Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Бұл Жарлық елдің ішкі саясатын бір жүйеге келтіретін маңызды стратегиялық құжат ретінде ерекшеленеді.
Бүгінгі таңда елді жүйелі жаңғыртудың жаңа кезеңінде мемлекет алдында ішкі саясат саласына қатысты екі деңгейлі міндет тұр. Оның біріншісі еліміздің ішкі және сыртқы ахуалға тиімді бейімделуін қамтамасыз ету болса, екіншісі – мемлекеттік институттар мен қоғамның жасампаздық бағыттағы өзара іс-қимылының негізгі қағидаттарын айқындау.
Құжатта ұсынылған басты қағидаттар мен құндылықтар мемлекеттік органдардың ішкі саясат саласындағы қызметін ұйымдастырудың маңызды бағдары мен тәсілдерін айқындайды. Байқағандарыңыздай, ішкі саясаттың басты мақсаты – мемлекеттілікті және ел бірлігін нығайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету арқылы елдің дамуына жағдай жасау. Осы мақсатқа жету үшін ішкі саясаттың негізгі қағидаттары ретінде «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» сияқты бағыттар белгіленген. Бұл қағидаттар елдің құқықтық мәдениетін, демократиялық институттарын және азаматтық жауапкершілігін нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар құжатта жалпыұлттық құндылықтар жүйесі бекітілген. Атап айтқанда, тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, еңбекқорлық, кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық сияқты құндылықтар қамтылған. Олар қазақстандық қоғамды біріктіріп, азаматтардың ортақ мақсатқа ұмтылысын арттыруға негізделген.
Құжатта елдің тарихи-мәдени ерекшелігін айқындайтын ұлттық нышандардың тізімі де көрсетілген. Бұған қоса, ішкі саясаттың басым бағыттары ретінде қоғамдық диалогты дамыту, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, мәдени-гуманитарлық және ақпараттық саясатты жетілдіру, отбасылық және жастар саясатын қолдау шаралары белгіленген.
Жалпы алғанда, бұл құжат мемлекеттік органдарға ішкі саясат саласындағы қызметті жүйелі және үйлесімді түрде жүргізу үшін нақты бағдар береді. Яғни ол елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртуға және «Әділетті Қазақстан» идеясын жүзеге асыруға арналған негізгі саяси-идеологиялық тұғырнама ретінде қызмет етеді. Сондықтан бұл құжат еліміздің жаңару кезеңінде ұлттық идеологияның, қоғамдық келісім мен әділеттіліктің негізін айқындайтын стратегиялық бағдарлама ретінде мемлекет пен қоғамның ортақ көзқарасын қалыптастыруға зор үлес қосады деп сенемін.
Шолпан Қасымбаева,
Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының депутаты,
жеке кәсіпкер




