Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, басқарма басшылары мен облыстық мәслихат депутаттары, онлайн режимде аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары қатысты. Күн тәртібіне енгізілген 7 мәселенің алғашқы 4-еуі ашық талқыланып, қалғандары депутаттардың өз ішінде қаралды.
Сессия жұмысын ашып, жүргізген облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев қаралатын алғашқы мәселе 2024 жылғы 18 желтоқсандағы №31-160 «Алматы облысының 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы екенін айтып, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Оразға сөз берді. Асылан Саматұлының айтуынша, биыл аймақтың бюджеттік шығындары 853 млрд теңге деп жоспарланған. Бөлінген қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған. Оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау бағытындағы жобаларды жүзеге асыруға айрықша көңіл бөлінген.
«Облыстың меншікті кірісі де жыл сайын өсіп келеді. Биыл бұл көрсеткіш 856 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Түсімнің негізгі бөлігін акциздік салықтар құрап отыр. Биыл нақты 33 миллиард теңге көлемінде бюджеттік қолдау көрсетілді. Оның басым бөлігі білім беру саласына бағытталды», – деді ол.
Келесі кезекте пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің мөлшері белгіленді. Аталған мәселе бойынша облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Әбдірахманов баяндама жасады. Ол ҚР Үкіметінің қаулысымен Алматы облысының шекарасы бекітілгенін және ҚР Президентінің 2024 жылғы 9 қаңтардағы №432 Жарлығымен Алатау қаласының құрылуына орай пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің мөлшерлерін бекіту қажеттілігі туындатып отырғанын айтты.
Сессия жұмысында келесі талқыланған мәселе – жайылымдық жерлерді тиімді әрі ұтымды пайдалану жайында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Тоқпейісов баяндама жасады. Оның айтуынша, мал азығының шамамен 70 пайызы жайылымдар есебінен қамтамасыз етіледі. Жайылымдық жерлердің жүктемесі біркелкі бөлінбеген. Облыстың қала маңындағы аудандарында артық жүктеме байқалса, ал таулы және шалғай аймақтарда жайылым әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Осы тепе-теңдікті қамтамасыз ету және ресурстарды реттеудің нақты тетіктерін енгізу үшін қазіргі өзекті мәселелерге сай нормативтік құжат қажет. Осы мақсатта «Алматы облысы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидалары» атты өңірлік құқықтық акт жобасы әзірленген. Аталған құжатта жайылымдарды ұтымды пайдалану, жүктемені теңестіру және жердің тозуының алдын алу жағдайлары ескерілген.
Сессияда жерүсті су ресурстарын пайдаланғаны үшін 2025 жылға арналған төлемақы мөлшерлемелері де бектілді. Бұл ретте су ресурстары және ирригация басқармасының басшысы Саят Қараласов баяндама жасап, төлемақы мөлшерлемелеріндегі өзгерістер жайын ортаға салды. Оның сөзінше, су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемесін есептеу әдістемесі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 569-бабына сәйкес әзірленген.
«Жаңа төлемақы мөлшерлемелері негізінде тұрғын үй пайдалану және коммуналдық қызметтер үшін 1000 текше метр суға – 659 теңге, жылу энергетикасы және өнеркәсіп үшін 1000 текше метр суға – 1 819 теңге, ал ауыл шаруашылығы үшін 1000 текше метр суға 523 теңге төлем алынады», – деді Саят Маратұлы.
Сессияда облыс әкімдігінің дербес құрамын келісу, бюджет комиссиясының құрамын бекіту және мәслихаттың кейбір шешімдерінің күшін жою мәселелері де талқыланды. Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қабылданған шешімдердің маңызына тоқталды. Ол аймақтың стратегиялық даму бағытын жүзеге асыруда әрбір шешімінің уақытылы әрі сапалы орындалуы басты шарт екенін атап өтті.
Ерзат АСЫЛ