Перейти к содержимому
Главная страница » Жүректерді тербеді

Жүректерді тербеді

     Қай бала да тумысынан дарынды. Тіпті, мүмкіндігі шектеулі жандардың өзі де ерекше қабілетке ие. Тек оларға тиісті қолдау көрсетіп, бойындағы талантын дамытуға жағдай жасау қажет. Осы мақсатта Талғар ауданындағы Үйлестіру кеңесі облыстық әкімдік пен мәслихат, «Amanat» және «Respublika» партиясының қолдауымен «Жүректен жүрекке» атты өнер фестивалін өткізді.

Талғардағы Мәдениет үйіне облыстың 9 ауданы мен Қонаев және Алатау қаласынан мүмкіндігі шектеулі дарынды балалар жиналды. Шара барысында жас суретшілердің көрмесі ұйымдастырылып, олардың туындылары мен қолдан жасалған бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Мәдениет үйінің сахнасында жиырмадан астам бала өз өнерін көрсетті.
Аймақ басшысы атынан облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев қатысушыларды өнер фестивалімен құттықтап, олардың бәріне табыс тіледі.
Бүгінгі фестиваль – тек талантты балалардың мерекесі ғана емес, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың да өз дауысы бар екенін, олардың қоғамға еш қиындықсыз бейімделе алатынын көрсетеді. Облыс басшылығы мүмкіндігі шектеулі балаларға жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын және болашақта бұл фестивальді республикалық деңгейде өткізу бастамасын қолдауға дайын екенін атап өткім келеді, – деді ол.
Мәслихат төрағасының жарқын сөзінен кейін жас дарындарға Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков жылы лебізін арнады. Өтіп жатқан іс-шараның маңыздылығына тоқталған ол, аталған өнер додасына мүмкіндігі шектеулі балалардың қатысуы – үлкен батылдық екенін ерекше атап өтті.
– Бұл – адамдарды біріктіретін және мейірімділіктің, өзара түсіністік пен бірліктің маңыздылығын санамызға сіңіретін тағылымды шара. Достық қарым-қатынас нығая берсін, ал жүректеріңіздің жылуы айналаңызды жылытсын. Бәріңізге бақыт, табыс және бейбіт аспан тілеймін! Бүгінгі «Жүректен жүрекке» фестивалі көптеген қуанышты сәт пен жарқын әсерлер сыйласын! – деді аудан басшысы.
Бұдан кейін фестивальді ұйымдастыруға ғана қатысып қоймай, балалардың шығармашылық жолға түсуіне ықпал еткен жандарды марапаттау рәсімі өтті. Оларға облыс әкімдігі мен мәслихаттың Құрмет грамоталары табысталды.
Өнер фестиваліне барлығы 22 мүмкіндігі шектеулі бала қатысты. «Қорқыт туралы аңыз» әнін орындаған талғарлық Зейнеп Өтегелдінің өнері көрермен көңілінен шықты. Әли Бегалы «Opera 2» және «Over the Rainbow» шығармаларын орындап, өз талантымен көпшілікті тәнті етті. Іле ауданынан келген Мағжан Рауанұлы «Мен қазақпын!» патриоттық әнін айтты. Іс жүзінде барлық қатысушылар ешкімді бейжай қалдырмады.
Фестиваль соңында марапаттау рәсімі өтіп, жас дарындар Мақтау қағазы мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Аудан әкімінің кеңесшісі Марат Жапаровтың айтуынша, фестиваль келер жылдың көктемінде жалғасын табады. Оны республикалық деңгейде ұйымдастырып, болашақта халықаралық деңгейге шығу жоспарланып отыр.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы