердің ресурстарына қол жеткізеді және саяси қолдау алады. Шри-Ланкадағы Хамбантота порты – соның айғағы. Қарызын өтей алмаған ел оны 99 жылға Қытайға жалға беруге мәжбүр болды. Бұл – қару ұстамай-ақ, стратегиялық активті қолға түсірудің үлгісі.
    Екіншісі – «Қарыз қақпаны» дипломатиясы. Қытайдың несие саясаты сырт көзге тиімді көрінеді. Шарттары – жеңіл, пайыз төмен. Бірақ қайтару мүмкін болмай қалса, мәселе күрт өзгереді. Бұл – тәуелсіздікке төнетін тікелей қатер. Қарыз ауыртпалығы артқан сайын елдің саяси маневр мүмкіндігі азаяды. Қытай тек қарыз беріп қана қоймай, өндірісін де дамушы елдерге көшіреді. Эфиопиядағы тоқыма фабрикалары, Вьетнамдағы электроника зауыттары – осы саясаттың нәтижесі. Жергілікті халыққа жұмыс орны ашылғандай көрінгенімен, шын мәнінде, бұл елдердің нарықтары Қытай шикізаты мен технологиясына тәуелді болып қалады.
    Үшіншісі – экспорт пен инвестиция арқылы нарықты жаулау. Қытай арзан тауарымен бүкіл әлемді толтырды: тұрмыстық техникадан бастап құрылыс материалдарына дейін бәрі Қытайдан келеді. Сонымен қатар ол энергетика, телеком, көлік сияқты стратегиялық салаларға кіріп, өз ықпалын күшейтіп отыр. Нәтижесінде қабылдаушы елдің негізгі кәсіпорындары мен нарығы біртіндеп қытай капиталының қолына өтеді.
    «Цифрлы Жібек жолы» бастамасы шеңберінде Қытай дамушы елдерге интернет инфрақұрылымын, 5G жабдықтарын, бейнебақылау жүйелерін жеткізіп отыр. Бұл – цифрлық тәуелділіктің жаңа дәуірі. Елдердің дерек ағыны мен киберқауіпсіздігі Қытай технологиясына байланады. Батыс елдері Huawei-ден қауіптенсе, дамушы елдерде балама жоқ болғандықтан, олар Бейжің ұсынысын қабылдауға мәжбүр.
    Қытаймен байланыста саяси және мәдени ықпал да бар. Экономикалық қатынастар Қытайға саяси мүмкіндік береді. Конфуций институттары арқылы тілін, мәдениетін насихаттайды, Парламент ғимараттары мен стадиондар салып, элитамен жақындасады. Ең бастысы, ол серіктес елдерден демократия немесе адам құқықтарын талап етпейді, бұл автократиялық билікке ыңғайлы. Көптеген ел халықаралық аренада Қытай позициясын қолдауға бейімделіп, сезімтал мәселелерде үнсіз қалуды жөн көреді. Қытайдың экономикалық экспансиясы – бұл жай ғана инвестициялық жоба емес, тұтас стратегия. Бейжің әскери күш қолданбай-ақ өз ықпал аймағын ұлғайтып отыр. Бұл XXI ғасырдағы жаңа «Жібек жолы дипломатиясы» десек, қателеспейміз.
    Нәтижесінде Қытай бірнеше маңызды артықшылыққа ие болады. Жаңа нарықтарға жол ашады. Қытай тауарлары үшін Азиядан Африкаға, Еуропадан Латын Америкасына дейін кеңістік кеңейеді. Бұл ішкі өндірісті жүктеп қана қоймай, әлемдік бәсекеде Қытайдың үлесін ұлғайтады. Шикізатқа тікелей қол жеткізеді. Мұнай, газ, металл, сирек кездесетін элементтер – бәрі Қытай өнеркәсібінің «тамырына қан жүгіртеді». Геосаяси позициясын күшейтеді. Қытайдың қолдауына сүйенген дамушы елдер БҰҰ мен басқа ұйымдарда Бейжің саясатын қолдап дауыс береді. Бұл – Қытайдың халықаралық беделін арттырудың ең тиімді тәсілі. Санкцияларды айналып өтеді. Батыс қысымын сезінгенде, Қытай өзіне адал серіктес елдер арқылы тауар ағынын, қаржылық операцияларын жалғастыра алады. Алайда мұның көлеңкелі жағы да бар. Экономикалық экспансияға ұшыраған елдердің кейбірі қарыздың қылбұрауына түсіп, егемен шешім қабылдау мүмкіндігінен айырылып отыр.
