Халықаралық «Travel + Leisure Central Asia» журналының ресми сайты көпшілікке таныстырылды. Шара Алматыдағы «Queen Mountain Resort» демалыс кешенінде ұйымдастырылып, аймақтық туристік медиакеңістіктің жаңа қадамына айналды. Оған кәсіпкерлер, туризм саласының өкілдері мен журналистер қатысты.
«Travel + Leisure» журналының тарихы 1937 жылы Нью-Йоркте «U.S. Camera and Travel» атауымен бастау алған. Бүгінде әлемнің ең беделді саяхат басылымдарының бірі саналады. Америкалық «Dotdash Meredith» компаниясымен стратегиялық әріптестік орнату нәтижесінде өзбекстандық «BHH Media» компаниясы «Travel + Leisure» бренді бойынша Орталық Азияда ресми лицензиат атанды. Жиында алғашқы болып сөз алған «BHH ENTERPRISES» директорлар кеңесінің төрағасы Бехзод Хамзаев бұл жобаның басты мақсаты Орталық Азияның туристік әлеуетін ашу екенін атап өтті.
«Travel + Leisure Central Asia» жобасы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерін қамтиды. Басылымның басты миссиясы – аймақтың мәдениеті мен дәстүрін әлемге танытып, жаңа сапарларға шабыт беру. Журнал мен сайтта бағыт таңдау, сапар ұйымдастыру және саяхат тәжірибесін байытуға арналған пайдалы кеңестер мен эксклюзивті материалдар жарияланады. Осы орайда америкалық беделді «Travel + Leisure» журналы әзірлеген «Қазақстан: Орталық Азияның ашылмаған қазыналары» атты нұсқаулықта еліміздің ең тартымды туристік бағыттары, мәдени нысандары және ұлттық тағамдары сипатталған. Елімізге саяхат жасауды жоспарлаған туристерге түрлі кеңестер, атап айтқанда, виза рәсімдеу жолдары, көлік қатынасы, қонақүй және жергілікті валюта туралы ақпараттар ұсынылған.
Шара барысында «Travel + Leisure Central Asia» журналының бас редакторы Барно Икрамова Орталық Азияның туристік әлеуетін жаһанға танытатын журналдың өңірлік маңызына тоқталып өтті. Қазақстанның көрікті мекендері мен бай мәдениеті әлем оқырмандарын қызықтырғанын айтып, «Travel + Leisure Central Asia» бес елдің туристік әлеуетін біріктіретін платформа екенін жеткізді.
Журналдың бас кеңсесі Ташкент қаласында орналасқан. Редакция құрамында әлемнің әр түкпірінен келген авторлар мен фотографтар еңбек етеді. Қазірдің өзінде басылымның үш нөмірі жарық көріп, оқырмандар мен серіктестер тарапынан жоғары қызығушылық тудырған. Таныстырылым барысында қонақтар өңірлік туристік контентті дамыту бағытындағы идеяларымен бөлісті. Шара еркін форматта өтіп, алдағы бірлескен жобаларға жол ашты.
Құралбек СӘБИТОВ




