Қарасай ауданының аумағы арқылы өтетін «Алматы-Бішкек» тасжолының бойындағы ең басты мәселе – көлік кептелісі. Темір тұлпарды тізгіндеушілердің сабырын қашырған осы мәселені шешу мақсатында келешекте жолды кеңейту жұмысы қолға алынбақ. Қазіргі уақытта оның жобасы пысықталып, жүзеге асыру барысы талқыға салынуда. Ал оған дейін көлік ағынын реттеп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тасжолдың бойында уақытша амалдар қарастырылуда.
Осы мақсатта жақында күре жолдағы кептеліс жиі болатын Долан мен Алмалыбақ ауылын жалғайтын жаяу жүргіншілер жолағына бағдаршам орнатылды. Қарасай аудандық полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Баукен Байымбетовтің айтуынша, бұл жерде батырма арқылы басқарылатын бағдаршам жұмыс істеп тұр. Яғни, ары-бері өтетін тұрғындар тетікті басу арқылы қарсы бағытқа өте алады. Сонымен қатар алдағы уақытта тасжолдың 21-шақырымында тағы бір бағдаршам орнату жоспарлануда. «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Дінмұхамед Нұрмұханбеттің сөзіне сүйенсек, жергілікті халық пен әкімдіктің сұранысы бойынша трассаның 21-шақырымында (көбісі 19 км деп атап кеткен) Алматы қаласына тікелей бағыт алатын бұрылыс жолағы салынады.
– «Алматы-Бішкек» тасжолындағы көлік кептелісін азайту мақсатында үш жолақты айналма бұрылысын жасап жатырмыз. Сондай-ақ бұл жерде жол қозғалысын реттейтін бағдаршам болады. Мұның бәрі уақытша екенін айта кету керек. Өйткені тасжолға қатысты ауқымды жоба жүзеге асқаннан кейін бәрі қалпына келеді, – деді «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының өкілі.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
Қарасай ауданы




