Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров Алматы облысына жұмыс сапарымен келді. Бизнес-омбудсмен аймақ әкімі Марат Сұлтанғазиевпен кездесіп, өңірдегі іскерлік ахуалды жақсартудың өзекті мәселелерін талқылады. Одан соң Алматы және Жетісу облыстарының бизнес қауымдастығымен жүздесті.
Жиынды ашқан облыстық «Атамекен» ӨКП директоры Азамат Тағаймұратұлы кездесудің мақсаты – бизнес жүргізудің өзекті мәселелерін талқылау, кәсіпкерлердің өтініштерін қарастыру екенін айта келіп, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке сөз берді. Аймақ басшысы өз сөзінде облыста шағын және орта бизнесті дамытудың мүмкіндігі зор екенін атап өтті.
«Шағын және орта бизнесті қолдау – облыс саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгінде белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 156 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 10,8 пайызға артты және бұл салада 272 665 адам жұмыспен қамтылды. Биылғы 8 айда шағын және орта бизнестен түскен салық көлемі 220,9 млн теңгені құрады. Өнім шығару көлемі 2,2 трлн теңгеге жетіп, өсім 33,3 пайызды көрсетті. Биыл бизнесті қолдауға 34,4 млрд теңге бағытталды. Ортақ күш-жігердің арқасында ғана біз аймақ экономикасының тұрақты дамуын және тұрғындар өмірінің сапасын арттыруды қамтамасыз ете аламыз», – деді Марат Елеусізұлы.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров бизнес-омбудсменнің стратегиясымен бөлісті. «Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің миссиясы – басқа құқықтық мүмкіндіктер болмаған жағдайда кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау. Мемлекет бизнесті экономикалық тұрғыдан қолдауы керек. Біз жеке бизнестің барлық негізсіз әкімшілік және басқа шектеулерін, ең айқын тәуекелдерін анықтап, алдын алғымыз келеді. Осыған орай «Атамекен» ҰКП мен бизнес-омбудсмен екіжақты нәтижелі жұмыс істеуі тиіс», – деді ол.
Жиында кәсіпкерлер Қанат Нұровқа тікелей сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Бұл ретте «Ahi Holding», «Kazpetfood» ЖШС сынды кәсіпорындар жер телімдерін заңдастыруда әкімшілік кедергілерге тап болғанын жеткізсе, «Алатау-құс» АҚ өкілі экологиялық талаптардың тым жоғары екенін алға тартты. Жекеменшік мектеп, балабақша салған кәсіпкерлер қаржыландыру мәселесінде қиындықтар туындағанын айтты. Әрбір сұрақ бойынша тиісті мемлекеттік органдар түсініктеме беріп, шешу жолдарын ұсынды.
«Кездесу көңілімнен толық шықты, әсіресе кәсіпкерлердің қатысуы маңызды болды. Аймақтық мәселелерді республикалық жүйелік деңгейде шешу керек деген үндеуім жауап тапқанына қуаныштымын. Түйгенім, кәсіпкерлерге жасалатын әкімшілік кедергілерді азайту қажет. Лауазымды тұлғаларға қолданыстағы заңнаманы бұзғаны үшін дербес жауапкершілік қарастырылуы керек. Бұл тек атқарушы билікке ғана емес, сот, заң шығарушы органға да енгізілуі тиіс», – деген Қанат Нұров барлық көтерілген мәселені шешуге күш салып, белсенді көмек көрсететінін мәлімдеді.
Ерзат АСЫЛ