    Шри-Ланка мысалы – ең жиі айтылатын сабақ. Қытай қаржысына салынған Хамбантота порты қарыз өтелмеген соң 99 жылға Қытай компаниясына өтті. Бұл тек экономикалық емес, стратегиялық жеңіс – Үнді мұхитындағы маңызды нүкте Бейжің ықпалына берілді. 2022 жылғы Шри-Ланкадағы дағдарыс пен билік ауысуы сарапшылар тарапынан «Сыртқы қарызға шектен тыс тәуелділіктің салдары» деп бағаланды. Замбия, Джибути, Ангола да қарызын қайтара алмай, кен орындарын, электр стансаларын, порттарын Қытайға беруге мәжбүр болды. Бұл елдердің экономикалық егемендігі шектеліп, сыртқы саясатында да Бейжің мүддесін көбірек ескеретін болды. Демек Қытайдың экономикалық экспансиясы – қос қырлы қылыш. Бір жағынан, ол дамушы елдерге инфрақұрылым мен инвестиция әкеледі, екінші жағынан, олардың стратегиялық таңдау еркіндігін тарылтады. Бұл Қазақстан сияқты елдер үшін ескеретін дүние болуы тиіс. Инвестицияны қабылдау керек, бірақ ұлттық мүдде мен егемендікті кепілге қоймай жұмыс жүргізу – ең басты міндет!
    XXI ғасыр – геоэкономиканың ғасыры. Қарулы қақтығыстар азайғанымен, мемлекеттер арасындағы бәсеке инвестиция, логистика, технологиялар арқылы жүруде. Қытай – осы жаңа дәуірдің басты ойыншысы. Оның экономикалық экспансиясы – көзге көрінбейтін, бірақ әсері терең құбылыс. Қазақстан – осы процестен тыс қалған жоқ. Біздің ұлан-ғайыр жеріміз, бай ресурстарымыз және Еуразия жүрегіндегі орналасуымыз Бейжің үшін стратегиялық маңызы бар мүмкіндік.
    Қазақстан – Қытайдың Еуропаға шығатын басты дәлізі. Қорғас хабы, «Қытай – Еуропа» жүк пойыздары, транзиттік дәліздер – бәрі біз арқылы өтеді. 15-20 күнде жететін жүк пойыздары теңіз тасымалын алмастыруда. Бұл табыс көзіне айналды, бірақ біржақты тәуелділік қаупін де туғызады. Егер Қытай маршруттарын өзгертсе, біздің инфрақұрылым бос қалуы мүмкін.
    Қазақстан – Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшесі, Қытаймен қауіпсіздік пен терроризмге қарсы күрес саласында бірге жұмыс істейді. Жоғары деңгейдегі кездесулер жиі өтеді. Алайда Бейжіңнің экономикалық салмағы артқан сайын, кей мәселелерде біздің билік аса сақ. Шыңжаңдағы қазақтардың мәселесі ресми деңгейде ашық талқыланбайды. Бұл – экономикалық тәуелділіктің саяси шешімдерге әсерінің көрінісі.
    Қалай десек те, Қытайға деген сенімсіздік қоғамда бұрыннан бар. 2016 жылғы жер митингтері бүкіл елді шарпыды. 2019 жылы Жаңаөзеннен басталған Қытай зауыттарына қарсы наразылықтар да елге жайылды. Халық Қытай жұмыс күшінің келуінен, экологиялық қауіптен, жердің жалға берілуінен қорқады. Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың жағдайы да бұл үрейді күшейтті.
    Қазақстанда 5 Конфуций институты жұмыс істейді, мыңдаған студент қытай тілін үйренуде. 15 мыңнан астам қазақ жасы Қытайда оқып жатыр. Бұл мәдени байланыс болса да, ұзақ мерзімде Қытай құндылықтарына бейімделген жаңа буын қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан мұндайда теңгерім мен ұлттық мүдде басты орынға шығуы тиіс.
    Қытай – Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Инвестиция, инфрақұрылым, жаңа технология жағынан үйренеріміз көп. Бірақ стратегиялық тәуелділік, тарифтердің өсуі, саяси маневр кеңістігінің тарылуы сияқты дүниелерді де ескеру қажет. Сондықтан келісімшарттар ашық болуы тиіс, стратегиялық активтер кепілге қойылмауы қажет. АЭС сияқты жобаларда балама серіктестер де қарастырылып, ұлттық мүдде бірінші орынға қойылуы керек. Қытай жұмыс күшінің квоталары шектеліп, қазақстандық кадрлар басым болуы шарт. Көпвекторлы саясат сақталып, Қытайға да, Батысқа да бірдей қашықтықта болу маңызды. Егемендік – біздің ең үлкен капиталымыз. Экономикалық пайда бүгін қуантуы мүмкін, бірақ ертеңгі тәуелділіктің өтеуі одан әлдеқайда қымбат екенін ұмытпайық!
    Иә, инвестиция – кез келген экономика үшін қажетті ресурс. Бірақ кез келген ірі капитал, әсіресе геосаяси салмағы зор елден келетін капитал, мұқият қарауды талап етеді. Қытай инвестициялары да – екі қырлы қылыш. Бір жағынан, олар жаңа өндіріс орындарын ашып, инфрақұрылымды жаңғыртып, экономикаға серпін береді. Екінші жағынан, шарттары дұрыс сараланбаса, бұл қаржы бізді ұзақ мерзімді қаржылық және басқарушылық тәуелділікке байлап қоюы мүмкін.
    Көптеген сарапшылар Қытайдың қаржылық тетіктерін «Қарыз қақпаны дипломатиясы» деп атайды. Себебі бастапқыда жеңіл көрінетін несиелер кейін өте қымбатқа түсуі мүмкін. Егер қарыз алушы ел жобаны уақытылы аяқтай алмаса немесе сыбайлас жемқорлыққа жол берілсе, шығынның ауыртпалығы сол елдің өзіне қалады.
    Мысалға Астанадағы LRT жобасын алайық. Бұл – Қытай қаржысына тәуелділіктің ең жарқын мысалы. 2015 жылы Қазақстан Қытайдың Даму банкінен 1,5 млрд доллар алып, жеңіл рельсті жол салуға кірісті. Алайда жоба жемқорлық, жоспарлау қателіктері және саяси шешімдердің өзгеруі салдарынан тоқтап қалды. 200 млн доллар қаражат жергілікті банкте бұғатталып, құрылыс бірнеше жылға кешікті. 2019 жылы Астана қаласының билігі мен қытайлық банк жаңа транш шарттары жөнінде ортақ мәмілеге келе алмай, құрылыс мүлде тоқтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаны «Экономикалық тұрғыда түсініксіз, күмәнді» деп сынады, бірақ келісімді бұзу тым қымбатқа түсетінін айтып, құрылысты жалғастыруға мәжбүр екенімізді мойындады. Яғни, келісімшарттан бас тартсақ, Қытай банкіне үлкен айыппұл төлеуге тура келеді. Бұл оқиға бір маңызды сабақ береді: қытайлық қаржыға кіріскен соң, одан шығып кету оңай емес. Тіпті тиімсіз жобаны да аяқтауға тура келеді, әйтпесе халықаралық міндеттемелерді орындамағанымыз үшін қымбат өтемақы төлейміз.
    LRT жағдайы – жалғыз мысал емес, алдағы уақытта да қайталануы мүмкін тәуекел. Егер Қазақстан Қытай қаржыландырған басқа жобаларда да уақытылы жұмыс жүргізе алмаса немесе ішкі сыбайлас жемқорлық орын алса, қосымша шығынды біз көтереміз, ал пайдасын Қытай компаниялары көріп кетуі ықтимал. Бұдан бөлек, Қытай несиелерінде кейде саяси шарттар да жасырын болуы мүмкін: мемлекеттік кепілдік, стратегиялық активтерді кепілге қою, қытайлық жабдықтарды міндетті қолдану, қытай жұмыс күшіне квота беру. Мұндай шарттар орындалмаған жағдайда, қаржылық тәуекел ғана емес, стратегиялық тәуелділік те арта түседі.
    Шетелдік капиталды тарту үшін Қазақстан заңнамасы инвесторларға түрлі жеңілдіктер ұсынады. Бұл – экономикалық өсім үшін қажетті қадам. Алайда шетелдік, әсіресе Қытай компаниялары бұл жеңілдіктерді өте кең қолданып, бюджетке төлейтін салықты барынша азайтады деген сын жиі айтылады. «Инвестициялар туралы» Заңға сәйкес, Үкімет анықтаған басым секторларда жобаны іске асырған инвесторлар 10 жылға дейін корпоративтік табыс салығынан, жер және мүлік салығынан босатылады. Шетелден әкелінетін құрал-жабдықтарға да кеден бажы салынбайды. Кей жағдайда мемлекет жер телімін өтеусіз пайдалануға да береді. Бұл, бір жағынан, инвестицияны ынталандырады. Екінші жағынан, қазақстандық компаниялар ондай жеңілдіктерге қол жеткізе алмай, бәсекеге қабілетсіз қалып жатады. Мұндай салықтық каникулдар халық арасында жиі наразылық туғызады: шетелдік компаниялар миллиардтаған айналым жасап, аз ғана салық төлейді, ал жергілікті кәсіпкерлер толық салық жүктемесін көтереді. Бұл – әділеттілік мәселесін ушықтыратын фактор.
    Қытай инвестицияларының тағы бір сезімтал қыры – шетелдік жұмыс күшін әкелу. Қазақстан заңында шетелдік жұмыс күшіне квота бар, бірақ стратегиялық жобаларға кейде ерекше тәртіп қолданылады. Инвесторға квотадан тыс шетел мамандарын әкелуге рұқсат беріледі. Қытай компаниялары бұл мүмкіндікті пайдаланып, өз мамандарын көптеп әкелуге тырысады. 2024 жылғы 1 мамырдағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда
    13 536 шетелдік маман жұмыс істеген, оның ішінде 4 059-ы – Қытай азаматы (30%). Бұл – жалпы жұмыс күшімізбен салыстырғанда аз, бірақ қоғамда «Жобалар іске қосылғанда Қытай жұмысшылары толып кетеді» деген үрей басым.
    Жергілікті халықты жұмыспен қамту – кез келген инвестициялық келісімнің басты шарты болуы тиіс. Қытай жобаларында бұл талап орындалмай қалса, әлеуметтік шиеленіс күшейіп, қазақстандықтардың Қытайға сенімсіздігін одан сайын арттырады. Соңғы жылдары Қытай Қазақстанға тек ірі индустриялық жобалармен емес, шағын және орта бизнес деңгейінде де белсенді ене бастады. Бұл – аз айтылып жүрген, бірақ стратегиялық маңызы бар үрдіс.
    2025 жылғы ресми мәліметке сай, Қазақстанда қытайлық үлесі бар 4100-ден астам компания тіркелген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3,5 есе көп. Олардың шамамен 40%-ы сауда саласында, қалғаны құрылыс, өндіріс, тау-кен, қызмет көрсету секторларында жұмыс істейді. Бұл – тек «ірі инвестор» емес, Қытай бизнесінің біздің нарықтың барлық деңгейіне еніп жатқанын көрсетеді.
    Алматыда қытайлық капиталға тиесілі дәмханалар, шағын қонақүйлер, сауда орындары көбейді. Жетісу мен Алматы облыстарында Қытай инвесторлары қазақстандық делдалдар арқылы ауыл шаруашылық жерлерін жалға алып, егін салып жатқаны туралы ақпараттар шығып жатыр. Бұл – жергілікті кәсіпкерлер үшін қосымша бәсеке. Әрине, кез келген шетелдік инвестиция – экономикаға пайда, жаңа жұмыс орындары. Бірақ сарапшылар егер Қытай бизнесі ұсақ және орта сегментті де қолына ала берсе, қазақ кәсіпкерлері нарықтан ығыстырылып, экономикалық тәуелділік күшейеді деп ескертеді. Бірнеше жылдан кейін тамақтану орындарынан бастап құрылыс бригадаларына дейін Қытай капиталы басым болса, біз өз нарығымызды өз қолымызбен беріп қойған боламыз.
    Мемлекеттік органдар бұл процесті қатаң қадағалауы тиіс. Қытай капиталының үлесі қандай секторларда шоғырланып жатқанын ашық бақылау, отандық бизнесті қорғау үшін тең бәсеке шарттарын қамтамасыз ету, стратегиялық маңызы бар салаларда шетелдік қатысуды шектеу немесе нақты талап қою жұмыстарын күшейткен маңызды.
    Экономикалық қауіпсіздік – тек макроинвестициялар емес, шағын бизнес нарығының да ұлттық қолда қалуында. Сол себепті көпвекторлы саясат – қауіпсіздік кілті екенін есте ұстағанымыз жөн.
    Қытайдың экономикалық экспансиясы – XXI ғасырдағы геосаясаттың ең ірі құбылыстарының бірі. Бұл – тек қаржылық құйылымдар немесе сауда келісімдері емес, бұл – жаңа әлемдік тәртіптің бір бөлігі. Бейжің жұмсақ күш пен қаржы тетіктерін пайдаланып, ашық қақтығыссыз-ақ өз ықпал аймағын кеңейтіп отыр. Тағы да айтамыз, Қазақстан үшін бұл процесс – екі ұшты дүние. Бір жағынан, миллиардтық нарық, жаңа технологиялар, транзиттік дәліздер мен жұмыс орындары – экономикалық серпіліс әкелетін мүмкіндік. Екінші жағынан, шамадан тыс тәуелділік тәуекелі, ұлттық шешім қабылдаудағы қысым және болашақ ұрпақтың мойнына түсетін тарифтік ауыртпалық – ескерусіз қалдыруға болмайтын қауіп.
    Қазақстан бұған жауап ретінде көпвекторлы сыртқы саясат ұстанып келеді. Бұл – біздің өмірлік қажеттілігіміз. Қытаймен достық қатынасты сақтай отырып, Ресеймен де, Батыс елдерімен де, Түркия, Орталық Азия көршілерімен де тең дәрежеде әріптестікті дамыту – елдің стратегиялық тұрақтылығының кепілі.
    Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Қытаймен «Мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті» дамытуға баса мән беретінін бірнеше рет айтты. Бірақ бұл – ұлттық мүддені елемей, кез келген келісімге көз жұма келісу деген сөз емес, керісінше, әрбір ірі жобаны ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан сүзгіден өткізу, тәуекелі тым жоғары бастамаларға тоқтау қою дегенге саяды.
    Әлем елдеріне, олардың сыртқы қарызға байланысты басынан өткерген қиындықтарына қарап, сабақ алғанымыз жөн. Қазақстан мұндай қиындыққа түспеу үшін жобаларды толық ашықтықпен жүргізіп, келісімшарттарын қоғам алдында түсіндіріп, тәуекелді әділ бөлісуі қажет.
    Бабаларымыз «Жау жоқ деме – жар астында» деп бекер айтпаған. Әрине, Қытай бізге жау емес! Керісінше, бүгінгі қатынасымыз достыққа және өзара сыйластыққа құрылған. Бірақ алысты болжау – ақылдылықтың белгісі. Қытай инвестициясы бізге пайдалы болуы үшін ұлттық мүдде бәрінен биік тұруы тиіс. Қазақстанға саяси сауаттылық, экономикалық ұқыптылық және ішкі бірлік ауадай қажет. Біз сыртқы капиталды қабылдай отырып, өз нарығымызды, стратегиялық активтерімізді, кадрлық әлеуетімізді қорғауымыз керек. Сонда ғана көпвекторлы саясат – Президент бастаған бейбіт даму бағыты шынайы жемісін береді.

    Түйін: Мақала соңында айтарымыз, ең бастысы, кез келген инвестиция, кез келген серіктестік ұлттық егемендікке қауіп төндірмеуі керек. Қытаймен де, басқа елдермен де ашық, әділ, тең серіктестік орнату – біздің басты миссиямыз болып жалғасуы тиіс.

    Қуат Қайранбаев

    Ұсынымдар

    Қоғам дамуының  жаңа бағыты

    Қоғам дамуының жаңа бағыты

    2 weeks ago
    Ұлт саулығы – мемлекет байлығы

    Ұлт саулығы – мемлекет байлығы

    4 months ago
    Президент апат болған Костенко атындағы кенішке барды

    Президент апат болған Костенко атындағы кенішке барды

    2 years ago
    Ұшқан ұя ұлағаты

    Ұшқан ұя ұлағаты

    2 years ago
    Алаш арысының асыл мұрасы

    Алаш арысының асыл мұрасы

    11 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>