Жамбыл ауданының шалғай елді мекендерінде тұратын тұрғындар үшін сапалы медициналық қызмет енді бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Ауданға IDIS2GO атты заманауи телемедицина жүйесі енгізіліп, қашықтан диагностика мен кеңес беру мүмкіндігі іске қосылды.
IDIS2GO – бұл телемедицинаға арналған портативті аппарат-жүйе, яғни шағын рюкзакқа немесе тасымалданатын жинаққа орналастырылған медициналық құрылғылар кешені. Құрылғы құрамына қан қысымын өлшеу, электрокардиограмма (ЭКГ), қандағы оттегінің деңгейін анықтау (пульсоксиметрия), тыныс алу жүйесін тексеру (спирометрия), тері мен басқа да мүшелерді қарауға арналған дерматоскопия және ультрадыбыстық сканер сияқты құралдар кіреді.
Жүйенің басты артықшылығы – деректерді бірден орталық жүйеге жіберіп, қашықтағы мамандармен байланыс орната алуында. Осы арқылы ауылдық жердегі фельдшер немесе дәрігер науқастың жағдайын орталық аурухана дәрігерлерімен бірлесе отырып талдап, шұғыл шешім қабылдай алады.
– Бұл жүйе Жамбыл ауданы сияқты шалғай ауылдары бар өңірлер үшін таптырмас мүмкіндік. Телемедицина аппаратының көмегімен біз осы Ұзынағашта отырып, шалғай елді мекендегі тұрғындарымызды шақырмай-ақ алғашқы диагностикалық тексеруден өткізе аламыз. Мәселен, жүрек-қан тамырлары, тыныс алу, немесе созылмалы аурулары бар науқастарға үй жағдайында немесе ауылдық медициналық пункттерде тексеріс жүргізу әлдеқайда ыңғайлы. IDIS2GO жүйесі арқылы алынған деректер онлайн түрде дәрігерге жолданып, науқасқа қажетті медициналық кеңес немесе ем-шараларын тез арада тағайындай аламыз ,- деді аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жанат Абдымолдаева.
Иә, шыныменде бұл технология әсіресе ауылдық, жол қатынасы қиын аймақтардағы тұрғындарға зор көмек болып отыр. Науқастарды аудан орталығына тасымалдау шығындары мен уақыт жоғалту азайып, медициналық қызметтің сапасы арта түсті.
Аудандық орталық аурухана терапевті Айсара Мақсат: “Бұл құрылғының тағы бір артықшылығы – мобильділігі мен көпфункционалдығында. Барлық қажетті құралдар бір рюкзактың ішінде орналасқандықтан, дәрігерлер кез келген уақытта кез келген жерде қызмет көрсете алады. Сондай-ақ IDIS2GO жүйесі халықаралық стандарттарға сай сертификатталған және медициналық ақпараттық жүйелермен (электронды науқас картасы, MIS, EHR) бірігіп жұмыс істей алады”, – деп түсіндірді.
Қазіргі таңда телемедицина бағытындағы бұл жоба аудан тұрғындарының денсаулығын бақылауға және дер кезінде медициналық көмек көрсетуге айтарлықтай ықпал етіп отыр.
Жаңа технологияның көмегімен енді Жамбыл ауданының шалғай ауылдары да заманауи медицинаның игілігін көріп, сапалы қызмет ала бастады.
Бақтияр Айталы




