Перейти к содержимому
Главная страница » Шекара шебі берік

Шекара шебі берік

   Кеген аудандық әкімдігінің кіші залында үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібінде аудан бойынша «Жол картасы» аясындағы жоспарланған және атқарылған іс-шаралар, мемлекеттік шекараны қорғау бойынша бірлескен жұмыстардың орындалу барысы, шекаралық аймақтардағы жалпы ахуал, сол маңдағы жер учаскелерін пайдалану тәртібі, шекаралық белдеуде иесіз мал жаю мәселелері қаралды.

Отырысқа Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының бірінші орынбасары, штаб бастығы, подполковник Асхат Ахметов, Нарынқол шекара бөлімшесінің бастығы, подполковник Айдос Айтақынов және Қарқара шекара бөлімшесінің бастығы, майор Салауат Ғибрат қатысты.
Жиын барысында Асхат Ахметов шекаралық тәртіпті сақтау бағытында тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейту, шекара белдеуінде бақылауды арттыру туралы ұсыныстарын ортаға салды.
Қатысушылар тарапынан өзекті сұрақтар қойылды. Тұрғындардың шекара аймағында мал жаю тәртібін бұзу жағдайлары, жер телімдерін заңсыз пайдалану секілді мәселелер қозғалды.
Жиында аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев:
– Біз еліміздің шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз. Бұл бағытта барлық мүдделі мемлекеттік органдармен тығыз ынтымақтастық пен үйлесімді өзара іс-қимыл жүргізілуде. Алдағы уақытта бұл ынтымақтастықтың арқасында шекара қауіпсіздігін жаңа сапалық деңгейге көтереміз, – дей келе, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Аудан басшысы, сонымен қатар, шекара аймағындағы тыныштықты сақтау – тек шекара қызметінің емес, барлық тұрғынның ортақ міндеті екенін еске салып, азаматтық жауапкершілікті күшейтуге шақырды.
Жиын барысында шекаралық тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша нақты шешімдер қабылданды.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы