Қонаев қаласында сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу және оны ерте анықтау мақсатында «Қызғылт қазан» акциясы өтті. Онда қатысушылар екі шақырымдық жүгіру марафонында сайысқа түсіп, жылжымалы медициналық пунктте скринингтен өтті.
Шарада алғашқы болып сөз алған Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков қатысушыларға сәттілік тілеп, шараның мән-маңызы жайлы баяндады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Акция арқылы қоғамға денсаулыққа бейжай қарауға болмайтынын жеткізгіміз келеді», – деді ол.
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасы директорының орынбасары Айсұлу Оңғарова қазан дүниежүзі бойынша омырау обырының алдын алу айы екенін атап өтті. «Мұндай шаралар жыл сайын өткізіліп тұрады. Мұнда біз әйелдерге сүт безі қатерлі дерті туралы ақпарат беріп, оны ерте анықтаудың маңызын түсіндіріп, скринингтен өтуге шақырамыз. Омырау обыры – әйелдер арасында ең көп кездесетін онкологиялық аурудың бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерекгі бойынша әрбір сегіз әйелдің біреуі омырау обырына шалдығады. Қазақстанда да бұл дерт әйелдер онкопотологиясының ішінде бірінші орында тұр. Омырау обыры ерте анықталса, одан толығымен айығуға болады. Сондықтан әйелдер қауымы жылына бір рет міндетті түрде УДЗ мен маммографиялық тексеруден өтуі керек», – деді Айсулу Набатқызы.
Мөлдір Нұрғажы марафонға бірінші рет қатысқанын айтты. «Күнделікті күйбең тіршілікте, жұмыс бабымен ауруханаға барып тексерілудің сәті түсе бермейді. Демалыс күні ұйымдастырылған бұл шара біз үшін өте ыңғайлы болды. Скринингтен де өтіп, денсаулығымызды тексерттік, сонымен қатар сергектік пен салауатты өмір салтын насихаттайтын марафонға да қатыстық. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса екен», – деді ол.
Жүгіру марафоны барысында Аделина Сәлімбаева мәре сызығына бірінші болып жетті. «Екі шақырымды 9 минутта жүгіріп өттім. Өзім фитнес жаттықтырушымын. Ұжыммен бірге марафонға қатыстық. Барлық әйелдер қауымын өз денсаулығын назардан тыс қалдырмай, уақыты тексеруден өтуге шақырамын», – деді жеңімпаз.
Шараға 150-ге жуық адам қатысып, марафонда сынға түскен барлық қатысушыларға медаль тағылды, жеңімпаздарға ақшалай сертификат табысталды. Сондай-ақ тегін тексерістен өтіп, қатерлі дерттің алдын алу шаралары туралы кеңес алды.