Қонаев қаласында «Қапшағай бидай өнімдері» агрокешені жұмысын бастады. 15 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған, өндірістік қуаты жылына 1 миллион тоннадан асатын астық пен майлы дақылдарды терең өңдеуге арналған кәсіпорынның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа зауыттың инновациялық және экспортқа бағдарланған өндірістің үлгісі болатынын атап өтті.
– Көп жылғы тарихы бар «Қапшағай бидай өнімдері» зауыты қайта жаңғыртылып, жаңа серпін алуы ерекше маңызға ие. Алматы облысы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі болып қала береді. Қолайлы географиялық жағдай, дамыған инфрақұрылым және инвесторларды қолдау агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты өсуін қамтамасыз етеді. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытатын жобаларды одан әрі қолдайтын боламыз. Бүгінде облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу – өте өзекті мәселенің бірі. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында осы саладағы зауыттар іске қосылуда. Соның бірі – 40 жылдық тарихы бар «Қапшағай бидай өнімдері» зауыты. Бірақ өндіріс ошағы 25 жылдай жұмыс істемей, ғимараттары бос тұрған. Былтырдан бері отандық және қытайлық инвесторлар оны қайта жаңғыртудан өткізді. Мұнда бидай терең өңделіп, экспортқа шығарылады, – деді Марат Елеусізұлы.
Салтанатты шарада ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі саналатынын айта келіп, «Қапшағай бидай өнімдері» зауытын іске қосу бизнес пен мемлекеттің бір бағытқа бет бұрғанын көрсететінін тілге тиек етті. Мұндай кәсіпорындар жергілікті жерлерде тұрақты экономиканы қалыптастыратынын және агросекторды бәсекеге қабілетті ететінін айтты.
Қытай Халық Республикасынан келген серіктестер зауыттың әлеуеті мен шығаратын өнім түрлері, еңбек ресурсы, әлеуметтік кепілдік жайлы хабардар етті.
Жаңа зауыттың лентасын қию мен қызыл түймені басу арқылы символдық іске қосу және локомотивтің дыбыстық сигналы рәсімінен кейін қонақтар кешеннің өндірістік қуаттылығымен және нысанның макетімен танысты.
Ауыл шаруашылығы саласында Алматы облысындағы екінші ірі кәсіпорын жарқын болашақта астық өңдеу мен отандық өнімді экспорттауды дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады. Толық циклді өндіріске элеватор, ұн, құрама жем және өсімдік майын шығаратын цехтар, шикізат пен дайын өнім қоймалары, зертхана, қазандық, локомотив депосы және асханасы бар әкімшілік корпус кіреді. Аумақта теміржол, тазарту қондырғылары, өрт инфрақұрылымы және екі бақылау-өткізу пункті орналасқан. Технологиялық жабдық ұн мен майдан бастап мал азығына дейін шығаруға мүмкіндік береді. Кешенді құру сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару көлемін ұлғайтып қана қоймай, өңір тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етеді. Зауыт елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтудағы маңызды буын және агроөңдеу саласындағы мемлекет пен бизнестің табысты өзара іс-қимылының үлгісі болады деп күтілуде.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ




